Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сан-Антонио өрт қызметінің басшысы Чарльз Худтың айтуынша, құтқарушылар көз жұмған адам туралы ақпарат алғаннан кейін, оқиға орнына жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де жеткен. Келген кезде тастанды жүк көлігі мен оның жанынан адам мәйітін тапқан. Ал өзге мүрделерді көліктің есігін ашқан соң көрген. Ол жүк көлігінде кондиционердің және судың болмағанын атап өтті.
Айта кететін жайт, Сан-Антонионың климаты ыстық. Дүйсенбі күні ауа температурасы 39,4°C-қа дейін жеткен.
KSAT телеарнасының хабарлауынша, көлік Сан-Антонионың оңтүстік-батыс аймағынан, темір жолға жақын жерден табылған. Сан-Антонио полициясының басшысы Уильям Макманустың айтуынша, тергеу ісі федералды агенттерге берілді, үш адам ұсталды.
Мексиканың сыртқы істер министрі Марсело Эбрард мемлекеттік елшінің оқиға орнына бет алғанын хабарлады. Ол құрбан болғандардың ұлты әзірге белгісіз екенін атап өтті.