Жарияланды: 220

Көлік жасаймыз деп өзімізді алдамай-ақ қояйықшы - Құлыбаев

Көлік жасаймыз деп өзімізді алдамай-ақ қояйықшы - Құлыбаев Сурет - today.kz

«Атамекен» ҰКП президиум төрағасы Тимур Құлыбаев «көлік құрастыруға» малданбай, нағыз «көлік жасауға» үндеп отыр. Оның айтуынша, өзімізде көлік бөлшектерін шығаратын өндірістер бар.

Солардың жұмысын жандандыру қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шыны керек, қазір елімізге көлік бөлшектері жеткізілгеннен кейін біз өзімізді алдай бастаймыз. Электрэнергияны, теміржол шығындарын, коммуналдық төлемдер мен жұмысшылардың жалақысын санаймыз да, міне, мынау біздің локализациямыз (қазақстандық қамту - авт.) дейміз. Пайыздық көрсеткішін де көрсетіп қоямыз. Жоқ, бұл локализация емес. Ол үшін көлік бөлшектерін өзіміз шығаруымыз қажет», - деді Құлыбаев бүгін президиумның кеңейтілген отырысында. Осы орайда ұйым жетекшісі Өзбекстанның көлік өндірісін мысалға келтірді. Бүгінде ол жақта шыны да, пластмасс та, қажетті бөлшектер де жасалады. Нағыз локализация осы.

«Бізде локализация емес, көлік құрастыру ғана. Соған қарамай, машина жасау саламыз өсіп жатыр деп, деп өзімізді жұбатып отырамыз», - деп атап көрсетті президиум басшысы.

Бұдан бөлек, Палата басшысы ауыл шаруашылығы теxникасының локализациясын арттыру қажет деп санайды.

«Қазір аймақтарды аралағанда әрбір әкім комбайн шығарамын деп мақтанады. Бір жерге барсаң, бір модельді көрсетеді, екінші жерде тағы бір модель, үшіншісі де өз моделін шығарады. Базалық бір модельді шығарсақ та, жетпей ме? Біреуін таңдайық. Сосын оның қосымша бөлшектерін шығарайық. Қызмет көрсету орталықтарын ашайық», - деді Тимур Асқарұлы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін