Косметика өнімдері халал ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Косметика өнімдері халал ма?

Косметика өнімдері халал ма?

Косметика өнімдері халал ма?

  • 11 Желтоқсан 2019
  • 43
Фото - Caravan.kz

Қазіргі таңда қыз-келіншектердің өзін-өзі күтінуінде косметика өнімдерінің алатын орны зор. Әйелдер сұлулыққа жақын жандар болғанымен кейбір косметика өнімдерінің құрамына мән бермесе, құлшылығына зияны тиері анық. Сондықтан да косметика өнімін таңдағанда құрамына аса мән берген жөн. Бұрындары француз, американдық, итальяндық косметикалар нарықты жаулап алып, бірінші кезектегі әйгілі бренд өнімі болып келді. Ал соңғы жылдары бүкіл әлемді корей косметикасы жаулап жатыр. Нарықта корей косметикасының 2000-нан астам бренді белгілі. Корей косметикасы неліктен қолжетімді бағада сатылуда және оның қандай айырмашылықтары бар деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Осы мәселеге қатысты аталмыш шағын мақаламызда косметика өнімдерінің құрамында кездесетін харам және күмәнді қоспалар жайында тоқталып өтеміз.
Алдымен косметикаға тоқталсақ, косметика өнімдерінің құрамындағы ингредиенттерді 3 топқа бөліп қарастыруға болады:
1) Дәстүрлі ингредиенттер – барлық елдердің косметикаларында қолданылатын әмбебап, зертханалық сынаулардан өткен, косметиканың негізін қалайтын қоспалар.
2) Эксперименталды ингредиенттер – бұның өзі аты айтып тұрғандай, бұрын соңды өндірісте қолданылмаған тәжірибеде қолданылып жүрген жаңа (ноу-хау) қоспалар.
3)Ұлттық ингредиенттер – әр елдің географиясына байланысты қолданылатын ингредиенттер. Мысалы, Корея және жалпы Шығыс Азия елдерінде ғана өсетін лотос, женьшень, кордицепс сияқты емдік шөптер ұлттық ингредиент қатарына жатады.

Дәстүрлі қоспалардан ең танымал қоспалар қатарына жататын коллаген, гиалурон қышқылына тоқталсақ.

Коллаген дегеніміз – дәнекер ұлпаларын біріктіретін ақуыздың бір түрі. Ол терінің иілгіштігі мен серпімділігі үшін жауап береді. Теріңіздегі алғаш пайда болған әжімдер – ағзада коллагеннің төмендегенін білдіреді.

Дұрыс тамақтану — осы ақуыздың бұзылу үрдісін баяулатудың бірден-бір тәсілі. Атап өткеніміздей коллаген бұл — ақуыз. Ағзамыздағы ақуыздың 30-40 %-ы коллагенге тиеселі. Коллаген терінің жастығын сақтайды, сонымен қатар ол тырнақ, шаш, буын және ішек ұлпасында да бар. Коллагеннің 16 түрі бар. Оның үш түрі (90 %) кеңінен таралған. Коллагеннің I және II түрлері сүйекте, теріде, сіңір байламдарында, ал коллагеннің III түрі – буындарда болады.
Адам ағзасы коллагеннің қажетті мөлшерін өзі бөліп шығаруға қабілетті. Алайда 25 жастан соң оның табиғи өндірісі төмендей бастайды. Міне, дәл осы кезде алғашқы әжімдерді байқауға болады. Сәл уақыт өте келе артрит пайда бола бастайды.
Косметикалық құралдардың көбінің құрамына «коллаген» қосылады. Ол — терінің серпімділігіне жауап беретін ақуыз. Уақыт өткен сайын ағза табиғи коллаген өндіруді азайтып, қартайған шақта мүлдем тоқтатады екен. Терінің салбырап, босап қалатыны содан. Осының алдын алу үшін көптеген косметикалық өнімдердің құрамына коллаген қосылады.
Косметологияда коллагеннің бірнеше түрі қолданылады. Біріншісі – ірі қара малдың терісінен өндірілген коллаген. Ол арзан болып келгенімен аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін. Екіншісі – өсімдік текті коллагенді бидай протеинінен өндіреді. Бұл гипоаллергенді, бірақ өте қымбат шикізат. Үшіншісі – теңіз балықтарының терісінен өндірілетін теңіз коллагені де сондай гипоаллергенді қасиетке ие. Осы жағдайларды ескере отырып, корей ғалымдары шошқадан алынатын коллагенге тоқтады. Өйткені, шошқа коллагені адам ақуызымен өте ұқсас болғандықтан, оны өз өнімдерінде ашық көрсетуден де қымсынбайды. Корей косметикаларында доңыздың суреті салынған әр түрлі тазартқыш кремдер мен жақпа майларды кездестіруге болады. Коллаген – барлық косметика өнімдерінің негізін қалайтын басты қоспа. Сондықтан Корей косметикасының барлық түрінде коллагенді кездестіруге болады.

