«Қордағы алаяқтық»: Халық алданса да, мемлекетке емес, қайырымдылық қорларына сенеді – сарапшы  - kaz.caravan.kz
  • $ 513
  • 541.16
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
29 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қордағы алаяқтық»: Халық алданса да, мемлекетке емес, қайырымдылық қорларына сенеді – сарапшы 

«Қордағы алаяқтық»: Халық алданса да, мемлекетке емес, қайырымдылық қорларына сенеді – сарапшы 

Қоғамның қорға берген қаражатының есебін кім талап етуі керек?

  • 29 Қараша
  • 4
Фото: caravan.kz

Қазақстанда қайырымдылық қорларының дамуы бірнеше кезеңдерден өтті. Бұл үрдіс елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерімен тығыз байланысты. Caravan.kz медиа порталы соңғы уақытта қоғамда кеңінен талқыланып жатқан тақырып төңірегінде материал ұсынады.

Елімізде қайырымдылық қорлары қашан дами бастады? Қазір қанша қор тіркелген? Халықтан жиналған ақшаны бақылап, оны тексерудің тәсілдері бар ма? 

Кеңес Одағы кезінде қайырымдылықтың көп түрі мемлекет бақылауында болды. Алайда, қоғамдық жұмыстарға негізделген қозғалыстар (мысалы, ардагерлерге көмек немесе балалар үйлеріне қолдау көрсету) белсенді дамыды. Бұл негізінен мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылып, жеке қайырымдылыққа шектеулер қойылды.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қайырымдылық қорлары мен ұйымдары дами бастады. Алғашқы қорлар әлеуметтік мәселелерді шешу, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениетті қолдау мақсатында құрылды. Сол кезеңде «Бөбек» қоры (1992 ж.) — балаларға көмек көрсетуге бағытталған алғашқы ірі қайырымдылық қоры; «Сорос-Қазақстан» қоры (1994 ж.) — білім беру, мәдениет және демократиялық процестерді қолдау үшін жұмыс істейді.

2000 жылдары қайырымдылық ісі заңнамалық тұрғыдан реттеле бастады. Жеке компаниялар мен кәсіпкерлер қайырымдылыққа белсене қатыса бастады. Мұнай және газ секторындағы ірі корпорациялар әлеуметтік жобаларға қаржы бөліп, өңірлердегі инфрақұрылымды жақсартуға үлес қосты.

Соңғы жылдары қайырымдылық қорлары цифрландыру мен әлеуметтік желілер арқылы жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстанда еркін қайырымдылық платформалары және онлайн жинақтар танымал бола бастады. Сондай-ақ, «Asar Ume» сияқты азаматтық қозғалыстар және жеке тұлғалардың белсенділігі артып келеді.

Елімізде қайырымдылық қорларының қызметі бірнеше заңнамалық актілермен реттеледі. Ең маңызды заңдар мен нормативтік-құқықтық актілердің тізімі:

“Қоғамдық бірлестіктер туралы” Қазақстан Республикасының Заңы (1996 жыл). Бұл заң қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде қайырымдылық қорларының құрылуы мен қызметін реттейді. Онда қоғамдық ұйымдардың құқықтық мәртебесі, міндеттері мен қызмет түрлері көрсетілген.

“Коммерциялық емес ұйымдар туралы” Қазақстан Республикасының Заңы (2001 жыл). Бұл заң коммерциялық емес ұйымдардың, соның ішінде қайырымдылық қорларының құқықтық негіздерін анықтайды. Қайырымдылық қорлары осы заң бойынша коммерциялық емес ұйым ретінде тіркеледі және қызметін атқарады.

“Еріктілер қызметі туралы” Заң (2016 жыл). Бұл заң еріктілердің қызметін реттеп, қайырымдылық қорларымен серіктестігін дамытуға бағытталған. Қайырымдылық қорлары еріктілерді өздерінің әлеуметтік және гуманитарлық жобаларына тарту мүмкіндігіне ие болды.

Салық кодексі (2017 жыл). Қайырымдылықпен айналысатын коммерциялық емес ұйымдарға салық жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар, қайырымдылыққа жұмсалатын шығындардың белгілі бір бөлігі салықтық шегерім ретінде есептеледі.

