Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Айыппұлдардың өсуі – айлық есептік көрсеткіштің өсімімен түсіндіріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған үш жылдық республикалық бюджетке сәйкес, келесі жылы 1 АЕК көлемі – 4325 теңгені құрап отыр.
АЕК – айыппұлдар, салықтар және әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеудің негізгі қаржылық базасы. Сондықтан оның өсуі көпшілік үшін тікелей шығындардың артуына әсер етеді. Әсіресе жол жүру ережелерін бұзатын жүргізушілер қомақты айыппұл төлеуге дайын болуы тиіс.
Жылдамдықты асырғаны үшін айыппұлдар қалай өзгереді?
2026 жылдан бастап жылдамдық режимін бұзғаны үшін төмендегі жаңа мөлшерлер күшіне енеді:
• 10-20 км/сағ артық жүрсе – 5 АЕК немесе 21 625 теңге;
• 20-40 км/сағ – 10 АЕК немесе 43 250 теңге;
• 40-60 км/сағ – 20 АЕК немесе 86 500 теңге;
• 60 км/сағ және одан да жоғары – 40 АЕК немесе 173 000 теңге төлейсіз.
Жүргізушілер үшін бұл – ең жиі тіркелетін бұзушылықтардың бірі. Сондықтан айыппұл сомасының өзгеруі жолдағы тәртіпті жақсарту тетігі ретінде қарастырылып отыр.
5 АЕК көлеміндегі айыппұл салынатын жағдайлар қандай?
2026 жылы 21 625 теңге болатын бұл айыппұл мына жағдайларда белгіленеді. Соның бірі жүргізуші куәлігін немесе сақтандыру құжатын өзімен бірге алып жүрмеу. Қауіпсіздік белдігін тақпай, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалансаңыз да айыппұл салынады. Сондай-ақ жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзып, техникалық байқаудан өтпеген көлікті басқару да осы санатқа жатады.
10 АЕК айыппұлы қандай құқықбұзушылықтар үшін салынады?
Ал 43 250 теңге көлеміндегі айыппұл тіркеу нөмірлерінсіз көлік басқару, дұрыс емес жерде тоқтау немесе көлікті қою және кері жүруге тыйым салынған аймақта манёвр жасау жағдайында салынады. Сондай-ақ қызыл түске өтіп кету немесе реттеушінің бұйрығын орындамасаңыз да айыппұл арқалайсыз.
15 АЕК – орта деңгейдегі ережебұзушылықтар үшін қолданылатын жаза
Келесі жылы 64 875 теңге болатын айыппұлдар мына жағдайда салынады: басымдыққа ие көлікке жол бермеу, тротуармен, жаяу жүргінші жолымен немесе жол жиегімен жүру, тежегіш, рөл немесе тіркеу құрылғылары ақауы бар көлікті басқару және рұқсатсыз қайта жабдықталған автокөлікті жүргізу кезінде салынады.
Жауапкершілігі жоғары бұзушылықтар үшін айыппұлдар
Ауыр салдарға әкелетін ережебұзушылықтар үшін айыппұлдар да айтарлықтай өседі. Мысалы, жолға, көлікке немесе мүлікке зиян келтіру – 86 500 теңге, полицейдің тоқтау талабын орындамау – 129 750 теңге болып отыр. Қолдан жасалған немесе жалған нөмірмен жүрсеңіз – 86 500 теңге, жол-көлік оқиғасы орнын тастап кетсеңіз – 216 250 теңгені арқалайсыз.
Айыппұлдардың өсуі нені білдіреді?
АЕК-тің көтерілуі жол қауіпсіздігін арттыру және әкімшілік тәртіпті нығайту мақсатында жасалған қадам деп бағаланады. Сарапшылардың айтуынша, айыппұл мөлшерінің артуы жүргізушілерді ережені жиі бұзудан сақтандырып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.