Конституциялық кеңестің отырысына үзіліс жариялауға кеңес мүшелерінің құқық саласындағы сарапшылардың пікірін тыңдауға шешім қабылдауы түрткі болды - kaz.caravan.kz
  • $ 520.02
  • 608.79
+1 °C
Алматы
2025 Жыл
12 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Конституциялық кеңестің отырысына үзіліс жариялауға кеңес мүшелерінің құқық саласындағы сарапшылардың пікірін тыңдауға шешім қабылдауы түрткі болды

Конституциялық кеңестің отырысына үзіліс жариялауға кеңес мүшелерінің құқық саласындағы сарапшылардың пікірін тыңдауға шешім қабылдауы түрткі болды

Конституциялық кеңестің кезекті президент сайлауының мерзімін анықтау мәселесіне арналған отырысына үзіліс жариялауға кеңес мүшелерінің құқық саласындағы сарапшылар - Сергей Удавцев пен Зайғали Кенжалиевтің пікірін тыңдауға шешім қабылдауы түрткі болды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Астанадан.

  • 8 Тамыз 2005
  • 702
Фото - Caravan.kz

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжілістің бір топ депутаты президент сайлауының мерзімін анықтап беру туралы Конституциялық кеңеске сұрау салған болатын. Сайлау мерзіміне қатысты қоғам шеңберінде өрбіген пікірталас осындай сұрау салуға әсер етті. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, жаңадан сайланған президент 2006-жылдың қаңтар айында қызметке кірісу үшін сайлау 2005-жылдың желтоқсан айында өткізілуі тиіс деген пікірде. Сонда ғана Конституцияның 41-бабында көрсетілген 7 жылдық өкілеттілік мерзімі сақталады.

Бүгін, 8-тамызда өткен отырыста Орталық сайлау комиссиясының, үкімет пен бас прокуратураның пікірі тыңдалды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоостың мәлімдеуінше, бұл мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы ресми ұстанымын білдірген жоқ және ол Конституциялық кеңестің қандай да шешімін орындауға дайын. Бұл пікірге бас прокуратураның өкілі — бас прокурордың орынбасары Асхат Дауылбаев та қосылды. Оның айтуынша, «Конституциялық кеңестің шешімі- заңды шешім болмақ».
Ал үкіметтің өкілі — ҚР әділет министрінің орынбасары Талғат Құсдәулетов: «Конституция норамаларына түсініктеме беру — үкіметтің құзырындағы мәселеге жатпайды»,- деп мәлімдеді. «Бәр нәрсе мәселенің күрделілігіне тіреліп тұр. Ешкім өзіне жауапкершілікті жүктеп алғысы келмейді»,- деді ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов. «Осындай ахуалда біз үшін өз ұстанымын ашық білдіретін сарапшылар пікірінің маңызы ерекше»,- деп санайды ол.
Конституциялық кеңестің төрағасы мемлекеттік мекеме өкілдерінен кезекті президент сайлауын өткізуге бөлінген қаржының жайын сұрап анықтады. Орталық сайлау комиссиясының өкілі 2005-жылғы бюджетте бұл мақсатқа қаржы қарастырылмағанын хабарлады. «Бірақ біз күтпеген жерден сайлау өткізу оқиғасымен талай бетпе-бет келдік. Қаржы алдын-ала қарастырылмады деген күннің өзінде қажет кезде үкімет сайлауға қаржы таба алады»,- деді В.Фоос. Өз кезегінде Т.Құсдәулетов 2006-жылғы республикалық бюджетте президент сайлауын өткізуге қаржы қарастырылды ма, жоқ па деген мәселеден бейхабар екенін хабарлады.
Сонымен бірге Конституциялық кеңестің отырысында заң ғылымдарының докторы Мұрат Баймұхановтың баяндамасы тыңдалды. Ол қазіргідей жағдайда Ата заңның 94-бабының 1-тармағына басымдық сипат берілуге тиіс деген пікір білдірді. Соған сәйкес, сайлау президенттің 7 жылдық өкілеттілік мерзімі аяқталған соң өткізілуге тиіс. «Ата заңның 94-бабының 1-тармағына сәйкес кезекті президент сайлауы 2006-жылдың желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өткізілуге тиіс»,- деді сарапшы.
Конституциялық кеңестің кезекті отырысы 12-тамызда жалғасады.

Перейти к новостям спорта