“Жеке қайырымдылық және демеушілік көмек көрсету туралы” ережелер. Заңнамада демеушілік көмек пен қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырудың қағидаттары көрсетіледі. Бұл ережелер нақты қайырымдылықтың бағыттарын, сондай-ақ демеушілердің құқықтары мен міндеттерін анықтайды.

Сонымен қатар қорлардың жұмысын реттейтін органдар да бар.

Мысалы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі — қайырымдылық қорларын тіркеумен айналысады.

Салық комитеттері — қаржылық есептілікті бақылап, салықтық жеңілдіктерді қолдануды тексереді.

Қоғамдық кеңестер — қайырымдылық қорларының қызметін ашықтық және тиімділік тұрғысынан бақылайды.

Алайда негізгі заң да бар. Ол 2015 жылғы 16 қарашада қабылданған «Қайырымдылық туралы» Заңы. Бұл заң қайырымдылықты ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ қайырымдылық жасаушылар мен алушылар арасындағы қатынастарды реттейді.

Негізгі ережелер:

         1.      Қайырымдылықтың түрлері мен формалары: Заң қайырымдылық көмек көрсету, меценаттық, демеушілік және корпоративтік қайырымдылық секілді түрлі формаларды қарастырады.

         2.      Электрондық қайырымдылық: 2020 жылдан бастап электронды платформалар арқылы қайырымдылықты реттеуге арналған қосымша ережелер енгізілді.

         3.      Салықтық жеңілдіктер: Қайырымдылық көмек көрсеткен жеке және заңды тұлғаларға белгілі бір салық жеңілдіктері беріледі.

         4.      Құқықтық негіз: Мемлекет қайырымдылық қызметін бақылауды жүзеге асырады және уәкілетті орган арқылы үйлестіреді (мысалы, Қазақстанның Әділет министрлігі). 

Сонымен қатар, коммерциялық емес ұйымдардың қызметі 2001 жылғы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңымен реттеледі. Бұл заң коммерциялық емес ұйымдардың құрылуы, қызметі және таралуына қатысты құқықтық негіздерді анықтайды.

Сарапшылардың ойынша елімізде қайырымдылық қорларының жұмысына ашықтық жетіспейді. Коронавирус індеті кезінде дәл осы қорлардың жұмысы кеңінен тарай бастады. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы жеке тұлғалардың ақша жинауы белең ала бастады. Алайда заң бойынша қайырымдылық қорлары есеп беруге міндетті емес, тек ерікті түрде жылына бір рет есеп берсе жеткілікті. Сонымен қатар, қордың жылдық түсімінің 30-пайызы қордың өзінде әкімшілік шығындары ретінде қалады. Бұл заңда көрсетілген норма. 

«Заңда шектеу жоқ. Олар айлықтары, ғимаратты жалға алу сынды шығындарын төлеп, оны қайда жұмсайтыны өз еріктерінде», — дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

Жақында Перизат Қайрат 1,7 млрд теңгені қолды қылды деген күдікпен ұсталды. Алайда құзырлы органдар оны тек тиісті қылмыс орын алғаннан соң тергеуін өткізіп, ол күдікті ретінде қамалды. Қандай да бір заңсыздық орын алмай құзырлы орган бара алмайды. Осы ретте орынды сұрақ туындайды. 

Қордың жұмысын енді қалай реттейміз? 

«Қордың есебі уәкілетті органдарға керек емес, ол бірінші кезекте ел азаматтарына керек. Атқарылған жұмыс нәтижелері мен оның сапасы жайлы халық алдында ашық есеп беру туралы айтып отырмын. Репутациясы дұрыс, ашықтық бар қорларға халық сеніп қолдау көрсетеді», — дейді  мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар. 

Заңгердің ойынша, қайырымдылық қорлардың жұмысына мемлекеттің араласуы дұрыс емес. Егер жан-жақты шектеулер мен тексерістерге байлап тастаса, қорлардың жұмысы да баяулап қалады.

