Орталық Азияда ауызша тарих ежелден мәдени мұраны, тарихи білімді және әлеуметтік нормаларды жеткізудің негізгі тәсілі болып келген. Жазбаша дереккөздер бұрын шектеулі болғандықтан, ақсақалдар білімнің және ақпараттың көзі болған. Бүгінде ақсақалдардың соңғы буыны өмірден өтіп жатыр. Осы ретте орынды сұрақ туындайды. Ақсақалдар ізімен жоғалып бара жатқан ауыз әдебиеті мен тарихын қалай сақтап қалуға болады? Caravan.kz медиа портала халықаралық зерттеуге сүйеніп тақырыпты зерттеп көрді.
Қазақстандағы ауыз әдебиеті мен тарихтың қазіргі жай-күйі
Қазақстанда өмір сүрудің орташа ұзақтығы – 73 жас. Яғни 1940–1950 жылдары туған, бүгінгі ақсақалдардың негізгі бөлігін құрайтын буын азайып барады. Өңір халқының шамамен 60%-ы тұратын ауылдық жерлерде ақсақалдар дәстүрлі түрде қоғамдық өмірде маңызды рөл атқарған. Алайда урбанизация және жастардың қалаларға көшуінен дәстүр ұмытылып барады. 2023 жылы халықтың 53%-ы қалаларда тұрған.
Қазақстанда эпикалық дастандарды орындайтын жыршылар саны күрт қысқарды. Сонымен қатар, дәстүрлі эпостарды сақтап, жеткізетін ақсақалдар саны да азайып келеді. Ауызша тарихты сақтау бойынша бірқатар бастамалар қолға алынған. Мысалы 2015 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оның аясында 2000 сағаттан астам эпостар, аңыздар мен ақсақалдар әңгімелерінің аудиожазбалары цифрлық форматқа көшірілді. 2023 жылы Қазақстанның Ұлттық кітапханасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді 1500 ауызша мәтіннен тұратын онлайн архив ашты.
Дегенмен, биліктің бастамалары бірнеше қиындықтарды бастан кешіруде. Біріншіден, цифрландыру жұмыстары мұраның тек аз ғана бөлігін қамтиды. Қазақстанда белгілі 500 эпостың тек 100-ге жуығы ғана цифрланған. Екіншіден, жобалар көбіне формалды сипатта жүргізіледі және жастарды қызықтырмайды. Үшіншіден, жаңа орындаушыларды оқытуға жүйелі көзқарастың жоқтығы ұзақ мерзімді нәтиже бермейді.
Мемлекеттік деңгейде ауызша тарихты оқыту ішінара ғана жүзеге асырылған. 2020 жылдан бастап «Қобыланды батыр» эпосы жоғары сыныптарда оқытылады. Сонымен қатар, 2022 жылы «Ақсақалдар сөзі» атты YouTube арнасы ашылды. Онда ақсақалдар аңыздар мен эпостарды баяндайды. Арнаға 50 мың көрермен жазылса да, көрермендердің басым бөлігі 40 жастан асқандар.

Ақсақалдардың рөлі тек мәтінді жеткізу ғана емес. Олар тарихи әңгімелер арқылы әлеуметтік және моральдық мән-мағына береді. Мысалы, Қазақстан ауылдарында ақсақалдар әлі күнге дейін дауларды шешуге қатысып, тарихи үлгілерді қолданады.
Алайда бұл дәстүр де әлсіреп барады. Бұған жаһандану мен цифрлану өз әсерін тигізуде. Орталық Азия халқының 78%-ы интернетке тәуелді. Ал 15–25 жастағы жастардың 65%-ы әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланды. Яғни жастардың көне дәстүрлерге деген қызығушылықты жоқ, себебі олар архаикалық дүние ретінде қабылданады.
Көрші елдер тарихи мұрасын қалай сақтауда?
Қырғызстанда өмір сүру ұзақтығы шамамен 71 жасты құрайды. Мұнда «Манас» эпосы – 500 мың жолдан тұратын ерекше мұра. Бұл эпос манасшылар – жыршылар арқылы ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізілген. 2020 жылы ЮНЕСКО манасшылық өнерін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде тізімге қосты. Алайда Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Этнология институтының мәліметінше, кәсіби манасшылар саны 1990-жылдардағы 300 адамнан 2023 жылы 100-ге жетпейтін деңгейге дейін қысқарған.
2018 жылдан бері «Манас» эпосын сақтау қоры жұмыс істеп келеді. Жас манасшыларды оқытып, олардың орындауларын жазып отырады. 2022 жылы 25 жаңа манасшы дайындалған, бірақ олардың тек 10-ы ғана белсенді жұмысын жалғастырған. 2022 жылы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, студенттердің 67%-ы бұл қордың бар екенін білмеген.
