Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 5-қыркүйекте Алматылық кәсіпкерлермен кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ірі отандық жобаларды, бірінші кезекте, мұнайхимиясы саласындағы жобаларды Қазақстандық коммерциялық банктердің синдикаты есебінен қаржыландыру мүмкіндігі туралы пікір білдірген.
Қазіргі жағдаймен еліміздегі бір де коммерциялық банк құны 3-4 млрд. доллар тұратын жобаны қаржыландыра алмайды, деді Г.Марченко. «Айталық, Халық банкінің жеке капиталы 64 млрд. теңгені құрайды. Нормативке сәйкес біз «бір қолға» оның төрттен бір бөлігін, яғни, 150 млн. доллар көлемінде несие бере аламыз. Қазақстандық бірде-бір банк миллиардтарға бағаланатын жобаны қаржыландыра алмайды»,- деді Халық банкінің басшысы. Сонымен бірге оның пікірінше, қазіргі таңда ұзақ мерзімді ірі жобаларды қаржыландыру тек банк несиесімен шектеліп қалуға тиіс емес. «Бұл жерде қаржыландырудың толыққанды жүйесі жұмыс істеуі керек. Бұл қаржының бір бөлігін инфрақұрылымдық облигациялар шығару арқылы, бір бөлігін старатегиялық инвесторлар мен жобалардың операторы болып табылатын ірі компаниялар есебінен, тағы бір бөлігін Қазақстандық даму банкі есебінен бөлу қажет. Әрине, қаржының бір бөлігін Қазақстандық және шетелдік коммерциялық банктер синдикаттық несие түрінде шығара алады»,- дейді Г.Марченко. «Егер бұл іске даму банкі мен шетелдік банктер қатысып, синдикаттық несиелендіру құрылымы дұрыс белгіленген жағдайда біз де оған атсалыса аламыз»,- деді ол.
Алайда, Г.Марченконың пікірінше, банктер арасындағы ішкі рыноктағы қатаң бәсекелестік пен соның салдарынан белең алған «өзара сенімсіздік» елімізде банк капиталының синдикат құруына кедергі келтіріп отырған басты проблема болмақ. «Синдикатқа қатысу үшін банктер арасында сенімділік болуы шарт»,- деп пайымдайды банкир. «Сонымен бірге банк активтерінің басым бөлігін жалғыз жобаға бөлу үлкен тәуекелге душар етеді. Сол себепті тәуекелді таратып, диверсификациялы қоржын қалыптастыру қажет».
«Бірақ тұтастай алғанда мұндай мақсаттың алға қойылып отыруының өзі жақсылықтың нышаны. Осыдан 10 жыл бұрын отандық банк жүйесінің мүшкіл ахуалы ондай мүмкіндік бермеген»,- деді банк басшысы. Ол осы орайда еліміздегі коммерциялық банктердің жиынтық активтері 6 жылда біршама артып, 24 млрд. долларға жеткенін атап өтті. «10 жылдан кейін қалыпты жағдайда активтер мөлшері 100 млрд. доларға жететіні, мүмкін тіпті одан да ұлғаятыны түсінікті. Ондай жағдайда 3 миллиардтық жобаны қаржыландыру оңайға түседі»,- дейді банкир.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті