Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Көлік министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп көлік саласының цифрлық трансформация картасын бекіткенін атап өтті.
Құжатта нақты мақсаттар қойылды:
– 2027 жылға дейін 10 халықаралық әуежайда биометриялық сәйкестендіруді іске қосу;
– теміржол бағыттарының 55%-на интеллектуалды жүйелер енгізу;
– 2029 жылға қарай автокөлік өткізу пункттерінде «жасыл дәлізді» толық енгізу.
Бұл шаралар шекарадан өту уақытын қысқартып, жүк пен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады және транзиттік әлеуетті күшейтеді. Цифрлық трансформация аясында мультимодалды тасымалдардың 50 бизнес-процесіне талдау және қайта құру жүргізілді.
Нәтижесінде негізгі проблемалар анықталды:
– шекарадағы күрделі рәсімдер;
– жүк қозғалысы нақты бақылаудың болмауы;
– тасымалға қатысушылар арасында дерек алмасудың әлсіздігі.
Осы проблемаларды шешу үшін:
– сала аралық жұмыс тобы құрылды;
– ақпараттық жүйелерге кешенді талдау жүргізілді;
– Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан шекарасындағы өткізу пункттеріне тексерулер ұйымдас-тырылды;
– 2025–2027 жылдарға арналған цифрлық трансформация жоспары бекітілді.
«Қазіргі таңда Smart Cargo бірыңғай платформасы іске қосылды, автоматты тексеру, онлайн-бақылау, және құжаттарды толық электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өзгерістер жүк тасымалына қатысты рәсімдерді 80–85%-ға дейін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда көлік-транзит саласында барлық 38 мемлекеттік қызмет онлайн форматта көрсетіледі. 2024 жылы қызметтердің 94%-ы электронды түрде ұсынылды. Бұл цифрлық сервистердің азаматтар мен бизнес үшін қолайлы екенін көрсетеді», — деп атап өтті жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Оның сөзінше, көлік саласының цифрлануына стартаптар да белсенді қатысып отыр. Astana Hub экожүйесінде көлік-транзит саласында жұмыс істейтін 30 жоба бар. Олар логистиканы оңтайландыру, жүк экспедициясы, вагон паркін басқару және тасымалды бақылау бойынша шешімдер ұсынады. Бұл жобалардың жиынтық кірісі шамамен 9 млрд теңге. Яғни цифрлық шешімдер экономикалық нәтиже беріп отыр.
Солардың бірі — Relog.ai платформасы. Бұл соңғы жеткізу логистикасын жасанды интеллект арқылы жақсартатын B2B шешім.
Платформа:
– маршруттарды автоматты түрде жоспарлайды;
– көлік шығындарын 40 %-ға дейін қысқартады;
– кешігулерді 6 есеге азайтады.
Бұл — логистиканың барлық кезеңін біріктіретін заманауи басқару жүйесі. Тағы бір маңызды жоба — MultiCode платформасы. Аталған жоба теміржол тасымалдарын жоспарлау және вагон паркін басқару үшін жасалған цифрлық шешім.
Платформа:
– тасымалды және өтінімдерді автоматтандырады;
– рейстерді жасанды интеллект арқылы жоспарлайды;
– вагондарды бір жүйеден басқаруға мүмкіндік береді;
– көрсеткіштерді нақты уақытта бақылап, талдайды.
Бұл платформа жоспарлаудан бастап күнделікті жұмысқа дейінгі барлық процесті қамтиды. Сонымен қатар Қаржы және Көлік министрліктерімен бірлесіп, Еуразиялық экономикалық одақ аясында «Транзит» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе навигациялық пломбалар арқылы жүк қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жүйе:
– 7 теміржол стансасында;
– 11 автомобиль өткізу пунктінде қолданылады;
– Мемлекеттік кірістер комитетінің және одақ елдерінің жүйелерімен интеграцияланған.
Жүйе бизнес үшін бақылауды жеңілдетіп, «жалған транзиттің» алдын алады, ал мемлекет үшін салық пен бюджет түсімдерін арттырады. Одақ аумағында толық енгізу 2026 жылдың ақпанына жоспарланған. Қазір жүйе пилоттан өтіп, толық енгізуге дайын.
Көлік саласын дамыту мақсатында келесі ұсыныстар бар:
— Smart Cargo бірыңғай платформасының екінші кезеңін іске қосу.
— мультимодалды тасымалдарға арналған бірыңғай көлік жүк құжатын енгізу.