Жарияланды: 560

Көпбалалы отбасы қуықтай жалдамалы пәтерде жан бағуда

10 адамға 10 шаршы метр жер. Алматыда көпбалалы отбасы қуықтай жалдамалы пәтерде жан бағып отыр. Жеті сәбиі бар Мұхаметовтар әулеті жақында тағы үшеммен толыққан. Жеті айлық болып туылған нәрестелер қазір анасымен бірге ауруханада жатыр. Қашан шығатындары да белгісіз. Өйткені отағасының онсыз да әлжуаз сәбилерін апаратын жері жоқ. Ал кеңірек пәтер жалдауға бұл отбасы қауқарсыз.

Нұрісләм, Ғалия, Нұрия. Бұл желтоқсанның 29 күні дүние есігін ашқан үшемнің есімдері. Бұған дейін 7 рет құрсақ көтеріп алтыннан алқа тағынған Гүлзира жаңа жылдың қарсаңында Мұхамеджановтар әулетін тағы үш сәбимен толықтырды.

Гүлзира Мұхамеджанова, көпбалалы ана:

- Узиге түсірді. Онда маған біреуі «қиналып жатырм, іштен баланы жарып алғызамын» деп тіл хат жазғызып алғызды. Ләж жоқ көндім. Дәрігерлер 29  күні сағат төртке таман осы үш баламды аман алып қалды.

Жеті айлық болып туылған сәбилердің жағдайы алғашында көңіл көншітпеген. Әсіресе, Нұрісләм өте әлсіз болды дейді дәрігерлер. Екі апта бойы арнайы түтікшелердің көмегімен түрлі дәрумендерге қанық болған олардың жағдайы біраз жақсарып қалыпты.  

Жазира Маматаева, мейірбике:

- Жағдайлары бір қалыпты. Екі баланы бүгін анасына береміз. Үшінші бала әзірге біздің бақылауымызда болады.

Сәбилердің қашан перзентханадан шығатыны әзірге белгісіз. Нұрғиса да кенжелерін алып кетуге асығар емес. Себебі көпбалалы отбасының баспанасы жоқ. Олар, Әйгерім ықшамауданындағы мына шағын лашықты паналауда. Отағасы қара жұмысқа жегіліп айына 50 мың теңге табады екен. Оның 25 мыңы пәтер жалдауға кетсе, қалғаны отын-судан артылмайды.

Нұрғиса Мұхамеджанов, көпбалалы әке:

- Балаларға ыс тиіп қала ма деп уайымдап, жұмысқа кеткенде қайта-қайта звандап тұрам. Сатып алған бір жарым тонна көмірім бітті. Тағы бір тонна көмірге ақшаны қайдан алатынымды білмей отырмын.

Осыдан 5 жыл бұрын Жамбыл облысынан Алматыға көшіп келгенде келіншегі Гүлзира Алатау ауданындағы мектептердің біріне еден жуушы болып орналасқан екен. Көпбалалы ана аудан әкіміне бірнеше рет көмек сұрап хат та жолдапты. Бірақ, әдеттегідей жауап жоқ. Сайлау кезінде іздеп жүрып тауып алатын ақ жағалылар үшем дүниеге келгенде құттықтауға да жарамапты.

Өзгеге алақан жайып, көмек сұрауды ар санайтын Нұрғиса 7 баламен мына шағын ғана бөлмеде тұрып жатқанына 5 жылға жуықтады. Енді дүниеге тағы үшем келді. Отағасы сәбилерді қақаған үйге алап келіп ауыртып алам деп уайымдайды. Ал есі кіріп қалған балалар болса, қолдарына қалам тисе армандарындағы үлкен үйді кішкентай ғана ақ параққа түсіруден жалыққан емес.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін