Осы тұрғыда Caravan.kz порталының тілшісі Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Әшімов Нұрдан Абайұлымен сұхбаттасты.
— Көші-қон бағдарламасы бойынша қанша уақыттан бері жұмыс атқарып келе жатырсыздар, қандай жұмыстар істелді?
— Көші-қон бағдарламасы бойынша Павлодар облысы 2017 жылдан бастап жұмыс атқарып, жалғасын тауып келе жатыр.
Қазіргі таңда, 2,5 мыңнан аса қандас, 10 мыңнан аса ішкі көші-қон бойынша облысымызға көшіп келді.
Ұлттық жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар негізінде жұмыс күші тапшы өңірлерге делегациялар барады. Телевидение, радио, сонымен қатар, әлеуметтік желіде түсініктіме жұмыстары жүргізіледі. Сенім телефондары бар. Бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын тауып жатыр. Солардың біріне тоқталар болсам,
Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы, 2023 жылдың мамыр айының 17 күні Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары мен жұмыспен қамту орталықтарының мамандарынан құрылған делегация өкілдерімен бірге жұмыспен қамту орталығының басшысы және мамандары бірлесіп, қоныс аудару бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткіздік.
Іс-шара ауданның алты ауылдық округінде (Бәйтерек, Ават, Саймасай, Көктөбе, Түрген ауылдық округтері және Есік қаласында) өткізілді. Делегация екiлдерi брошюралар таратып әрқайсысы қоныс аудару жөнінде қажетті ақпараттар алды. Іс-шараға 300-ден астам жұмыссыз азаматтар қатысты. Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан жұмыссыз азаматтардың көпшілігі қызығушылық білдіріп, қоныс аударуға ниет білдірген азаматтар болды.
2022 жылдың қортыныдысында қоныс аудару бойынша жоспар 55 отбасы, 180 жұмыссыз азаматтарды құрап, жоспар 100% орындалды.
— Отбасы мүшесіндегі қанша адамға жұмыс беріледі? Шектеу бар ма?
— Сұрағыңыз өте орынды. Бізде отбасы мүшесіндегі осынша адамға жұмыс беріледі деген ешқандай шектеу жоқ. Қанша адам жұмыс істеймін десе, біз әрине барлығына жұмыс табуға тырысамыз. Алайда, талаптарға сәйкес, отбасында кем дегенде бір адам нақты жұмысқа орналасуы керек.
Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 67,5%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 23,8%-ды және зейнеткерлер 8,7%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,3%-ы жоғары білімді, 37%-ы орта кәсіби білімді, 38,4%-ы жалпы орта білімді және 7,3%-ының білімі жоқ.
— Бағдарламаның шарттары жайлы айтсаңыз…
— Бағдарламаның шарттарының бірі – мамандық иесі болу керек. Жоғарыда айтып өткенімдей, отбасындағы кем дегенде бір адам мамандық иесі болу. Әрине, отбасындағы барлық адамның мамандық иелері болса, одан да жақсы және оған шектеу қойылмайды.
Атап өтер болсам, бізде облыста медицина мамандары, педагогика мамандары, сонымен қатар, техникалық маман иелері тапшы. Сол мамандарды қазіргі күнде жұмысқа тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал, шарттарының тағы бірі – сол шығатын өңірден, мемлекеттік белгілеген кем дегенде соңғы бір жылда тұрақты тіркеуде болуы керек.
— Халықтың көпшілігі үй мәселесін түсінбей жатады. «Үй тегін беріле ме?» деген сұрақтар жиі қойылатын шығар. Сол жағын нақтылап берсеңіз…
— Иә, дұрыс айтасыз. Үй мәселесін түсінбей жататындар көп. Бағдарлама бойынша, үй тегін берілмейді. Осы жылдан бастап, ереже бойынша экономикалық сертификат енгізілген. Сол сертификат бойынша, қоныс аударған адамдар үй сатып алған кезде, үкімет тарапынан 50 пайыз төленеді. Бірақ, 4 миллионға дейін. Мысалы, үй 6 миллион теңге тұратын болса, оның 50 пайызы яғни, 3 миллион теңгесі беріледі. 8 миллион теңге тұрса, 4 миллион теңгесі беріледі. Бірақ, ескере кететін жайт берілетін сома 4 миллион теңгеден аспайды. Мәселен, үй 15 миллион немесе 20 милиион тұрса, тек 4 миллион теңгесі ғана беріледі. Бұл тек үй мәселесі шешілу үшін.
— Тағы қандай көмектер беріледі? Үй мәселесінен бөлек қаржылай қолдау қарастырылған ба?
— Әрине, қаржылай көмек беріледі. Көшіп келетін отбасының әр мүшесіне беріледі. Яғни, отбасындағы әр жанға 241 мың теңге төленеді. Сонымен бірге, қоныс аударған отбасына бірден тұрғылықты үй табылмаса, үйді жалға алу үшін материалдық көмек қарастырылған. Ол 52 мың теңгеден бастап, 103 мың теңгеге дейін барады.
Тағы да айта кететін жайт, Оңтүстіктен қоныс аударатындар, қандастар грант алатын топқа жатады. Нақты бизнес жоспары болса, грант алуға өтініш беруге болады. Әрине, мұның бәрі комисиияның қаралуымен, шешімімен болатын дүниелер.
Және де оңтүстіктен көшіп келушілер мен қандастар үшін ешқандай конкурссыз бір гектар жер алуға болады. Егінмен айналысуға, мал шаруашылығымен айналысу үшін сондай көмектер қарастырылған. Егер, бір гектар аз дейтін болса, екі немесе үш гектар алу үшін конкурс арқылы беріледі.
— Оңтүстіктен келетіндер, қандастар үшін тұратын жерді кім таңдайды? Сіздер белгілейсіздер ме, әлде өздері таңдау жасай ала ма?
— Әрине, өз таңдауларын жасайды. Бізде бәрі ерікті түрде. Ешқандай мәжбүрлеу жоқ. Алдын-ала жатақханалар тағайындалған. Жұмыс берушімен келісу мақсатында, арнайы алдын-ала бәрі дайындалған.
Бізде мына жерге тұруларыңыз керек деп айтпаймыз. Өздері қарап, таңдап, шешімдерін айтады. Барлық жағдай қарастырылған, барлық жағдай жасалған.