«Апат айтып келмейді. Елімізде соңғы кездері орын алған қайғылы оқиғалар кезінде бірінші сапта осы қайырымдылық қорлары болды. Басқа мекемелер мемлекеттен рұқсат немесе басқа да құжаттарымен басы қатып жүрген кезде, қайырымдылық қорлары дереу қол ұшын бере алды. Бұл жерде мәселе тек олардың адал еңбектері мен жаратқан қаражаттары жайлы. Яғни, түскен түсімдері мен жұмсаған ақшасының есебін жылына бір рет мемлекеттік органдарға беріп отырса, ол қиындық тудырмайды да, бюрократияға да жол берілмейді», — дейді заңгер. 

Неге Қазақстанда қорлар бір жүйеге топтастырылмайды? 

2021 жылы қорлардың жиыны аясында ортақ платформа жасалсын деген ұсыныс болған. Дайын платформаның үлгісі де жасалған. Алайда қор жетекшілерінің көпшілігі бұл ұсынысты қолдамаған. 

«Иә, біз ұсындық. Ол платформаны жеке бөлімдерге бөліп, мысалы үйге мұқтаждар бір бөлек, білім және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар сынды бөлімдері болсын деп ұсындық. Мемлекетке бағынбасақ та, өзіміз есеп беріп, аккредитация өтейік деген едік. Бірақ қорлардың жетекшілері бір жүйеге бағынғымыз келмейді, жеке дара жұмыс істейміз деген ниеттерін білдірді. Өкінішке орай бұл ұсыныс қолдау таппады», — дейді Нұрсұлтан Орынбеков. 

Қайырымдылық қорларын жарнамалаған әлеуметтік желісінің қолданушыларын қалай қадағалаймыз?

Заңгердің пікірінше, блогерлер мен әлеуметтік желі жұлдыздарында заңдық-құқықтық сауаттылық пен мәдениет қалыптаспаған. Жарнаманы егжей-тегжейлі зерттемей жасай салады, артынша мен білмедім деп құтылып кетеді. 

«Блогерлер жарнамалаған дүниелеріне репутациялық тұрғыдан ғана емес, заң бойынша да жауап беруі керек. Қайырымдылық болса да. Егер білмей немесе қасақана адамдарды тартып, ақша жинау мақсатында жарнама жасаса, ол қылмыс болып есептеледі», — дейді заңгер. 

Қаражат жинауға әр азаматтың құқығы бар. Қорлардан бөлек жеке тұлғалардың халықтан көмек сұрап, қаражат жинауы да жиілеп кеткен. Алайда оның расымен қайда жұмсалып жатқаны еш тараптан реттелмейді. 

«Мысалы тәжірибемде бір жағдай болды. Емге мұқтаж отбасы халықтан ақша жинады. Нәтижесінде халық ол отбасына миллирад жинап берді. Кейін белгілі болғандай, ол жанұяның баласының еміне 4 млн ғана керек болған. Ол Түркияға барып тексеріліп, ем-домын алып елге келген соң, қалған ақшаға жағдайын жасап алған. Бұл жағдай қылмыстық іс қозғауға әкелді. Алайда оны реттейтін және қадағалап отырған ешкім жоқ», — дейді заңгер.

Қорытындылай келе, сарапшылардың ойы бір арнада тоғысты. Яғни, қорларды бір жүйеге енгізіп, платформа жасау керек. Маусым сайын есеп беретін міндеттемені талап ету керек. Әлеуметтік желіде халықтың алдында, құзырлы органдар алдында есеп беру сынды дүниелерді енгізу. Ақша жинайтын жеке тұлғаларды қайырымдылық қорларына қарай бағыттау керек. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде шамамен 20 000 қайырымдылық ұйымдары тіркелген. Соңғы жағдайлардан кейін қайырымдылық қорларына деген сенімге серкеу түсті ме, жоқ па? Тенденция қалай? 

Сарапшылардың ойынша, соңғы оқиға жалпы еріктілердің де қорлардың да жұмысына сенімді төмендетті. 

