Олай дейтініміз, «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген тәмсілге салсақ, Ислам Кәрімовтің осы дүйсенбіде қайтыс болғанына сенеміз. Өйткені бұл қаралы хабар оппозициялық интернет-порталдарда сол күні айтылды. Оның өлген-өлмегеніне қатысты түрлі жорамал сонда басталды. Жабық ел жабықтығын осы жолы да танытты. Жұрт мәлім болған жағдайдың ресми растамасын бірнеше күн күтті. Ұят екен, біреудің өлімін күткендей болдық. Сонымен, қалай болып еді?
Өткен сенбіде өзбек билігі Ислам Кәрімовтің инсулт алып ауруханаға жатқызылғанын тұңғыш рет ресми түрде хабарлады. Олай дейтініміз, ол кісіні бұрын талай рет ауыртып, талай рет өлтіріп алғанбыз. Сол кездерде шөптің басы босқа қимылдапты. Ал ендігісі ресми мойындамасқа болмайтын жағдай. Төсекке таңылғанын мойындады. Бірақ о дүниеге кетіп қалғанын айтпай қойды. «Неге?» деген сауалдың жауабы да мәлім. Қарабайырлау айтсақ, тақ таласы болып жатты. Бірақ, біздіңше, билік елдің ендігі жағдайы не болады дегенді көбірек ойлаған сияқты. Өйткені онда ұлттың жайын көбірек ойлайтын жандар отыр. Ал Кәрімовтің қыздары ғаламданып кеткен. Ұлтым деген түсінік жоқ оларда. Оның үстіне «Байтал шауып бәйге алмас» деген бауырлас халықпыз.
Айтқандай, өзбек басшысының (енді бұрынғы) қызы Лола Кәрімова-Тилляева әкесі ауруханада жатқанда жұрттың оған қолдау білдіруін сұрады. Жұрт қолдады, әрине. Өйткені ол өз ұлты үшін көп нәрсе жасап кетті. Қанша тиран болса да, ұлт үшін еткен еңбек ескеріледі екен. Бұған сол күндері Фейсбукте ашылған « Здоровья Каримову» тобы дәлел. Үкімет томаға-тұйық отырып алған соң, елдің бәрі жөні түзу ақпаратты осы топтан алып отырды.
Самарқанда Ислам Кәрімовті жерлеу үшін дайындық жасалып жатқанын да содан білдік қой. Және онда жұрт президенттің сауығып кетуін тілеп жатты. Бірақ көсемінің кетіп қалғанын көпшілігі сезетін еді…