Көз тию психологиялық құбылыс па? - kaz.caravan.kz
  • $ 480.55
  • 533.75
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
7 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көз тию психологиялық құбылыс па?

Көз тию психологиялық құбылыс па?

Әжелеріміздің молдаға оқытылған дұғаны тұмар түрінде немесе алуан түрлі жылтырақ заттарды нәрестенің бесігіне, киіміне тағып қоятынын жас кезімізде жиі байқайтынбыз, - деп жазады Айқын газеті.

  • 19 Маусым 2014
  • 10942
Фото - Caravan.kz

Тіпті кейбір қыз-келіншектердің де жемпірінің немесе костюмінің кеуде тұсына тағылған алтын немесе күміс түйреуішті (брошка) жиі көріп қаламыз. Басқаны былай қойғанда, қайсыбір атбегілердің талай бәйгеде топ жарып, бас бәйгені бермей жүрген тұлпарларын бөгде көзден тасада ұстап, баптайтын әдеті әлі күнге жалғасын табуда. Бұл неліктен? Бұл – сәбиді немесе желмен жарысқан хас жүйрікті көлденең көк аттының көзінен қорғау. Сонда, көз тию дегеніміз не? Оның белгілері қандай? Бұл психологиялық құбылыс па, жоқ әлде, адамдар ойлап тапқан наным-сенім бе? Әдетте, адам көз тигенді қалай байқайды және одан құтылудың жолдары бар ма? Міне, бүгін біз сонау заманнан бүгінге жеткен көз тию туралы әңгіме қозғағанды жөн көрдік.

Саналы ғұмырында сан алуан жақсылықтармен қоса, түрлі-түрлі қиындықтарды басынан өткерген қазекем, «көзі» немесе «тілі» бар адамдарды айтпай танып, ондай адамнан сақтанудың түрлі амал-тәсілдерін меңгерген. Тіпті көз бен тіл тиюден қорғанудың небір ғаламат әдістерін де ойлап тапқан. Ең бастысы, ата-бабаларымыз қандай жағдай болсын сәбиге, бойжетіп, өсіп келе жатқан жеткіншектер мен бойжеткендерге көз бен тіл тиюінің алдын алып, оны қайтаруға әрекет етіп отырған. Себебі көз тиген сәби немесе адам міндетті түрде ауруға ұшырайтын болған. Мысалы, осындай «тажалдың» алдын алу үшін әжелеріміз келген адамның назарын бірден сәбиге емес, өзіне аударатын сан түрлі жылтырақ заттарды нәрестенің бесігіне іліп қоюды дағдыға айналдырған. Сөйтіп, көзі жаман адамның «көзін» әлгі затқа аудару арқылы нәрестені бәле-жаладан қорғап қалған. Мұндай дәстүр күні бүгінге дейін жалғасын табуда. Мысалы, қазіргі күні жаңа көлік алған адам көлігінің артқы жағына қызыл шүберек байлап қойса, жаңа үй салған адамдар үйінің кіреберіс жақтауына кәдуілгі тағаны іліп қоятынын жиі кездестіруге болады. Меніңше, бұл көз тиюден сақтанудың жаңа заманға жеткен бір амалы болса керек.

Кейбір психолог-зерттеушілер көздің тиюін көп жағдайда көздің жаман сәулесі, яғни қандайда бір адамның қызғанышынан пайда болатын құбылыс ретінде бағалайды. Тіпті халық арасында айрықша беделге ие емшілер мен экстрасенстер де көз тиюдің құпиясы мен себеп-салдарын осылай болжауда. Сонда көз тиюді емдеудің жолдары бар ма? Оны қалай емдеуге болады дейтін мәселеге келсек, мұның да мүмкіндіктері бар көрінеді. Ежелден ырымшыл ата-бабаларымыз сонау замандардың өзінде көз тиюден емдеудің алуан түрлі жолдарын меңгеріп, әсіресе, сәбилерді көз тиюден қорғай білген. Мысалы, көзі тиген адамның ұлтарағын білдіртпей ұрлап алып, «көз арқылы келген бәле-жала осы ұлтарақпен бірге кетсін» деген ниетпен емшіге немесе бақсыға дұға оқытып, әлгі ұлтарақты өртеп жіберіп отырған. Ал Ирландияда әлдекімнің көзі тие қалған жағдайда әлгі адамның көзінше еденге былш еткізіп түкіріп тастап, жүре береді екен. Тағы бір мысал, цирк аренасында арыстан, жолбарыс, аю тәрізді небір жыртқыш аңдардың тілін еркін меңгерген жаттықтырушылар көп жағдайда жыртқыш аңдарға өзінің көзін қадау арқылы оларды дегеніне көндіретін болған. Әрине, дәл мұндай қабілеттің кез келген адамда болуы екіталай. Бұған қоса, күнделікті өмірде кейбір адамдар өздеріне біреудің қадала қарап, зер салғанын сезіп, күдіктенсе, енді біреулер айналасындағы адамдардың сұқ көздерін тіпті де байқамайды екен. Мамандардың пікірінше, көз сезіктенген адамдарға тез тиеді екен. Ал беймарал отырған адамға көпшілігінде көз тимейді. Демек, көздің тию немесе тимеуі адамның өзіне, әсіресе, оның қабылдау түйсігіне байланысты болатын құбылыс. Осыдан біраз бұрын Канада университетінің ғалымдары осы құбылысты (көз тиюді) ғылыми жолмен тәжірибе жасау арқылы анықтаған. Сөйтіп, олар еріктілерден бірнеше адамды жинап, олардың өздеріне екінші бір адамның көзінің тигенін қалай сезетінін тексерген. Таңданарлығы сол, экспериментке қатысушылардың 95 пайызы бөгде адамның көзінің тигенін бірден сезген. Олардың біреулері көз тигенде тура көк желкеден жеңіл бір нәрсемен ұрғандай күйге түссе, енді біреулері құдды самал жел соғып өткендей күйде болғанын айтқан. 

