2024-2025 оқу жылында техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарына түскендердің жалпы санының 73%-ы бюджеттік бөлімге қабылданған. Бұл — кем дегенде 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Сәйкесінше үлесі осы аталған уақыт аралығында үнемі өсіп отырған және нәтижесінде 30 пайызға артты. Басқаша айтқанда, 2011-2012 оқу жылынан бері колледжге ақысыз оқуға түсу мүмкіндігі 1,7 есеге өскен. Бұрын тек бес студенттің үшеуі ғана тегін оқуға түсе алса, қазір төртеуінен үшеуі осы мүмкіндікке ие бола алады.
Жалпы алғанда, байқалып отырған динамика мемлекеттік саясаттың сұранысқа ие техникалық және кәсіби мамандықтар бойынша жастарды тегін біліммен қамтуды арттыруға бағытталғанын растайды.
Алайда соңғы кездері жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру қажеттігі туралы көп айтылып жатса да, мемлекет өз тапсырысын бөлу кезінде бұл мәселеге толық назар аударады деп айтуға келмейді. Мысалға, 2024-2025 оқу жылында колледждерде бюджеттік бөлімге түскен студенттердің 43%-ы классикалық түсінікте болар-болмас мәнде ғана жұмысшы мамандықтарына жататын мамандықтарға түскен. Сөз төмендегі мамандықтар жайлы:
— «Білім беру» (13%);
— «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (12%);
— «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» (8%);
— «Бизнес, басқару және құқық» (5%);
— «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» (4%).
Алайда, мемлекет колледждерде тегін білім алуға қол жеткізуді жеңілдетуге қанша тырысса да, жастар арасында колледждерге деген қызығушылық артпай отыр. Бұған дәлел — ағымдағы оқу жылында 9-сыныпты бітірген мектеп түлектерінің 37%-ы, ал 11-сыныпты бітіргендердің 30%-ы колледжде оқуын жалғастыруға шешім қабылдағаны. 2016-2017 оқу жылымен салыстырғанда (оған дейінгі статистикалық деректер ашық дереккөздерде жоқ) көрсеткіштер, сәйкесінше, 3% және 15% төмендеген.
Дегенмен, бұл есептеулерде аздаған қателіктер болуы мүмкін екенін ескеру керек. Біріншіден, колледждерге 9-сынып пен 11-сыныптан кейін түскендердің жалпы саны өткен жылдардағы түлектерді де қамтиды. Екіншіден, 9-сынып және 11-сынып түлектері деп өткен оқу жылының басында осы сыныптарда оқыған оқушылар есептелінеді. Есептеулердің жуық мәні статистикалық деректерді ұсыну форматына байланысты.
Ал университеттерге деген қызығушылық, керісінше, артып келеді. 2016/2017 оқу жылынан бері 11-сынып түлектерінің университеттерге түсу үлесі 3 п.т. өсіп, 73%-ға жеткен (мұнда да есептеулер белгілі бір дәрежеде жуық мәнде). Бұл орайда, бюджеттік бөлімге түсу мүмкіндігі әлдеқайда төмен екендігін атап өткен жөн. Алайда, әділдік үшін айту керек, ол да артып келеді.