Гиалурон қышқылы дегеніміз – сүйектің дәнекер ұлпаларының құрамына кіретін қоспа. Былайша айтқанда, тері қабатында сүйек ұлпаларының арасында болатын желім тәрізді зат. Ағзамыздағы гиалурон қышқылының 50 пайызы теріге тиесілі. Гиалурон қышқылы косметика өнімдеріндегі ең басты ылғалдатқыш қоспа. Гиалурон қышқылының ағзадағы қызметі «цемент» іспетті клеткаларды бір-бірімен байланыстырады. Коллагеннің синтезіне жауапты, теріні ылғалдандырып, оның иілгіштігіне, жылтырлығына әсер етеді.
Косметика өнімдеріне гиалурон қышқылын қосудағы басты себеп – теріні ылғалдандырып, терінің сулы балансын реттеп тұру болып табылады.
Косметологияда екі түрлі гиалурон қышқылын қолданады: жануар текті, биотехнологиялық синтез негізінде өндірілетін гиалурон қышқылы.
Ұзақ жылдар бойы гиалурон қышқылын жануарлардан өндіріп келген. Жануарлардың ағзаларын ұсақтап, екі фазалы тазалау арқылы өндірген. Бірақ мұндай әдіспен өндірілген косметикалық өнімдерде адам ағзасында аллергия пайда болып, ағзаның қорғаныштық қызметімен гиалурон қышқылы бөтен затқа айналып, ағза оны шығарумен әлекке салып жатты. Сондықтан да мұндай әдіспен косметика өндіру ыңғайсыздық тудырып, гиалурон қышқылын жануарлардан емес, биосинтез әдісімен өндіру жолға қойылды. Қазіргі таңда гиалурон қышқылын жануардан өндіру кемде-кем. Биосинтез әдісінде өсімдік текті ортада (бидай сорпасы) стрептококк бактерияларымен гиалурон қышқылын алуға негізделген. Яғни, осындай биосинтез әдісімен өндірілген гиалурон қышқылын пайдалануда халал тұрғысынан ешқандай кедергі жоқ.
Экспериментальді қоспалардың кейбір «жаңашыл» қоспаларына плацента, жылан уы сияқты т.б заттар жатады. XXI ғасырда интернеттің дамыған заманында биологиядан хабары бар кез-келген адам косметика қаптамасында ағылшынша жазылған «Placenta» сөзін түсінеді деп ойлаймын.

Плацента дегеніміз – ұрықжолдас, бала жолдас (жүктілік кезінде жатыр ішінде дамитын, ана мен жатыр қуысындағы нәресте арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды мүше). Яғни әйел босанған соң, артынша бала құрсақта дамыған плацентадан да босанады. Бұл аталмыш қоспа қазіргі таңда көптеген косметикалардың құрамында бар. Бұны бүгінгі күннің косметика технологиясының жеткен жетістігі дейміз бе, әлде соңғы жылдардағы ең сорақы косметикадағы қоспалар жаңашылдығы дейміз бе, не деп баға беруге болатынын ғалымдар нақты айтпауда.


Косметикадағы плацента екі түрлі шикізаттан алынуы мүмкін:
1) Адам плацентасы
2) Жануар плацентасы (шошқа, ірі қара мал)
Еуропада адам плацентасын қолдануға заңдық негізде тыйым салынғанымен өзге елдер де бұған шектеу жоқ. Перзентханадағы босанған әйелдердің плацентасы, сонымен қатар түсік тасталған ұрық клеткалары да осы косметика өндірісінде кеңінен қолданылады.
Плацентаны косметика өнімдеріне қосу себебі – плацентаның құрамында көптеген витаминдердің болуымен және теріні жасартатын қасиетімен түсіндіріледі. Алайда плацентаны қолдануға байланысты дау көп. Себебі плацентаның құрамындағы гормондар ағзаға зиян тигізуі мүмкін. Сондай-ақ, зиянды вирустар жұғу қаупі бар. Егер де косметикада адам плацентасы қолданылған жағдайда, қаптамада «аллогенный» деген жазуынан білуге болады.
Косметикалық өнімдердің ішінде плаценталық кремдер сұранысқа ие. Бірақ ондай кремдердің ішінде пайдалануға болмайтындары да бар.
Халал мәселесі тек ішіп жеген асымызбен ғана шектелмейтіндіктен күнделікті қолданыста болған әрбір пайдаланатын затымызға да қатысы бар екенін ескеру қажет. Мұсылман баласы косметикалық өнімдерді пайдаланатын кезде шариғат адал деп бұйырмаған аң-құстар мен жануарлардың ақуызы қосылған косметикалық өнімдерді пайдаланбағаны дұрыс. Әсіресе шошқа майы мен ақуызы, адам плацентасын пайдаланған косметикалық өнімдерді қолдауға болмайды.

                                                                                             ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің бас маманы Айжан Омарова

                                                                                                                                                         

                                                                                                                                                                            

                                                                                                                

Соңғы жаңалықтар