Көктем келе жатыр. Су тасқыны болмауы үшін қандай шаралар жасалуы тиіс - kaz.caravan.kz
  • $ 519.61
  • 610.13
+1 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көктем келе жатыр. Су тасқыны болмауы үшін қандай шаралар жасалуы тиіс

Көктем келе жатыр. Су тасқыны болмауы үшін қандай шаралар жасалуы тиіс

Төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр.

  • 6 Қаңтар
  • 21
Фото: ТЖМ

Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында осы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Сұхбатта былтырғы жылға қорытынды және биылғы жылда жасалуы тиіс жұмыстар, жоспарлар жайында айтылған. Соның ішінде су тасқыны, су шаруашылығы бойынша жасалуы тиіс жұмыстар жайлы да айтқан.

Су тасқыны былтырғы жылдың зор сынағы, Қазақстан тарихында мұндай алапат су тасқыны бұрын-соңды болмағанын тілге тиек етіпті. О баста аяқ асты алапат су келгенде мемлекеттің абдырап қалғаны рас. Су тасқыны сәтінде 63 мыңнан астам адам жұмыла отырып, жұмыс атқарған. Оның ішінде Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі мен ТЖМ өкілдері, еріктілер және басқалар бар дегендей. Су тасқынынан зардап шеккен жандар мен аймақтарға көмектесу, қалпына келтіру әлі жалғасып жатыр. Жолдарды салу, электр бағаналарын көтеру, баспана салу, шығындарды өтеу дегендей.

Су тасқынының салдарымен ғана күреспей, себебімен де күресу жұмыстары жүріп жатыр дейді Президент.

«Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік. Су тасқыны кезінде волонтерлер қозғалысының әлеуеті зор екенін көрдік. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер құтқарушыларға жәрдемдесті, гуманитарлық көмек ұйымдастырып, зардап шеккендерге қолдау көрсетті. 
Қарғын судың қарқыны шынымен де қатты болды: үйлер, жолдар, көпірлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар бүлінді, біраз мал қырылды. Бөгеттер мен гидротехникалық қондырғылар салуға ондаған жыл бойы жете көңіл бөлінгенде, апаттың салдары соншалықты ауыр болмас еді. Мұны мойындау керек. Қазір қателікті түзеп, олқылықтың орнын толтыруға кірістік», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Парламентте Су кодексі қаралып жатыр. Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы мен оның кешенді жоспары бекітілген. Ол бойынша 2030-ға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Одан бөлек 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды жаңғырту көзделіп отыр екен. Су деген Орталық Азия үшін ең басты құндылыққа айналып келеді. Су тасқынынан да, су тапшылығынан да сақтану үшін суды сақтайтын, ұстап тұратын каналдар қажет. Су топыраққа сіңіп кетпеу үшін су арналары керек. Жоғарыда айтылғандар іске асса, осы міндеттерді біршама реттер еді.

Орталық Азияда өзі бес мемлекет бар. Соның ішінде үшеуі суға жарымаған. Ол Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан.

«Қырғызстан мен Тәжікстанда су көп. Бес ел осы су мәселесінде келісіп жүр. Арғы жақта Ауғанстан тұр. Соңғы жылдары билігі ауысса да, су көздері ешқайда ауысып кетпейді. Олармен қарым-қатынас жасаудың да бір себебіміз осы су мәселесімен байланысты негізі. Суды үнемдеу үшін де су арналары, арықтар, каналдар керек. БҰҰ болашақта су тапшылығы күшейе беретінін айтумен келеді. Сұхбаттағы айтылған суға қатысты жұмыстар осы факторлармен тікелей байланысты деп ойлаймын», — деді сарапшы Асхат Қасенғали.

Төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар басталды. Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыс­тарын жандандыру үшін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Қазір су мамандары да бізде аз. Аталмыш университет сол су саласындағы мамандарды дайындаумен айналысатын болады. Мамансыз ештеңе істей алмаймыз. Тамшылатып суарудан бастап, канал салу, суды өзге арнаға дұрыс бағыттауға дейін арнайы маман керек.

Былтыр желтоқсан айының басында Сауд Арабиясында One Water Summit атты басқосу өтті. Қазақстан мен Франция төрағалық еткен осы алқалы жиынға Мемлекет басшысы қатысты. Онда суға байланысты апаттарға төтеп беру мүмкіндігін арттыру қажеттігіне арнайы тоқталды. Шын мәнінде, халықаралық қауымдастық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін бірлесе әрекет етуі керек. Қазақстан осы мәселеге басымдық береді. 

Мемлекет басшысы көктемгі су тасқынының салдарын жою үшін қабылданған шаралар мемлекеттің тиімді жұмыс істей алатынын көрсеткенін атап өтті.

«Зардап шеккен бір де бір отбасы көмек-қолдаусыз қалған жоқ. Үй салынды, пәтер берілді, инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілді, қарғын судан зардап шеккен барша тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығыны өтелді. Мұның бәрі өте қысқа мерзім ішінде жасалды. Су тасқынының салдарын жоюға ірі бизнес өкілдері де елеулі үлес қосты. Бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары көбейіп тұр. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады. Біз бұған 2024 жылы да анық көз жеткіздік. Әрине, әлі көп жұмыс істеу қажет екені сөзсіз. Дегенмен төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Перейти к новостям спорта