Козачковтың хаты: Түрменің тілі - қазақ тілі екен - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Козачковтың хаты: Түрменің тілі - қазақ тілі екен

Козачковтың хаты: Түрменің тілі - қазақ тілі екен

Болат Назарбаевтың "оң қолы" болған Елдос Қоспаевқа рейдерлікпен айналысуға көмектесті деп күдікке ілінген танымал журналист Михаил Козачков абақтыдан хат жолдады.

Козачков өзіне тағылған "айыптау материалдарымен" әлі күнге дейін толық таныспағанын айтады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы  Dalainside телеграм арнасына сілтеме жасап.

  • 25 Қаңтар 2023
  • 2618
Фото - Caravan.kz

Тергеу жұмыстарына әлі толық нүкте қойылмаған. Қылмыстық іске том-том құжат тігіліп жатыр. Журналист кінәсін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

"Себебі, бұның бәрі сандырақ, маған тағылған айыптың барлығы ойдан құралған", – дейді әріптесіміз.

Түрмеден жолданған хатта Козачков Өскемендегі № 17 түзеу колониясында отырғанын, мұндағы изолятор елдегі ең үлкен түзеу мекемесі екенін, әзір мұнда 1500 сотталушы жазасын өтеп жатқанын баян еткен.

"Мұндағы қауым түгелдей кітап оқиды. Уақыт өткізудің ең ұтымды амалы кітап кеміру. Жанымдағы жігіттермен тіл табысып алдық. Кітаптан бөлек аракідік шахмат ойнаймыз. Туыс-туған жеткізетін ас-суды тең бөлісеміз.

Әйткенмен де түрменің аты түрме. Тазалық сақтауға тырысқаныңмен, еркіндіктегі өмір салтыңды сақтай алмайсың. Аптасына бір мәрте жуынып-шайынамыз. Шашымды тақырлап тастадым. Осындағы қауыммен біте қайнасып кеткен жайымыз бар…", – дейді Козачков.

Журналистің айтуынша, түрменің тілі — қазақ тілі. Содан болса керек әуелгіде әріптесімізге мұндағы жұртпен тілдесу қиынға соққан. Козачков мемлекеттік тілді меңгеруге күш саламын дейді.

Айтпақшы, еркіндікте жүргенде журналистің нысанасына іліккен экс-шенді-шекпенділердің біразы осы изоляторда жатқан көрінеді.

"Бұл арада "ескі таныстарды" да кездестіріп жатырмыз. Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаевпен ұшырасып қалдық. "Қорғас ісінің"  басты куәгері Талғат Махатов пен Қаңтар оқиғасын ушықтырды деп күдіктелген, Садақ ату федерациясының төрағасы Азамат Оспанов та осында екен.



Менің осында екенімді біліп, дұғай-дұғай сәлем жолдапты. Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне кінәлі Мұратхан Тоқмади мені көре сала аузынан ақ көбігі ақтарылды. Мені танып жатқандардың қатары көбейіп келеді. Бұл жайт менің заңгерлерімді алаңдатып отыр", – дейді түрмеде өзіне қастандық жасалуы мүмкін екенін меңзеген журналист.

Сөзінің соңын өзіне демеу көрсетіп, қолдау білдіріп жатқан желідегі жұртқа алғыс айтумен аяқтаған.

Соңғы жаңалықтар