Көкшетауда адам қағып, қашып кеткен жүргізуші жазаланбай жүр
|
Көкшетауда көлік қағып, жарымжан болып қалған жергілікті қолөнерші әділдік таппай жүр. Оқиға осыдан жарты жыл бұрын болған. Жол жиегінде тұрған жігіт ағасын қатты жылдамдықпен келген көлік қағып, тоқтамастан өте шығыпты. Қансырап жатып қалған жәбірленуші содан 2 айдай аурухана төсегіне таңылып, ақыры 1-ші топтағы мүгедек болып қалды. Кінәлі жүргізуші де көп ұзамай анықталған сияқты еді. Алайда іс сол күйі аяқсыз қалған.
Сол күні Еркешті белгісіз біреу мына жолдың үстінде көлігімен қағып кеткен. Жол үстінде адам соққанын көре тұра жүргізуші сол орыннан тайып тұрады. Оны мына көрші көпқабатты үйдің балконында тұрған екі азамат байқап қалып, жедел жәрдем шақырған.
Бірақ оқыс оқиғаға куәгер болғандардың тергеуде көмегі тимеді. Еркеш Мәкеновты қағып кеткен жүргізушіге қатысты іс бір ашылып, бір жабылады. Ал ауруханада 2 ай жатқан шиттей 6 баланың әкесі мүгедек болып, төсекке таңылды. Жарымжан боп қалған қолөнерші жүргізуші кешірім сұрауға да жарамады деп налиды.
Еркеш Макенов, Бірінші топтағы мүгедек:
- Бір рет те жолыққан жоқ. Менің мына жатысым біреудің мысығы құрлы болмады. Біреудің мысығын соғып кетсе, содан кешірім сұрайды.
Оқиғаға себепкер Фарид Бектеміров сол күні машинасын гаражға жасырып, көлігімді біреулер айдап кетті деп іздеуге берген. Ал өзі басқасын сатып алған көрінеді.
Бахыт Макенова, зардап шегушінің апасы:
- Кісіні соғып орта жолда шалажансар не тірі, не өлі емес тастап кеткен, екінші машинаға келесі күні отыра салып, басқа машина сатып алып жүру деген білмеймін біздің республика ешқандай заңның жоқтығы, кімнің атына бұл заңды шығарғаны белгісіз.
Кешікпей Фарид Бектеміров жасырған көлігімен адам қаққаны әшкере болды. Бірақ тәртіп сақшылары оның кінәсі жоқ екендігін айтып, тек мойын омыртқасы, аяқ-қолы сынған ес-түссіз адамды жол үстінде тастап кеткені үшін жазалайтын боп шешкен.
Еркін Уәлиев, Көкшетау қалалық ІІБ бөлім бастығы:
- Біріншіден зардап шеккен жаяу жүргінші мас болған, ондай медициналық анықтама бар. Автотехникалық зерттеу жүргізілгенде жүргізушінің оны қаққаннан басқа амалы болмағандығы анықталды. Сондықтан, жүргізушінің кінәсі жоқ деп таптық. Ал тастап кеткені үшін ол әлі жауап береді.
6 ай өтсе де ол әлі заң алдында жауап берген жоқ. Аяқ қолынан жан кетіп, төсек тартып жатқан азамат 6 баласының күнкөрісі қиындағанын айтып налиды. Қазір, солай жатып, ауызша болсын балаларына қолөнердің қыр-сырын үйретуге тырысып жатыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін