Бұл базардан бір айдан бері береке кеткен. Төлемді уақытылы өткізіп жүрген кәсіпкерлер салықшылардың озбырлығына енді шыдамаймыз деп отыр. Айтуларынша салық қызметкерлері олардың саудасына араласып, ақшаны бірлесіп санайтын болыпты. Еркінсіп кеткендері сонша, тіпті тұтынушылардың да зәре құтын қашырып, базарда ерекше «режим» орнатамыз деп қоқаңдай бастаған.
Тіпті базарға ет әкеліп өткізетіндер де өз өнімінің 10 пайызын салықшыларға санап беруге мәжбүр. Бұған шыдамаған кәсіпкерлер құзырлы орындарға шағым түсірген.
Жанат Мұқанов:
— Мен ақша алайын дегенде Жәке бері келші дейді. Анау ненің астынан кіріп, еңкейіп санап көрсетеді, астынан беріп жатыр. Айтады әне- салықшы, ақшасыз қаласың дейді. 10 пайызыңды ұстайды дейді. Қандай 10 пайыз деймін. Біз ендігәрі мұнда ет әкелмейміз.
Қазір Орталық базарға ет өткізуден бас тартып, кері бұрылып кетіп жатқандар көп. Олар салықшылар сұғанақтығын қоймаса, күн көріп отырған кәсібімізден айырыламыз деп қауіптенеді. Ал базарды басыбайлы мекемелеріне айналдырып алған салық қызметкерлері мұның бәрі қып-қызыл жала деген пікірде.
Әділбек Бейсенбаев, Ақмола облыстық салық департаментінің басқарма басшысы:
— Ет сатушылардың табысын есептейміз. Заңсыз ештеңе істеп жатқан жоқпыз. Салық Заңы бойынша жеке кәсіпкерлердің өзі салық агенті болып саналады. Сондықтан салық жайнап беруге міндетті. Ал біз қоқан- лоққы шығарып, «режим» орнатты дегендері бекер.
Ал базар қожайындары салықшылардың заңсыздығын айтуға қорқады екен. Көпшілік бұл мәселені біржола шешу үшін енді Астанаға барып шағымданғалы отыр. Өйткені жергілікті шенділерден олар әлдеқашан күдер үзген.