Қара түтін халықтың қас жауы. Смогтан шаршаған мегаполис билігі нақты шараларға көшті. Енді тек түсіндіру мен ескерту ғана емес, нақты жазалау тетіктері іске қосылады. Алматының ауасы тазарады ма? Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап білді.
2026 жылдың 30 желтоқсанынан бастап Алматыда қатты отын (көмір, отын) мен сұйық отынды (мазут, дизель) жағуға ресми түрде тыйым салынады. Бұл тыйым газ баллондарын пайдалануға да қатысты.
Тыйым салынатын аймақ
Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, егер нысан немесе тұрғын үй газ желісіне қосылған болса, басқа кез келген отын түрін пайдалану заңсыз деп танылады. Бұдан былай «менде газ жоқ» деген сылтау қабылданбайды.
Әкімдік дерегіне сәйкес, жекеменшік секторды қоса алғанда қаладағы газдандыру деңгейі 99,6% жеткен. Яғни енгізілетін шектеу іс жүзінде қаланың бүкіл аумағына таралады. Бұл талап жекеменшік үйлерге де қатысты.
Мәселе ереженің 52-тармағы туралы.
Маңызды: норма тек газдандырылған аудандарға ғана қолданылады.
Газ бар жағдайда аталмыш құжат қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салады:
- жеке тұрғын үйлерде;
- моншаларда;
- көпқабатты үйлерді жылытатын жеке қазандықтарда.
Жалғыз ерекшелік — төтенше жағдай режимі. Яғни газ немесе электр энергиясы апатты түрде өшкен жағдайда резервтік жылу көздерін пайдалану өмірлік қажеттілік ретінде рұқсат етіледі.
«Дұрыс емес түтін» үшін айыппұлдар
Экологиялық талаптарды бұзу қымбатқа түседі.
- Жеке тұлғалар (жеке үйлер) — 43 250 теңге (10 АЕК)
- Шағын бизнес (монша, кәуапхана, донер) — 64 875 теңге (15 АЕК)
- Ірі бизнес — 432 500 теңге (100 АЕК)
- Шенеуніктер — егер әкімдік өкілі заңсыз жағуға рұқсат берсе, 108 125 теңге айыппұл салынады.
Қағаздағы тыйым оңай, ал мыңдаған үйді қалай тексереді?
Қалада бірнеше бақылау механизмі қатар жұмыс істейді.
Датчиктер. Жекеменшік секторда жүздеген ауа сапасын өлшейтін датчик орнатылған. Егер көрсеткіштерде қалыптан тыс күрт өсім байқалса, сол мекенжайға экологиялық патруль жіберіледі.
Дрондар. Экологтар жылу камерасы мен газ талдағыштары бар дрондармен аумақтарды жиі тексереді.
Көршілер. Сондай-ақ тексеру жүргізуге 102 қызметі немесе қалалық мобильді қосымшалар арқылы тұрғындардың шағымдары негіз болады.
Алматыда ерекше аймақтар енгізіледі
Krisha.kz ақпаратына сай, қалада төмен шығарындылар аймақтары (LEZ) кезең-кезеңімен енгізіле бастайды. Алдымен қала орталығында, кейін басқа аудандар да қамтылады.
Бұл аймақтарда тыйым салынады:
- көмір және басқа қатты отынды пайдалануға;
- қоқыс өртеуге;
- кез келген пиротехниканы іске қосуға.
Генераторлар мен арнайы техника тек шығарындыларды тазарту жүйелерімен жұмыс істеуі тиіс.
Тыйымға жататын нысандар:
- жеке тұрғын үйлер;
- монша және сауналар;
- тұрғын үй кешендерінің қазандықтары;
- өндірістік объектілер.
Яғни LEZ аймағында моншаны отынмен жағу немесе көмірмен кәуап пісіру заң бұзушылық болып саналады.
Бизнеске де ауыр тиеді
Жаңа талаптар қаланың ішіндегі бірқатар коммерциялық кәсіпорындардың жұмысына әсер етуі мүмкін.
Отынмен немесе көмірмен жұмыс істейтін монша кешендері әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады. Көмір пештері мен мангал қолданатын қоғамдық тамақтану орындары арнайы сүзгі жүйесін орнатпаса, тыйымға ілігеді.
Яғни, қарапайым кәуап өткеннің еншісінде қалуы мүмкін. Газ баллондарын пайдаланатын донер дүңгіршектері де тәуекел аймағында.
Кәсіпкерлердің алдында екі таңдау бар: жабылу немесе электр энергиясына көшу. Бұл өз кезегінде бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін.
Ауаны бақылаудың цифрлық жүйесі
Қалада бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесі құрылады. Ол барлық датчиктерден мәлімет жинап, ауа сапасының қалай өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Алматылықтар көрсеткіштерді өздері бақылап, заң бұзушылық туралы хабарлай алады.
2027 жылдың басынан бастап Алматыда кез келген қара түтін көзі автоматты түрде заң бұзушылық ретінде тіркеліп, айыппұл салуға негіз болады.
Экологиялық талаптарды кім бақылайды
Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, арнайы экологиялық талаптардың сақталуын «Eco Almaty» ЖШС жүзеге асырады.
«»Eco Almaty» ЖШС — 100% мемлекеттік қатысуы бар ұйым. Ол уәкілетті мемлекеттік органдарға — Экология департаментіне, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және Полиция департаментіне — экологиялық нормаларды бұзушылықтарды анықтауда көмектеседі», — делінген басқарма хабарламасында.
Adata.kz сервисінің мәліметінше, «Eco Almaty» ЖШС 2018 жылы тіркелген. Құрылтайшысы — Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы. Директоры — Мирас Гайсин, ол бұрын аталған ведомствоны басқарған.
Компания мемлекеттік сатып алуларға қатысады: қалдықтарды кәдеге жарату (люминесцентті және сынапты шамдар, термометрлер және басқа жабдықтар), гидротехникалық құрылыстар мен өзен арналарына техникалық қызмет көрсету, экологиялық іс-шараларды ақпараттық-коммуникациялық сүйемелдеу және т.б. қызметтер көрсетеді. Мердігер ретінде келісімшарттарының жалпы сомасы — 8,1 млрд теңге.
Компания құрылғаннан бері 784,7 млн теңге салық төлеген.