«Мәселе жан-жақты сарапталды. Сол себепті Конституциялық кеңес шешім қабылдау үшін кеңес бөлмесіне кете алады»,- деп мәлімдеген Игорь Рогов, дегенмен, «мәселенің айрықша маңызын ескеру негізінде шешім бүгін жария етілмейді» деп атап өтті.
Конституциялық кеңестің шешімі келесі аптада жарияланады, деді И.Рогов.
Бүгінгі отырыста кеңес мүшелері құқық саласындағы екі сарапшының пікірін тыңдады. Заң ғылымдарының докторы, профессор Зайлаги Кенжалиевтың пайымдауынша, президент сайлауы 2006-жылдың желтоқсан айында өтуге тиіс. «Халық қазіргі президентті 7 жылға сайлаумен бірге қосымша тағы 11 айға өкілеттілік берді. 1999-жылғы сайлау арқылы халық шын мәнінде 7 жыл 11 ай деген мерзімді заңдастырды»,- деп санайды сарапшы.
Ал екінші сарапшы — заң ғылымдарының докторы, профессор Сергей Ударцевтың пайымдауынша, сайлау 2005-жылдың 4-желтоқсанында өтуге тиіс. «Биліктің заңдылық мерзімінің қуаттетігі 7 жылға ғана зарядталады»,- деп мәлімдеді ол. Оның пікірінше, кезекті президент сайлауының мерзімін анықтауда президенттің өкілеттілік мерзімі 7 жыл деп айқындаған Конституцияның 41-бабына басымдықпен бағынған жөн. «Конституцияға сәйкес президент 7 жылға сайлануға тиіс, сол себепті сайлау 2005-жылдың 4-желтоқсанында өтуге тиіс»,-деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжілістің бір топ депутаты президент сайлауының мерзімін анықтап беру туралы Конституциялық кеңеске сұрау салған болатын. Сайлау мерзіміне қатысты қоғам шеңберінде өрбіген пікірталас осындай сұрау салуға әсер етті. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, жаңадан сайланған президент 2006-жылдың қаңтар айында қызметке кірісу үшін сайлау 2005-жылдың желтоқсан айында өткізілуі тиіс деген пікірде. Сонда ғана Конституцияның 41-бабында көрсетілген 7 жылдық өкілеттілік мерзімі сақталады.
Қазақстан Ата заңына сәйкес кезекті президент сайлауының мерзімін парламент мәжілісі қыркүйектің екінші жексенбісіне дейін жариялауға тиіс. Ал президент сайлауы желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өткізіледі. 2005-жылы бұл күн 4-желтоқсанға дөп келмек.
Конституциялық заңға сәйкес Қазақстан президенті бүкілхалықтық, тең әрі тікелей сайлау құқығының негізінде жасырын дауыс беру жолымен 7 жылға сайланады. Бұған дейінгі президент сайлауы 1999-жылдың қаңтар айында өткен.
Кезекті президент сайлауына қатысатындығы туралы қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен басқа да бірнеше адам мәлімдеді.