Жарияланды: 640

«Король Абдалла ІІ бин Хусейннің таққа отырған күнін» мерекелеу авторитарлықпен байланысты емес

«Король Абдалла ІІ бин Хусейннің таққа отырған күнін» мерекелеу авторитарлықпен байланысты емес

Иордания Хашимиттік Корольдігі Таяу Шығыстағы шағын мемлекет болғанымен араб әлемінің дәл ортасында орналасқан. Таяушығыстық басқа көршілері сияқты мұнай мен газдың мол қорына ие болмаса да Иордания экономикалық реформалар мен жаңғырудың тамаша үлгісін көрсетіп отыр.

Мемлекеттік құрылымы конституциялық монархия болып табылатын елде 9 маусым күні ресми түрде «Король Абдалла ІІ бин Хусейннің таққа отырған күні» мерекеленеді. Таяу уақытқа дейін оның туған күні және Иорданияның негізін қалаушы Король Хусейннің туған күні де тойланып келді. Король Хусейн дүниеден озғаннан кейін бұл дата «Хусейнді еске алу күні» деп атала бастады. Монархтың таққа отыруын ұлттық ауқымда мерекелеу Иорданиядағы қандай да бір диктаторлық немесе авторитарлық белгілермен байланысты емес деп нық сеніммен айтуға болады. Керісінше, Абдалла ІІ-нің әкесі қазіргі Иорданияның негізін қалаушы саналатын Хусейн бин Талал елді ашық әрі демократиялық қоғамға жетелеуге ұмтылған көшбасшы ретінде халық жадында сақталып қалды. Иорданиялықтар Король Хусейнді «әл-Малик әл-Инсан» («адамгершілігі мол король») деп атаған. Ол елін алауыздықтан, дау-дамайдан арылтып, оны Таяу Шығыстағы бейбітшіліктің, тұрақтылықтың және сабырлылықтың жазирасына айналдырды. Мұхаммед пайғамбардың 42-ші ұрпағы монарх 1935 жылы14 қарашада Амман қаласында ханзада Талал бин Абдалла мен ханшайым Зейн әл-Шараф бинт Джамильдің отбасында дүниеге келді. Болашақ король Мысырдағы «Виктория» колледжінде Ұлыбританиядағы «Хэрроу» мектебінде оқыды. Кейінірек Ұлыбританиядағы Сэндхерст корольдік әскери академиясында әскери білім алды. 1952 жылдың 11 тамызында Хусейн Иордания Хашимиттік Корольдігінің королі ретінде таққа отырды. Осыдан кейін Регенттік кеңес құрылды. Кеңес 1953 жылы 2 мамырда король Хусейн мұсылман күнтізбесі бойынша 18-ге толып, өзінің барлық конституциялық өкілеттігін алғаннан кейін жұмысын тоқтатты. Ұзақ жылдар бойы билік еткен король Хусейн өз елін қалыптастыруға әрі әрбір иорданиялықтың өмір сүру деңгейін көтеруге бар күш-жігерін жұмсады. Бастапқыда экономикалық және өнеркәсіптік инфрақұрылым қалыптастырылды және соның көмегімен король өз қалауына қол жеткізуге мүмкіндік алып, өз халқының өмір сапасын арттырды. 1960 жылдары Иорданияның негізгі өнеркәсіп салалары фосфат пен сақар (сабын, шыны жасау өндірісінде қолданылатын химиялық қосынды) өндіру, цемент шығару қарқынды дамыды. Сонымен бір уақытта бүкіл елде автомагистраль желілері тартылды. Король Хусейннің қарапайым азаматтардың өмір сапасы деңгейін арттыру бағытындағы қол жеткізген жетістіктерін сандық деректер де айғақтай түседі. Мәселен, 1950 жылы су, кәріз және электр энергиясымен иорданиялықтардың тек 10 пайызы ғана қамтылса, бүгінде бұл көрсеткіш 99 пайызға жетіп отыр. 1960 жылдары иорданиялықтардың тек 33 пайызы ғана сауатты болса, 1996 жылы жазып, оқи алатын тұрғындардың үлесі 85,5 пайызға көтерілді. 1961 жылы қарапайым иорданиялық күніне орташа 2198 калория тұтынса, 1992 жылы бұл сан 37,5 пайызға көтеріліп, 3022 калорияға жетті. ЮНИСЕФ-тің статистикалық деректеріне қарағанда, 1981-1991 жылдары Иордания бала өлімінің қарқынын төмендетуде әлемдегі ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Дәл осы кезеңнің басында 1000 жаңа туған баланың 70-сі, ал соңына қарай тек 37-сі ғана шетінеген. Яғни 10 жылдың ішінде бала өлімінің көрсеткіші 47 пайызға төмендеген. Король Хусейн Иордания халқы оның басты байлығы екендігіне әр уақытта да сенімді болды және барлығын, тіпті өмірден өз орнын таппағандарды, мүгедек болғандарды немесе ата-анасынан айырылғандарды өзі үшін әрі елі үшін зор жетістікке жетуге ұмтылуға шақырды. Король Хусейн өзі билік еткен 47 жыл бойы Таяу Шығыстағы бейбітшілікті орнатуға бар күш-жігерін жұмсады. 