Көзі тірісінде 15 жыл бойы «өлілер» қатарында болған қарт табылды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көзі  тірісінде  15 жыл  бойы «өлілер» қатарында болған  қарт  табылды

Көзі тірісінде 15 жыл бойы «өлілер» қатарында болған қарт табылды

Алматыда 15 жылдан бері өлілер қатарында болған қария табылды. 64 жастағы зейнеткердің қолында «өзінің өлі екенін» айғақтайтын құжаттан басқа дымы жоқ. Көптен бері ізім-ғайып жоқ болған әкеден қазір туған балалары да бас тартыпты. Сондықтан Петр Косяченко Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығын пана етуге мәжбүр.

  • 9 Қараша 2012
  • 481
Фото - Caravan.kz

Бұл о дүниеден оралған Петр Косяченко. Жүріп-тұрудан қалған қарияның қазіргі бары да, көрер қызығы да Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығында өтіп жатыр. 15 жыл бұрын отбасындағы кикілжіңнен кейін ізім-ғайып жоғалған оны қазір туған балалары да қабылдамайды. 

Николай Коротицкий, Әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры:

— Науқасты бізге Ақтөбеден келген туған әпкесі жеткізді. Айтуынша, бауырын Шымкенттен тауыпты. Қазір балалары бас тартып отыр екен, ал жұбайы тіпті Петрдың қайтыс болды деген куәлігін жасатқан да көрінеді.

Расында, Петр Косяченко 1997 жылы жүрек қан тамырларының қысылуынан мерт болған. Абырой болғанда, тек қағаз жүзінде. Сондықтан, зейнеткерді тірідей өлтірген жанұясынан көңілі қалыпты. Жанарынан өмірге деген құлшыныс байқалмайды. Не үйіне оралып, не қартайғанда немере сүюге де зауқы жоқ. Тек соңғы арманы- қалған ғұмырын әпкесіне масыл болмай, зейнетақысымен күн көру. Бірақ, ешбір құжаты жоқ қарияға бұл мәселе қиынға соғары сөзсіз.

Петр Косяченко:

— Бұл сонда қалай болғаны? Тірі адамды өлі деуге. Сол үшін зейнетақымды ала алмай отырмын. Шымкентте жүріп, құжаттарымды рәсімдейін десем Алматыдан қайтыс болғаным туралы куәлік келді. Прокурордың өзі алдында отырған мені көріп аң-таң.

Тірі адамды өліге балаған отбасыны түсінуге болады. Себебі, із-түссіз жоғалған әкелерін жылдап күтіпті. Ал алыс жолға шыққан Петр Косяченко Оңтүстік Қазақстан облысында бұзақыларға ұрынып, барынан айырылған. Салдарынан, аталмыш аймақта біразға дейін көше кезіп, қаңғыбастар үйінен бір-ақ шығады. Айтуынша, тіпті жалданып қой баққан күндері де болған. Содан хабарсыз кеткен әкені енді ешкімнің қабылдағысы жоқ. 


Нина Молофеева, көршісі:

— Әйелі біраз іздеді. 3-4 жыл өткесін біреудің сүйегі табылып, соны Петр деп шешті. Ең болмаса өзі бір хабарын берсе қайтер еді?

Осы уақытқа дейін туған сәбилеріне қызығушылық танытпаған әкенің қызы қазір 4-ші нәрестесін күтуде. Ал 41-ге енді толған ұлы жақында шаңырақ құрыпты. Алайда, қуаныштарымен бөліспек түгілі, көргісі де келмейді. Қарттың да олардан көңілі қалған.

Соңғы жаңалықтар