Көкшетау қаласы түбіндегі Красный Яр ауылында колледж мұғалімі көлікпен жасөспірімді қағып кетті. Белгілі болғандай, педагог бұрын да жол жүру ережесін бұзған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мазда" көлігінің жүргізушісі көшемен келе жатып, Нұрлы көш ауылына қарай бет алады. Ол жол шетінде келе жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен", — деп мәлімет берді Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлнара Пинчук.
Жаяу жүргінші – жасөспірім, Төтенше жағдайлар комитеті колледжінің студенті. Ол Ақмола облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
"Жүргізуші — Красный Яр ауылындағы колледждің оқытушысы. Мас болған. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды", — деді Пинчук.
Айта кетсек, бұл мұғалім осындай жайтқа бірінші рет тап болып отырған жоқ. 2018 жылы екі рет жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.