Ал өте сезімтал адамдарды ұзақ жылдар бойы зерттеген Австрияның ХІХ ғасырдағы танымал химиктерінің бірі барон Карл фон Рейхенбах олардың өзгелермен салыстырғанда тірі энергетиканы өте жылдам қабылдайтынын анықтаған. Сөйтіп, ол көз тию мидың қысқа толқындарының әсерінен болады деген қорытынды жасаған. Дегенмен дәл қазіргі күні мұндай пікірдің күлкілі көрінуі мүмкін, алайда мұның астарында шынайы шындық жатқаны ақиқат. 

Орыс ғалымы, техника ғылымдарының кандидаты Виталий Правдивцев өзінің зерттеуінде көздің ұшқынын радио толқынның әсер ету күшімен салыстырып, әжелердің немерелерін бейтаныс адамдардың сұқ көзінен қорғайтыны кездейсоқтық емес» деген қорытындыға келген. Десек те, қазіргі күні кейбір адамдар көз тию дегенді тіпті де мойындамайды. Олар мұны ескі көзқарастың сарқыншағы немесе діни наным-сенім ретінде қабылдайды. Мысалы, дін жолындағы итальяндықтар көз тиюден өлердей қорқатын көрінеді. Осы мәселені жан-жақты зерттеген ғалымдардың пікірінше, көз тию деген, бұл бір адамның екінші бір адамға энергия алмасу жағдайында психологиялық және биоэнергетикалық жағынан айрықша әсер етуі болып табылады. Тағы бір ерекшелігі, әдетте, әлсіз, қорғаныс қабілеті нашар адамдарға көз тигіш келеді екен. Халық арасында көз тигенді емдеудің сан алуан әдіс-тәсілдері қалыптасқан. Мысалы, көзі тиген адамды жуындырып, сол суға көз тиген сәбиді жуындырып, ұшықтаған. Әдетте, қарапайым халық жақсы адамға, сұлу қызға, жүйрік атқа, жас нәрестеге, тіпті адамның атақ-абыройы мен дәулетіне көз тиюі мүмкін деп пайымдаған. Халқымыздың «тіл-көз тас жарып шығады» дейтін сөзі мұсылман халықтарының барлығында кездеседі. Мысалы, ақын Иса Байзақовтың бір шығармасында «бір тойда дуананың көзі тиіп, кезінде құлыншақтай ол да өлді» дейтін өлең жолдары кездеседі. Ал Кенесары туралы жазылған бір шығармада «кісі еді назар керде Кенесары, көзінің қарағанда өтті зәрі» деп жазылғанын кездестіреміз. Міне, осының өзінен-ақ қазақ халқының көз тию тәрізді құбылысты ежелден мойындағанын айқын аңғарамыз. Әдетте, қазақ халқында көзі тигіш адамдарды «көзі бар» немесе «назар керде» деп атаған. Мысалы, соңғы жылдары қазақша күрестен өткізіліп жүрген «Қазақстан барысы» сайысы кезінде оған қатысушы палуандардың оң немесе сол иығына қасқырдың терісін жамылып, ортаға шығатынын байқап жүрміз. Міне, бұл біріншіден, ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүр болса, екіншіден, палуандар бөгде адамның көзі тиюінен сақтану үшін осындай шараны қабылдаған. 