«Біз кешірімді халықпыз. Тез ұмытып кетеміз. Бірақ ерікті адамдар қоғамға әрқашан керек. Күмәнді сейілту үшін де, жолға қойып, бағытын мемлекет таңдап берсе, бұндай жағдайлар азаяды. Сол кезде қайырымдылық жасайтын қоғам бір ізге түседі. Сенім артады», — дейді заңгер. 

Халық мемлекеттен көмек алуға талпынбайды

Қанша десек те, халық мемлекетке сенбейді. Керісінше, статистика көрсеткендей, адамдар қайырымдылық қорларына көп жүгінеді. Оның себебі де жоқ емес. Мемлекеттен көмек алудың машахаты көп. Бітпейтін құжаттар, жүгіріс. 

«Ауруханаларды да мысалыға келтіруге болады. Анам жақында ота жасатты. Ота жасату үшін үш ай жүрді. Порталға тіркелу керек, одан бұрын қаншама тексерістерден өту керек. Сол себепті халық қайрымдылық қорларын таңдаудағы  бірінші мәселе бюрократия, екіншісі азаматтық қоғам ішінде қағаз жұмыстары аз болғандықтан, көмек тез көрсетіледі», — дейді мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар. 

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде көш алда тұр дейді сарапшы. Себебі қазіргі азаматтық қоғамның көрінісі тек қайырымдылық қорларында ғана көрініп тұр. Осы ретте қайырымдылық қорлары мінсіз ұйымдастырылған, үлгі тұтатын елдерге тоқтала кетсек. 

Бірінші орында Ұлыбритания. Бұл ел қайырымдылық саласы жақсы дамыған елдердің бірі. Оның көрінісі «charity shops» қайырымдылық дүкендері. Ұлыбританияда қайырымдылық дүкендері ерекше танымал және табысты қайырымдылық үлгісінің бір бөлігі.

Негізгі ерекшеліктері:

— Дүкендерге халық өздеріне қажет емес заттарын (киім-кешек, кітаптар, тұрмыстық техника және т.б.) тегін тапсырады.

— Бұл заттар қайта сатылып, түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады.

— Дүкендерде еріктілер жұмыс істейді, бұл шығындарды азайтады.

Әр дүкен белгілі бір қайырымдылық ұйымына тиесілі (мысалы, Oxfam, British Heart Foundation, Cancer Research UK). Әрқайсысы өз миссиясына сәйкес жиналған қаражатты денсаулық сақтау, кедейлікпен күрес, білім беру сияқты мақсаттарға жұмсайды. Мұндай дүкендерге салық жеңілдіктері қарастырылған, бұл олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Скандинавия елдері:

Швеция мен Норвегияда қайырымдылық қорлары халықтың сеніміне ие және қорлар арқылы қоғамдық жобаларға белсенді түрде қаржы бөлінеді.

Мысал: Швецияның Stockholm Stadsmission қайырымдылық қоры – тұрмысы төмен адамдарға баспана және көмек көрсету бойынша жұмыс істейді.

АҚШ-тағы қорлар, мысалы, The Bill and Melinda Gates Foundation, әлемдік денсаулық сақтау және білім беру жобаларын қаржыландыруда жетекші рөл атқарады.

Германия: Caritas және Diakonie секілді ұйымдар әлеуметтік көмек көрсету саласында көш бастап тұр. Олар халықтан қолдау мен көмек жинауды ашық түрде жүргізеді.

Бұл елдер басқалар үшін мінсіз, яғни «идеалды қоғам» тіркесіне сай келуіне бірнеше себеп бар. 

Біріншіден, ашықтық. Яғни қайырымдылық қорлары көбінесе қаржылық есептілігін жариялап, қайда және қалай ақша жұмсалатынын көрсетеді.

Екіншіден, құқықтық база. Заңнамалық тұрғыдан қайырымдылық ұйымдарына бақылау жоғары деңгейде.

Үшіншіден, қоғамның қатысуы. Қайырымдылық мәдениеті дамыған елдерде азаматтар мен кәсіпкерлер белсенді түрде қатысады.

Бұл тәжірибе Астанада да қолға алынды. Қазіргі таңда аталмыш қалада қайырымдылық дүкені сәтті жұмысын жалғастырып келеді.