Олардың бәрін қала тұрғындары, қала қонақтары біле бермейді. Сондай-ақ қазақшаланған көше аттарын әлі күнге дейін орысша атау сәнге айналуда.Кез-келген қоғамдық көлікке міне қалсаңыз, жүргізушінің өзі Қарасай батыр деудің орнына – «Виноградова», Төле би көшесін «Комсомольская» деп бұрынғыша атай береді. Ол аз десеңіз, қазір жастардың көпшілігі көше аттарын кімдердің иеленгенін біле бермейді. Тіпті білетіндердің өзі олардың елге қандай еңбек сіңіргендігінен хабарсыз. Көптеген көше аттары бұрынғы Кеңес Одағы кезінде қойылғаннан еш өзгертілмей айтылып келеді. Оны өзгерту, жаңғырту – уақыт талабы.
Теміртауда жастарды отансүйгiштiк рухта тәрбиелеуде кедергi келтiретiн атаулар көп-ақ. Солардың бiрi – Степан Разин атындағы көше. Степан Разин кезiнде өзiне тұрмысқа шығуға қарсылық бiлдiрген, кәмелет жасына толмаған қызды айуандықпен азаптап, суға тұншықтырып өлтiрген. Ол сонымен қоса бейбіт мұсылмандарды қырумен де көзге түскен екен. Осы шаһарда әлі күнге дейін Кеңес Одағын дәрiптейтiн көше атаулары мен жарнамалар жетерлік.
Мәселен, қаланың басты даңғылының бiрi – «Комсомол» деп аталады. Тiптi шаһардың кiреберiсiне Кеңес Одағының картасы салынған және қызыл әрiптермен жазылған «СССР» деген жазуы бар үлкен белгі де қойылған. Бұл ескерткiштiң бiр шетiндегі көрiнер-көрiнбес етiп майда әрi қарақошқыл түспен жазылған «Қазақстан магниткасына 50 жыл» деген жазу жас баланы кәмпит берiп алдаусыратып қойғандай әсер етедi.
Көше атын кім болса сол иеленбеуі тиіс. Ал елге танымал тұлғалардың есімдерін ардақтау – парыз.
Алматыда әлі күнге дейін бірнеше көшелер кеңестік кезеңде берілген аттарымен аталып жүр. Мысалы Медеу ауданында «П.Морозов», «А.Чекалин», «Глубокая», «Южная», «Бригадная», «Верный», «Горно-восточная» деген атаулар үйлердің қақпасында тайға таңба басқандай жазылып тұр. Сонымен қатар, қаланың басқа аудандарында «Черепанов», «Котельников», «Попов», «Терехин», «Качалов», «Дежнев», «Тропинин» сияқты көшелерді де кездестіреміз. Тіпті, көше қиылысындағы бір үйде үш бірдей көше аттарының ілулі тұрғанын да кездестіруге болады.
Немесе, мына суреттегідей сонау Ресейдің Алтайындағы Вятск қаласымен аталған көше де бар.
Бұл арада Әлиханымыз базар бойлаған лас көшені алып, Мағжанымыз шеткі көшеден орын теуіп, Мұстафа Өзтүрік елеусіз қалған, бар-жоғы бір-екі шақырым ғана болатын кішкентай көшені алса да, біздің әу деп үн шығарар қауқарымыз жоқ па еді?! Көшенің атын көкесіне сақтап отыр ма басшылық?
Сондай-ақ, Алматыдағы қазақша аталған көшелердің өзінің атауы дұрыс жазылмай келеді. Қай жер де қатеге тұнып тұр десек, артық айтқандық емес. «Байтурсынов к-cі», «к-сі Байтурсынұлы», «Сатпаев көшесі», «Жібек жолы проспекті» «Жубанов көшесі», «Утеген батыр», «Сайын көшесі», «Казыбек би», «Айтеке би». Барлығында «ұ» у – ға, «ә» – а –ға, «қ» к-га, «ө» о-ға айналған.
Көше бойлап жүре берсеңіз «Толе би», «Ауэзов», «Утеповалар» қос-қостап шығады алдыңыздан. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның 19-шы бабында елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың, сондай-ақ, басқа да физика-географиялық нысандардың қазақша атаулары басқа тілдерде транслитерация ережелеріне сәйкес берілуі тиіс деп көрсетілген.
Сондықтан осы заңға сәйкес көше атаулары екі тілде жазылады. Сондай-ақ аталған заңның 21-бабына сәйкес бланктер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады» деп көрсетілген. Осылайша ол қателердің барлығы заң бойынша сауатты жазылған болып шыға келеді. Мүйізі қарағайдай қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, атақ-абыройы әлемге жайылған академиктердің ұрпағынан алған құрметі осы болғаны ма?
Ал мына бір жаңадан жасалынған тақтайшаны ерінген адам істеген сияқты. "Ак.Сәтбаев" дегеніміз, әрине, Академик Сәтбаев көшесі болып табылады. Алайда, білмейтін жұрт үшін "Ак" дегеніміз ғалымның есімі секілді көрінуі мүмкін.
«Біреуден Дзержинский деген кім десе, ол Наурызбай батыр ғой» деген екен. Ескерусіз қалғандары есепсіз, ал аты бар көшелерімізді қос тілде атаймыз деп жүріп, ұлыларымызды ұмытып қалмасақ болғаны…