Аталмыш оқиға облыстық жол полициясы басқармасын ғимаратының қарсы алдындағы мына жол қиылысында орын алды. Жолдың қарсы бағытына жүгіріп бара жатқан жаяу жүргіншіні оң жақтан келе жатқан көлік қағып, артынан оқиға орнынан қашып кеткен. Былтырғы тамыз айында орын алған бұл жағдайды сол жол қиылысындағы бейнеқондырғыдан көруге болады. Жігітті қағып кеткен көлік, он метр жерде барып сәл аялдағанымен, көп ұзамай оқиға орнынан кетіп қалған. Жол ортасында ес-түссіз жатқан адамды көрген басқа көліктегілер полиция шақырып, оны ауруханаға жеткізіпті.
Владимир Фомин, зардап шеккен жігіттің әкесі:
-Бір ай бойы ес-түссіз, жан сақтау бөлімінде жатты. Қазір өзі бірге жұмыс істеген адамдарды, тіпті туыстарын танымайды. Сөзі де түсініксіз. Баламды кемтар қылған адам жазасын алуы тиіс. Ол баламды оқиға орнында тастап кеткенімен қоймай, өлім мен өмір арасында жатқан кезде, маған “көлігімді кім жөндейді?” деді. Бұл сұмдық емес пе?
Жол апатына ұшырағанға дейін Павел жекеменшік фирмадағы қаржы бөлімінде қызметкер болыпты. Қазір оның жұмыс істеуге денсаулығы жарамсыз. Дәрігерлер қойған диагноз бойынша, оның миы шайқалып, зақым келген. Ал әкесінің айтуынша, оны емдету үшін көп қаражат керек. Бұл іспен айналысып жүрген Павелдің қорғаушысы заң органдарының бұл қарекетсіздігі түсініксіз дейді.
Әлібек Сәбитов, қорғаушы:
— Көліктің жылдамдығын анықтау үшін автотехникалық сараптама сол күйі жасалмады. Куәгерлерден жауап алу жөнінде жасаған ұсыныстарымыз да аяқсыз қалды. Жүргізушіге сол күйі іс қозғалған жоқ. Ол оқиға болған жерді тастап, қашып кетті ғой, ол неге ескерілмеді?
Ал аталмыш көліктің рөлінде болған көкшетаулық кәсіпкер- Сәкен Тәңірқұлов болса, “бұл жағдайға менің еш кінәм жоқ, зрдап шеккен азамат бағдаршамның қызыл түсіне өтіп бара жатқан” дейді. Ал оқиға орнынан қашып кеткенін былай түсіндірді.
Сәкен Тәңірқұлов, кәсіпкер:
— Кетіп қалғаным, оған денсаулығым мүмкіндік бермеді. Өзім есімнен танып қалдым ғой.
-Қалай онда кеттіңіз?
-Сосын есімді жидым.
Бұл оқиғаға қатысты Ақмола облыстық ішкі істер департаментіне осыдан 2 күн бұрын хабарласқанымызбен, әзірге жауап жоқ.