Жалпы, тіл-көз адамдарға ғана емес, мал мен жан-жануарларға да, тіпті өсімдіктерге де тиеді. Мысалы, әйгілі Ақан сері өзінің айнымас серігі Құлагерін жұртқа көрсетпей, оңашада ұстағаны аңыз ғып айтылады. Әсілінде, тәуіп немесе балгер-бақсылар адамға, малға көздің тиген-тимегенін олардың көзіне қарап аңғаратын болған. Мұсылмандар көпшілігінде сәбиге, адамға көз тиген кезде оны үшкіріп ұшықтайтын болған. Сөйтіп, адамның бойына көз арқылы енген сырқатты жедел қайтарып отырған. Бабаларымыздан қалған тағы бір емдеу тәсілі, ол – көзі тиген адамға сәбиге түкіртіп алу. Қазекем әлдебіреу таңданып, таңдай қаққан жағдайда, «тіл-көзім тасқа де» деп сұғы бар адамға қатаң түрде ескерту де жасай білген. Тіл демекші, кейде біреулер «мына жылқың керемет екен, тұлпардың тұяғы ғой» деп айтып, әлдекімнің бәйге атына сұқтанғанда, көп кешікпей әлгі жануардың аяғы көктен келген оқиғалар да болған. Қорыта айтқанда, адам баласының басқа дене мүшелеріне қарағанда, қос жанары, яғни көздері ғана оның ішкі сезімі мен санасынан нақты хабар бере алатын күшке ие. Сондықтан да көз – адамның бойындағы орасан зор магиялық күш. Қалай десек те, көз тиюден қорғана білейік!


Дерек пен дәйек

Биолог-ғалымдардың пікірінше, көз де кәдуілгі терезе тәрізді. Себебі адам баласы бүкіл психологиялық іс-әрекеттерді көз арқылы білдіреді. Ал діндарлар «адам баласының жаны көз арқылы денеге кіреді және көз арқылы оны тастап шығады» деген пікірде. Айрықша қасиеттің иелері экстрасенстер болса, адамның бірімен-бірі өзінің ішіндегі қайырымды немесе өшпенділік әрекеттерін көп жағдайда көз арқылы ұғысатынын айтады. Болған оқиға. Бірде сурет сабағы жүріп жатқанда бір ұл көрші партада отырған қыздың бояуын сұрамастан жұлып алады. Сыныптасының әрекетін түсінбеген қыз дереу баланың қолына сұқтана қарайды. Сол-ақ екен, бар дауысымен айғай салған ұлдың қолынан бояу сусып жерге түседі. 

Мұғалім ұлдың жанына келіп: – Саған не болды? – деп сұрайды. Сол сәт ұлдың қолы қызарып кеткенін көзімен көрген ұстаз: 

«Неден үрейлендің?» дегенде, «Мен Гүлайнаның көзінен қорықтым» деп жылап жіберіпті.

Дерек пен дәйек

 Көз тиген адамның өмірмен мәңгі «қоштасқан» сәттері де кездескен. Мысалы, үндістердің муллу-курумба тайпасының мүшелері өздері жау санаған адамдардың көзіне көз алмай қарайтын болған. Сонда әлгі адамдардың бойын әлсіздік билеп, жүректері айнып, аяқ-қолдары әлсізденіп, тоғызыншы күні тілден айырылып, екі аптадан соң өмірден озған. Бір таңданарлығы, әлгі адамдарды мұқият тексерген дәрігерлер ешқандай аурудың ізін таппаған. Мысалы, Еуропа елдерінде өлім жазасына кесілген адамдарды жазалар алдында олардың көзін матамен байлайтын дәстүр болған. Мұның себебі о дүниеге аттанғалы тұрған адамның көз жанарында ғаламат эмоциональдық заряд болатын көрінеді. Бұған бір мысал, Ирактың бұрынғы басшысы Саддам Хусейінді дарға асар кезде оның көзінің байланғанын теледидардан көргеніміз бар. Адам өлгенде, ең алдымен оның көзін жабу дәстүрі де осындай себепке байланысты қалыптасқан болуы мүмкін. Маңызды нәрсе, көз жанары арқылы адамды емдеуге де болады екен. Мұндай қасиет көпшілігінде экстрасенстерде жиі кездеседі. Мысалы, бас салуға дайын тұрған азулы иттің көзіне адам еш нәрседен қорықпай тесіле қараса болды, орын алуы мүмкін кесапаттан құтылуға болатынын өмірдің өзі делелдеп отыр. Десек те, көз тиюдің қалай жүзеге асатыны әлі күнге жұмбақ күйінде қалуда.

Дерек пен дәйек

Ғалымдардың зерттеуіне жүгінсек, көздің өткірлігі мен оның тиетініне египеттіктер де сенген. Сондықтан олар алуан түрлі көз бояғыш заттар мен сан түрлі далаптарды ойлап тауып, адамға жақсылық әкелмейтін көз нұрынан өздерін қорғаған. Азияның бірқатар мемлекеттерінің, АҚШ пен Канаданың, Африка, Түркия, Иран мен Үндістан елдерінің тұрғындары өткір көз нұрының болатынына және оның адамға тиетініне ежелден сенген. Керісінше, моңғолдар мен жапондар және қытайлар көздің тиетініне әлі күнге дейін сенбейді.