Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жеңімпаздарды марапаттай отырып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Алматы музыкалық колледжінің директоры П.И.Чайковский Біржан Хасанғалиев: «Елбасы жүргізіп отырған саясаттың арқасында елімізде әр саладағы дарынды жастарды анықтау және қолдау үшін барлық жағдай жасалған. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеялары жүйелі түрде жүзеге асырылатын, республиканың жас ұрпағының әлеуетін ашуға бағытталған ұйым. Бұл байқау – Қор қолдау білдірген колледжіміздің көптеген жобалары секілді, жаңадан келген өнерпаздар алдымен өздерін танытатын, өз өнерлерін көрсетіп, еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің үлкен сахналарына жолдама алатын алаң. Міне, осындай байқаулар арқылы белгілі мәдениет қайраткерлері шеберліктерін шыңдап, қолдау тауып, кәсіби тұрғыдан өсті», – деді.
Естеріңізге сала кетейік, байқауға еліміздің әр өңірінен 70 жас өнерпаз қатысты. Байқау үш номинация бойынша өтті: «Құрманғазы» – домбыра», «Қорқыт» – қобыз», «Фатима Балғаева» – прима-қобыз. Номинациялар қазақ халық аспапта орындаушылық өнерінің ірі өкілдерінің есімімен аталды.
– Дәстүрлі «Көшпенділер әуені» байқауы биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Биыл ол еліміздегі ауқымды шара – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өтті. Эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, жарыс барлық қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылды. Байқауды ұйымдастырушыларға және қазылар алқасының мүшелеріне өз атымнан алғыс айтамын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Жарыс – жарыс: біреу – жеңімпаз болса, біреу – жеңіліс табады. Осы жолы өз ойын толық жеткізе алмағандарға айтарым: үміт үзбеңіз. Сіздерді келесі байқауда көргіміз келеді. Барлық жеңімпаздарды тағы да құттықтауға рұқсат етіңіздер! Ұлттық мұрамыз – ұлттық мәдениетіміз әрқашан өркендей берсін», – деді марапаттау рәсімінде «Құрманғазы» номинациясы бойынша қазылар алқасының төрағасы Төлепберген Тоқжанов.
Айта кетейік, жобаның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық аспаптық және вокалдық музыкалық мұрасын насихаттау. «Көшпенділер әуені» байқауының негізгі мақсаты – қазақтың әр түрлі орындаушылық дәстүрлерін паш ететін жас дарынды халық күйшілеріне қолдау көрсету және анықтау.
– 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Көшпенділер әуені» барша жаңадан бастаушы жас орындаушыларға арналған трамплин. Бұл байқаудың мақсаты жас таланттарды халыққа таныту ғана емес, ең алдымен қазақтың халық музыкасын, ұлттық аспаптары – домбыра мен қобызды насихаттау деп есептеймін. Осындай тамаша музыка фестивалін ұйымдастырғаны үшін барлық қатысушылардың атынан барлық ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», — деді Д. Нұрпейісова атындағы Атырау музыкалық колледжінің студенті Ақтолқын Жақсылық.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің Е.Серкебаев атындағы концерт залында өтті.
Шығармашылық жарыстың нәтижесі бойынша:
— «Құрманғазы» номинациясы бойынша І орын Нұрдәулет Мұхамеджанов, Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжінің студенті;
— «Қорқыт» номинациясы бойынша І орынды П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенті Зерде Жеңіс жеңіп алды;
— «Фатима Балғаева» номинациясы бойынша I орын халық өнерпаздары ағайынды Абдулиндер атындағы Шығыс Қазақстан училищесінің студенті Жанбота Қасымхановаға бұйырды.
Байқаудың «Құрманғазы» номинациясы бойынша Бас жүлдесін П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенті Сұлтан Әлімқұл, ал «Фатима Балғаева» номинациясы бойынша Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжінің студенті Ақтолқын Жақсылық жеңіп алды.
– «Көшпенділер әуені» – жас өнерпаздарға шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, ұлттық мәдениетті насихаттаудың қуатты қозғалтқышы болатын музыкалық байқау. Ол бойымызға патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ұялатады, – деді Бас жүлде иегері Сұлтан Әлімқұл.
Жеңімпаздарға сыйлықтар мен дипломдар табысталды.