Қырғызстан мектептерінің тек 8%-ы ғана оқу бағдарламасына эпостар мен ауызша тарихты енгізген. Сонымен қатар, жастардың басым бөлігі әлеуметтік жағдайға байланысты дәстүрге терең бойлай алмайды: 2023 жылы елдегі орташа жалақы – 300 долларды ғана құраған. Манасшыларға берілетін 100 долларлық стипендия күнкөріс деңгейінен төмен.
Дегенмен, жастар арасында жаңа тәсілдер байқала бастады. Қырғыз рэп орындаушылары «Манас» мотивтерін әндеріне қолдануда. 2023 жылы «Манас 2.0» трегі YouTube-та 1 миллион қаралым жинады.
Өзбекстан халқының 55%-ы қалаларда тұрады. Мұнда да ауызша дәстүрлер – дастан (эпикалық хикаялар) мен хикмат (өсиет әңгімелер) – жойылып барады. Өзбекстанның Мәдениет министрлігінің дерегінше, 2022 жылы ауылдық жерде тұратын 30 жасқа дейінгі жастардың тек 12%-ы ғана бір дастанды толық айтып бере алған.
2021 жылы министрлік «Ауызша мұра» жобасын бастаған. Оның аясында Ферғана жазығы мен Қашқадария аймағында этнографтар 1200 сағаттық ақсақалдар әңгімесін жазып алған. Алайда бұл жұмыстар да шектеулі көлемде қалуда: этнографтарға белгілі дастанның тек 20%-ы ғана жазылған. Эпостарды оқыту бірнеше университеттік бағдарлама аясымен ғана шектелген.
Цифрлық платформа ретінде «Достонлар олами» Telegram-арнасы ашылған. Онда дастандардың аудиожазбалары жарияланады. Бірақ арна небәрі 10 мың қолданушыға ғана жеткен.
2022 жылы 2,5 миллион өзбекстандық шетелде, негізінен Ресейде жұмыс істеген. Бұл ұрпақтар арасындағы байланысты үзіп, жастардың ақсақалдармен қарым-қатынасын азайтады.
Тәжікстанда орташа өмір сүру ұзақтығы – 70 жас. Мұнда да ауызша дәстүрлер – хикматтар – жойылу алдында тұр. Ғылым академиясы 2019 жылдан бері хикматтарды жинау жобасын жүргізіп келеді, бірақ 2023 жылы бұл бағдарламаға небәрі 50 мың доллар бөлінген. Жыршыларды даярлайтын мектеп немесе курс мүлде жоқ.
2021 жылы Дүниежүзілік банк Тәжікстанда ауызша дәстүрлердің аудиоархивін құруға 150 мың доллар бөлген, бірақ жоба 2023 жылы қаражаттың жетіспеуінен тоқтатылды. 2023 жылы жүргізілген этнографиялық зерттеуде жастардың 80%-ы дәстүрлі рәсімдердің мәнін түсіндіре алмаған, дегенмен 60%-ы олар туралы үлкендерден естігенін айтқан.
Халықаралық қолдау және жүйелі шешімдер
ЮНЕСКО 2003 жылдан бастап өңірде материалдық емес мұраны қорғау бойынша жобалар жүзеге асырып келеді. 2020 жылы ұйым Қырғызстан мен Өзбекстанға арналған бағдарламаларға 200 мың доллар бөлді, бірақ бұл қаражат тек жазба мен архивтеуге ғана жұмсалды, жаңа орындаушыларды оқытуға жетпеді.
Ауызша тарихты сақтау үшін кешенді шаралар қажет. Бір тәсіл – мектеп және университет бағдарламаларына эпостар мен дәстүрлерді енгізу. Мысалы, Финляндияда «Калевала» ұлттық эпосы мектептерде міндетті түрде оқытылады, бұл оның ұрпақтан ұрпаққа берілуін қамтамасыз етеді.
Тағы бір тәсіл – жыршыларға қолдау көрсету. Қаржылай ынталандыру жастардың қызығушылығын арттыра алады. Бірақ қазіргі гранттар жеткіліксіз: Қырғызстандағы 100 долларлық стипендия бұл іске тартымдылық қоса алмайды.
Орталық Азияның ауызша тарихы соңғы буын ақсақалдардың кетуі, урбанизация, жаһандану және экономикалық қиындықтардың салдарынан жойылу қаупінде тұр. Қазіргі кезде жүргізіліп жатқан цифрлау мен дәстүрді насихаттау бастамалары қаржыландырудың аздығы, жастардың аз тартылуы және жүйелі тәсілдің болмауы себепті шектеулі нәтиже беріп отыр. Бұл мұраны сақтау үшін білім беру жүйесіне енгізу, жыршыларға қолдау көрсету, цифрлық платформалар мен поп-мәдениетті пайдалану сияқты кешенді шаралар қажет. Әйтпесе, 2040 жылға қарай ақсақалдар буыны мүлде кетіп, өңір өз болмысының қайталанбас бір қабатын жоғалтып алуы мүмкін.