Ақмола облыстық ауруханасында Астанадан келген нейрохирургтер шеберлік сыныбын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шеберлік сыныбы барысында Астанадағы нейрохирургия ғылыми орталығының функционалды нейрохирургия жəне қан тамырлары бөлімшесінің дәрігер-нейрохирургі Асылбек Қалиев мидың эндоваскулярлі эмболизация аневризмі бойынша 5 ота жасады. Алғашқы күні инсульт орталығына түскен 4 адамның басындағы қанды тоқтату бойынша күрделі ота жасаса, келесі күні 17 жастағы науқас жеткізілді.
Бұланды ауданынан жеткізілген науқасты көрген дәрігер «бойжеткеннің басы аман, қатты құлағаннан есінен танып қалды» деген шешімге келді.
Асылбек Қалиевтің айтуынша, бұдан былай нейрохирургтер заманауи технология бойынша эндоваскулярлық әдіспен адамның бас сүйегін бұрынғыдай ашпай-ақ, пышақсыз ота жасай беретін болады.
«Бұл әдіспен адамның ми қантамырларына ота жасау үшін бір кішкене тесік қана жеткілікті. Сол арқылы арнайы құралдар енгізіліп, баста пайда болған артериалды аневризм жабылады. Бұл кейін науқастың тез сауығып кетуіне де оң әсерін тигізеді», — дейді Асылбек Қалиев.