1944 жылы Иордания мен Изриль арасындағы бейбітшлік келісімі Таяу Шығыстағы әділ, бәрін қамтитын әрі ұзақмерзімді тыныштыққа қол жеткізу жолындағы байыпты қадам болды. Король Хусейннің демократия, азаматтардың бостандығы мен адамдардың құқығы идеалдарына құлай берілуі Иорданияның өңірдегі үлгілі елдердің біріне айналуына жол ашты. Король Хусейн 1978 жылы 15 маусымда патшайым Нурмен отау құрды. Осыдан кейін олардың екі ұлы Хамза мен Хашем және екі қызы Иман мен Райя дүниеге келді. Ал бұған дейінгі некесінен де Ұлы Мәртебелінің тағы да үш ұлы Абдалла, Фейсал және Әли, сондай-ақ Алия, Зейн, Алиша, Хайя, Абир есімді бес қызы бар. Өмірінің соңына қарай король Хусейн көптеген немерелердің асқақ атасына айналды. Өмірден озған Ұлы Мәртебелі король Хусейн мен ханшайым Муна әл-Хусейннің үлкен ұлы король Абдалла ІІ 1962 жылдың 30 қаңтарында Амман қаласында дүниеге келді. Ол бастапқы білімді Аммандағы Исламдық тәрбие колледжінде және Ұлыбританияның Сурей қаласындағы Сент-Эдмунд мектебінде алды. Содан кейін болашақ король Америк Құрама Штаттарындағы «Иглбрук» мектебінде және Дирфилд академиясында оқыды. 1980 жылы болашақ король Абдалла ІІ Ұлыбританиядағы Сэндхерст корольдік әскери академиясына түсіп, оны 1 жылдан кейін кіші лейтенант шенімен бітірді. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін ол Батыс Германия мен Ұлыбританияда қызметтен өту үшін Британ армиясы 13-ші/18-ші Корольдік атты әскери батальонының барлау ротасына командир болып тағайындалды. 1982 жылы Абдалла Оксфорд университетіне барып, Таяу Шығыс бойынша біржылдық оқу курсын тыңдады. Еліне оралғаннан кейін болашақ король Иорданияның Қарулы күштері қатарына қабылданды. Абдалла әскери қызметінен бөлек бірнеше мәрте әкесі король Хусейн болмай қалған кезде Иорданияның регенті міндетін атқарып, ресми миссиялармен тұрақты сапарға шығып тұрды. 1999 жылдың 24 қаңтарында ол корольдік жарлықпен мұрагер ханзада болып жарияланды. Абдалла туа салысымен мұрагер ханзада болған еді, бірақ 1965 жылы 1 мамырда бұл лауазым король Хусейннің ағасы Хасанға берілген болатын. Ұлы Мәртебелі Король Абдалла II бин әл-Хусейн ел конституциясына сәйкес Иордания Хашимиттік Корольдігінің тағына әкесі король Хусейн қайтыс болған 1999 жылдың 4 ақпанында отырды. Осы кезден бастап елде Корольдің таққа отырған күні ресми мерекеленіп келеді. Таққа отырған кезден бастап Абдалла ІІ әкесі бастаған істі жалғастыруда. Ол араб әлемінде және халықаралық қоғамдастықта Иорданияның қуатты әрі позитивті рөлін жақтап, араб-израиль жанжалын әділ, жан-жақты және ұзақ мерзімге реттеуге ұмтылады. Король Абдалла ІІ өмірден озған король Хусейннің идеалдарына барынша берілген және де Иорданиядағы демократия мен саяси плюрализмді одан әрі жеңілдетуге тырысады. Ол барлық иорданиялықтардың өмір сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік даму мен экономикалық өсімнің тұрақты деңгейін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Король Иорданиядағы білім беру жүйесін және елдің ақпараттық-коммуникациялық саласын дамытуға әрекет етеді. Король Абдалла ІІ тұсында Иорданияны Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданды және Америка Құрама Штаттарымен, Еуропалық одақпен, Еуропалық еркін сауда қауымдастығына мүше елдермен және 16 араб мемлекетімен еркін сауда аймағын құру туралы келісімді раификациялады. Король азаматтық еркіндіктің дамуына жәрдем береді және оның күш салуының арқасында Иордания Таяу Шығыстағы барынша прогрессивті елдердің біріне айналды. Король Абдалла ІІ мен патшайым Рани 1993 жылдың 10 маусымында некелесті. Олардың отбасында ханзада Хусейн (1994 жылы 28 маусымда дүниеге келген) мен ханзада Хашим (2005 жылдың 30 қаңтарында дүниеге келген) және ханшайым Иман (1996 жылдың 27 қыркүйегінде дүниеге келген) мен ханшайым Салма (2000 жылдың 26 қыркүйегінде дүниеге келген) ержетіп келеді. Корольдің 4 ағасы мен 6 қарындасы бар. Король Абдалла II түрлі елдердің наградаларымен марапатталған. Ол тәжірибелі сүңгуір, ұшқыш әрі парашютші. Оның бұдан бөлек автожарыспен, су спорты түрлерімен, дайвингпен шұғылданады және көне қару-жарақтарды жинаумен әуес. Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынас араб әлемінің басқа елдеріндегідей оң бағытта дамып келеді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орнатылған. Қазақстанның елшілігі аталған елдің астанасы Амманда, ал Иордания елшілігі Астана қаласында орналасқан. Қазақстан мен Иордания көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдалла ІІ бен Хусейн арасында достық қарым-қатынас орнаған. Бұл ретте Қазақстан басшысының 2006 жылы Иорданияға, а 2007 жылы тамызда Король Абдалла ІІ-нің Астанаға сапарлауын атап өтуге болады. Тараптар әлемдік экономикадағы дағдарысқа қарамастан жүзеге асырылып жатқан экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады. 2009 жылы ҚР Президентінің Амманға сапары сәтті өтіп, екі тарап та тағы бір мәрте ынтымақтастықтың бағдарын айқындап, екіжақты саладағы бірқатар мәселелерді талқылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін