Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қолданыстағы Конституцияны сынға алудың қажеті жоқ екенін айтты.
«1995 жылғы Конституцияда мемлекеттік билікті нығайтуға басымдық берілді. Сол заманның биігінен қарағанда, бұл орынды еді. Өйткені Тәуелсіздіктің елең-алаңында заң шығару қызметін қамтамасыз ету қажет болды.
Қолданыстағы Конституцияны сынға алудың қажеті жоқ. Өйткені бұл құжат мемлекетіміздің іргесін бекемдеуге оң ықпал етті.
Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше тарихи еңбегін ұмытпағанымыз ләзім.
Қазіргі қоғам өмірінде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидаттың өзектілігі артты. Сондықтан жаңа Конституцияның бойынан осы ұстаным анық аңғарылады.
Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға 30 баптан тұратын ең үлкен бөлімнің арналуы тегін емес. Бұл – Ата заңның шамамен үштен бірі. Салыстырмалы түрде айтсақ, Президент туралы бөлім небәрі 10 баптан тұрады.
Азаматтарымыздың құқығына қатысты көптеген нормаға жаңа мазмұн беріліп, мән-маңызы арта түсті. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын, отбасылық және адами құндылықтарды көздің қарашығындай сақтайтынымызды Ата заң деңгейінде айқындадық.
Бұл – халқымыздың ажырамас құқығы. Ешбір саясаткердің, иә болмаса қоғам белсендісінің, шетелдік немесе отандық үкіметтік емес ұйымның ешқашан бұған күмән келтіруіне, сынап-мінеуіне қақысы жоқ. Оған жол бермейміз.
Халқымыздың басым бөлігі отбасын қолдау бағытындағы мемлекеттік саясатты құптайды. Өйткені отбасы дегеніміз – ұлттың жаңа қасиетін қалыптастырып, адал азаматты тәрбиелеп шығаратын алтын ұя.
Азаматтарымыздың мүддесін қорғау – ең маңызды мемлекеттік міндет. Сайып келгенде, бұл егемендігімізге, ұлтымыздың баянды болашағына қатысты мәселе», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.