Caravan Logo

Көкшетауда полицей оттың ортасынан 4 бала мен олардың анасын алып шықты

Көкшетауда полицей оттың ортасынан 4 бала мен олардың анасын алып шықты

Кіре берістен басталған от лезде күш алғанда Гүлбану не істерін білмей, абдырап қалған. Жалғызбасты әйел жанұшыра балаларын алып, сыртқа ұмтылғаныммен шыға алмапты. Сөйтіп терезеден жанұшыра айғайлап көмек сұраған.

Гүлбану Смағұлова, көпбалалы ана:

-Балаларымды құтқаруды ғана ойладым. Есім шығып терезені сындыра алсамшы. Үйде ересек ұлым жоқ еді. Қайта сырттан бір жас жігіт келіп терезені сындырып, үйге секіріп кірді де шығарды.

Терезеден секіріп кірген жігіт 23 жастағы кіші сержант Данияр Аманжол. Ол жанталасып алдымен далаға балаларды шығарыпты. Осы кезде анасы айғайлап тағы бір қызының ұйықтап жатқанын айтқан. Үй маңындағы жол жөндеушілерден бетперде алған азамат қызды іздеуге кіріседі.

Данияр Аманжол, полиция сержанты:

-Терезеден бірінші балаларды көріп қалдым. Терезені сындырып, алдымен 3 жастағы биттей қызды шығардым. Мамасы шықты артынан шашы күйіп жатыр екен, оны шапалақпен сөндірдім. Бәрі  осылай істеуші еді деп ойлаймын.

Іште қалған қызды ес түзсіз күйде жедел жәрдем алып кетті. Ал тілсіз жау жер үйдегі дүние мүліктің бәрін жалмаған. Қазір Гүлбану 7 баласымен пәтер жалдап тұрып жатыр. Тек ұл-қыздарының аман қалғанына шүкіршілік етіп, құтқарушысына шексіз алғысын білдіруде.


Тілсіз жаумен алысып, балаларды құтқарам деп жүріп Ішкі істер департаментінің уақытша қамау абақтысында қызмет ететін Данияр қызметтік және басқа құжаттарынан жоғалтып алған. Басшылығы енді куәліктерін қайта жасап беріп қана қоймай, марапаттауды ойластырып отыр. 

Loading...