В.Школьниктің айтуынша, қазіргі жағдаймен КТК акционерлері өзара іс жүзінде келісімге келді, бірақ, ақырғы шешім 1-наурызда қабылданады.
2004-жылы КТК құбыр жүйесімен 22 млн. тонна мұнай тасымалданды, деді В.Школьник. Құбыр жүйесінің өткізгіштік қабілетін арттыру нәтижесінде онымен 68 млн. тоннаға дейін мұнай тасымалдауға мүмкіндік туады. «Біз бұл жүйенің тиімділігі тез арада артып, елімізге көбірек кіріс әкелуі үшін Каспий құбыр консорциумының аясын кеңейтуге талпынып отырмыз»,- деді министр.
В.Школьниктің айтуынша, келіссөздер барысында екі түрлі мәселе қаралды, Атап айтсақ, «құбырдың өткізгіштік қабілетін арттыру және құбырды салуға негіз болған есептік-проценттік ставканы азайту». Сонымен бірге , «КТК акцияларының 24 процентін иемденетін РФ тарапынан мұнай айдау құнын арттыру туралы қатаң талап қойылып отыр»,- деді В.Школьник. «Жалпы алғанда, Қазақстан мұндай өзгерістен мүдделі емес. Өйткені, бір жағынан, КТК акцияларының 19 процентін иемденетін Қазақстан үшін бұл тиімді болса, екінші жағынан ТеңізШевройл акцияларының 20 процентін иелікке алған еліміз үшін ол тиімсіз болмақ. Біз бұл жерде әрі жүк жіберуші, әрі тасымалдаушы ролін қоса атқарып отырмыз»,- деді ол.
В.Школьник осы орайда Атырау-Самара мұнай құбырының өткізгіштік қабілетін 25 млн. тоннаға дейін арттыру мүмкіндігі қаралып жатқанын жеткізді. «Сонымен бірге Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына біріктіру тұрғысында Әзербайжанмен арадағы келіссөздер заңдық және қаржылық жағынан біршама қиындықтармен жалғасып жатыр. Бұл жоба бойынша біз өз мүддемізді қорғап бағудамыз»,- деді министр.
Жалпы алғанда, ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің айтуынша, әзірге Қазақстан мұнайын тасымалдайтын басты бағыт ретінде Ресей бағыты сақталып отыр. 2004-жылы 52,6 млн. тонна мұнай экспортқа тасымалданды. Соның ішінде Атырау-Самара мұнай құбыры арқылы 15 млн. тонна, КТК құбыр жүйесімен 22,1 млн. тонна, Ақтау теңіз айлағы арқылы 10 млн. тонна мұнай тасымалданса, қалған көлем теміржолмен жөнелтілді.