«Көк-Жайлау» курортының құрылысына қызу дайындық басталып кетті: Жоба туралы не белгілі? - kaz.caravan.kz
  • $ 460.37
  • 531.87
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Көк-Жайлау» курортының құрылысына қызу дайындық басталып кетті: Жоба туралы не белгілі?

«Көк-Жайлау» курортының құрылысына қызу дайындық басталып кетті: Жоба туралы не белгілі?

Таудағы үлкен құрылыс қашан басталады?

  • 8 Сәуiр
  • 209
Фото: Сая Талипова/Caravan.kz

Caravan.kz медиа порталының тілшісі толық тарқатады. 

Көк-Жайлау шатқалында тау курортын салуға қызу дайындық басталып кеткен көрінеді. Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы Ecoportal.kz порталында жоспарланып отырған қызмет туралы мәлімдеме мен оған қатысты құжаттарды жариялады. Айта кету керек, жоба алдыңғы нұсқалармен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды және Almaty Superski деп аталады. 

Фото: Сая Талипова/Caravan.kz

Қандай нысандар салынбақ? 

Жарияланған құжаттарға сәйкес, шатқалда жыл он екі ай жұмыс істейтін туристік кластер құру көзделген. Курорттың аумағы 2865 гектарды қамтиды, оның ішінде Іле-Алатауы ұлттық паркінің шекарасындағы аймақтар да бар. Күніне 15 мың адам қабылдай алады.

Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың шілдесінен 2028 жылдың желтоқсанына дейін жоспарланған. Нысанды пайдалануға беру 2029 жылға белгіленіп отыр. 

Курорт аумағында салынатын нысандар: 

  • ұзындығы 60–65 км болатын шаңғы трассалары;
  • 16 көтергіш (подъемник);
  • Медеуден тартылатын аспалы жол;
  • өрт сөндіру депосы;
  • қонақ үйлер, апартаменттер мен шале үйлері бар курорттық орталық және туристік ауылдар;
  • мейрамханалар (соның ішінде 3000 метр биіктіктегі панорамалық нысан);
  • SPA және коммерциялық инфрақұрылым;
  • жазғы бағыттарды қоса алғанда, жыл бойы жұмыс істейтін ойын-сауық нысандары.

Жасанды қар және су ресурстары 

Жасанды қар жүйесін қамтамасыз ету үшін үш су қоймасын салу және Казачка өзенінен су алу жоспарланған. Құжаттарға сәйкес, 90,7 гектар аумақты қармен жабу қажет болады. Осы мақсатта курорт аумағында 500-ден астам қар генераторы орнатылады.

Бұл жылына шамамен 355 мың текше метр су тұтынуды талап етеді. Курорттың ең жоғары су тұтыну көлемі тәулігіне 2700 текше метрге дейін жетуі мүмкін.

Жаңа жобаның ерекшелігі неде

Құжаттарда жобаның параметрлері алдыңғы нұсқалармен салыстырғанда қайта қаралғаны айтылған. Өзгерістер мыналарды қамтиды:

  • трассалардың орналасуы өзгереді, яғни ұзындығы қысқарып, ені кеңейеді;
  • инфрақұрылым көлемі мен құрылыс тығыздығы артады;
  • жасанды қар көлемі ұлғаяды;
  • курорт жыл бойы және іс жүзінде тәулік бойы жұмыс істейтін форматқа көшеді;
  • келушілер саны көбейеді.

Сонымен қатар экологиялық жүктеме де айтарлықтай өседі. Пайдалану кезеңіндегі шығарындылар жылына 19 тоннадан 105 тоннаға дейін ұлғаяды. Ал құрылыс барысында бұл көрсеткіш 53 тоннадан шамамен 500 тоннаға дейін жетуі мүмкін. 

Аумақтың табиғи тәуекелдері

Жоба құжаттарында табиғи қауіптер де ескерілген. Мәселен, трассалардың 50 пайызы қар көшкіні қаупі бар аймақтарда орналасады. Аумақтың кей бөліктері сел жүру қаупіне бейім. Бұған қоса, бұл өңірде сейсмикалық жарық бар.

Осы тәуекелдерді азайту үшін қар ұстайтын жүйелер орнату, қар көшкінін жасанды түрде түсіру, сондай-ақ трассалар мен инфрақұрылымды инженерлік тұрғыдан қорғау шаралары қарастырылған.

Қоршаған ортаға әсері

Жобалаушылардың мәліметінше, құрылыс және пайдалану барысында шалғын алқаптар, бұталы жерлер және жасанды орман екпелері игеріледі. Атап айтқанда, ағаштарды кесу немесе басқа жерге көшіру жоспарланған. Оның ішінде сирек кездесетін түрлер де бар, мысалы, Сиверс алмасы.

Жануарлар дүниесіне келсек, кейбір түрлері курорт аумағынан ығыстырылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Іле-Алатауы ұлттық паркінің орман экожүйесінің өзгеруіне алып келуі ықтимал.

Сонымен қатар құжатта экологиялық әсерді азайтуға бағытталған бірқатар шаралар көрсетілген. Атап айтқанда, топырақтың, судың, ауаның, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу ұсынылады. Бұл бақылау құрылыс кезеңінде де, нысан пайдалануға берілгеннен кейін кемінде 5 жыл бойы жалғасуы тиіс.

Құрылыс басталғанға дейін бастапқы экологиялық жағдайды анықтау үшін «нөлдік зерттеулер» жүргізу жоспарланған. Бұл кейінгі өзгерістерді салыстыруға мүмкіндік береді. Егер көрсеткіштер нашарлаған жағдайда, жоба операторы тиісті шаралар қабылдауға немесе мәселені қоғамдық талқылауға шығара отырып, шешу жоспарын ұсынуға міндетті болады.

Сондай-ақ жануарлардың қозғалысын бақылау үшін фототұзақтар орнату, өтемдік ағаш отырғызу, табиғи кешендердің сақталған бөліктерін қорғау және құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу көзделген. Жоба аясында нысандардың орналасуын өзгертуге жол берілмейтіні де атап өтіледі.

Бұдан бөлек, халықтың барлық санаттарына арналған бағдарламалар әзірлеу және ұлттық парк аумағына азаматтардың еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету ұсынылған.