Ол өтінішті 16 маусымда берді. Сот әзірге белгіленген жоқ. Әдетте, түрме әкімшілігі шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу туралы өтінішті сотқа тапсырады. Сот оны кәдімгі іс сияқты қарайды. Сот уақыты әлі белгіленген жоқ, — дейді ол Азаттық тілшісіне.
Айман Омарованың сөзінше, Козлов барлық тәртіп жазасын өтеген. Әйткенмен ол әлі күнге дейін Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеде қатаң тәртіп жағдайында (СУС) отыр.
Владимир Козлов шартты мерзімінен бұрын босатылуға осымен екінші рет өтініш беріп отыр. Бұған дейін "оның тәртіп жазасы болғандықтан" өтініші қабылданбаған болатын.
Заң бойынша, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті сотталушылар жаза мерзімінің үштен бір бөлігін өтегеннен кейін бере алады.
Қазақстанда сот шешімімен қызметіне тыйым салынған оппозициялық "Алға" партиясының бұрынғы лидері Владимир Козлов 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасына қатысты "әлеуметтік алауыздықты өршітті" деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Владимир Козлов пен жақтастары билік таққан айыптардың саяси астары бар деп біледі.