"Көмусіз қаламыз ба?": Елімізде жерлеу рәсімдері қымбаттап жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 487.24
  • 529.34
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Көмусіз қаламыз ба?": Елімізде жерлеу рәсімдері қымбаттап жатыр

"Көмусіз қаламыз ба?": Елімізде жерлеу рәсімдері қымбаттап жатыр

Қабір қазу қызметінің бағасынан Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Онда 90 пайызға өскен.

  • 15 Қазан
  • 13
Фото: ашық дереккөз

Қабір қазу күрт қымбаттады. Бір жылда жерлеу рәсімдерінің қызметі 12 пайызға өскен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қазақстанда жерлеу рәсімдері мен қабір қазу қызметтерінің бағасы айтарлықтай қымбаттаған. 2024 жылы Батыс облысында бұл қызметтер 90%-ға өссе, басқа өңірлерде де айтарлықтай қымбатшылық байқалды.

Мысалы, Жетісу облысында 33,3%-ға, Астанада 30,3%-ға, Маңғыстауда 27,9%-ға, Қостанайда 25,5%-ға өскен. Ең аз өсім Жамбыл облысында байқалып, тек 1,2%-ға артты. Бірақ кейбір облыстарда баға салыстырмалы түрде тұрақты қалды, мысалы, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында .

Қазақстан бойынша жерлеу рәсімдеріне сұраныстың артуы, әсіресе пандемия кезінде байқалды. 2023 жылы елімізде қайтыс болған адамдар саны 5 мыңға артып, жалпы саны 134 мың адам болған .

Жер қазып, жерлеуге дайындау үшін бас қаладағы негізгі баға мұсылман қауымға 54 мың теңге. Ал өзге дін өкілдеріне бұл қызмет 40 мың теңге. Жалпы бұл қызметтегі баға реттелмеген. Ол нарыққа байланысты құбылады.

Ал қабірге қойылатын құлыптастардың бағасы материалдың түріне, өңдеу күрделілігіне және аймаққа байланысты айтарлықтай өзгеріп тұрады.

Граниттен жасалған құлыптастар – ең қымбат нұсқалардың бірі. Бағасы 400 мың теңгеден бастап, 1 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мәселен, Алматы және Астана қалаларында күрделі дизайндағы гранит құлыптастардың бағасы 700 мыңнан 1 миллион теңге аралығында.

Мәрмәр құлыптастар – гранитке қарағанда сәл арзандау, бірақ өңдеу күрделілігі мен өлшемдеріне байланысты бағасы 300 мың теңгеден бастап 600-700 мың теңгеге дейін барады.

Арзан нұсқалар – цемент немесе металдан жасалған құлыптастардың бағасы 30 мың теңгеден басталып 150-300 мың теңгеге дейін барады. Бұл бағалар құрылыс материалдарының қымбаттауына және инфляцияға байланысты жыл сайын өсіп келеді.

Шариғат бойынша қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі. Шариғатта қабірді басу күнә болғандықтан адам, жануар үстін таптамау үшін қоршалуына рұқсат етілген. Егер қабірстанның сырты толықтай қоршалса, онда марқұмның басына құлпытас, яғни белгі қоюмен шектелу керек. Ал қабірстан толықтай қоршалмаса, адам мен жануардың аяғына тапталмау үшін шектен шықпайтындай етіп қоршауға рұқсат беріледі.

Кейбір ислам ғалымдарының пікірі бойынша ғұлама-ғалымның, ел билеген хан-сұлтандардың, би-батырлардың кесенесін көтеруге рұқсат берілген.

Қорытындылай келе, қабiрді белгілеу үшін үстiне аты-жөні жазылған құлпытас немесе ағаш қоюға немесе тал егуге болады. Екіншіден, қабір тапталмау үшін оны қоршауға рұқсат беріледі. Үшіншіден, құлпытас орнату мен қабірді қоршауда шариғат талабынан артық кету, ысырапшылыққа жол беру – дұрыс емес.