КТК жаңа маусымының жаңалықтарымен бөлісті - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
КТК жаңа маусымының жаңалықтарымен бөлісті

КТК жаңа маусымының жаңалықтарымен бөлісті

Еліміздің ең үздік телеарнасы КТК жаңа маусымның тұсауын кесті. Жыл сайын жаңа бағдарламаларын көрерменге ұсынып келген арнамыздың сыйы биыл да айтарлықтай. Ең өзекті тақырыптар тек біздің арнада талқыланбақ. Және өзгермейтін бір жайт, КТК шындықты айтып, қарапайым елдің жағында бола бермек. Арнамызға алғыс айтқандар мен әріптестерін Алматыдағы «Қабылдау үйінде» жинаған КТК телеарнасы жаңа маусымының жаңалықтарымен бөлісті.

  • 2 Қараша 2012
  • 1170
Фото - Caravan.kz

Қанша адам болса, сонша пікір болады деген бар. Бірақ кім қанша қоқиланса да КТК қарапайым қарашаның қамын ойлаумен келеді. Ашылғанына 20 жыл өткен арнамыздың ақиқаттан басқа айтқаны жоқ. Халықтың қамын емес, нанын жегендердің сазайынын уытты сөзбен беріп келген КТК-ның жаңа маусымдағы жаңалықтарын көруге «Қабылдау үйіне» келген елдің қарасы көп. Жайылған дастарханнан дәм татып, жобаларға зер салып бағаларын берді бәрі.

Нұржан Мұхамеджанова, «Қазақстан» телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы:

КТК телеарнасының өткізіп жатқан жаңа маусымының тұсаукесері бұл қазіргі отандық телеиндустрияның дамуындағы ерекше кезеңінің тың бір жаңалығы десек те болады.КТК-ң жаңалықтарын мен ойлаймын барлық көрермендер жақсы көреді, күтіп көреді. Уақытысы әрбір көрерменнің есінде.

Жаңа маусымда елдің ең үздік арнасының айтары көп, көрсетері көл-көсір көрерменге. Шенеунік пен қарапайым елді беттестіретін Наша Правда жобасы біздің арнада. Күрмеуі қиын мәселелерді студияда елмен шенділерді кездестіріп шешпек. Оған қоса Слуги народа бағдарламасы бар. Шіренген шенеуніктердің халықтың алдында құрдай жорғалауы керектігін естеріне салып, бұрыс кеткен тұстарын беттеріне баспақ. Және анасы мен қызы бірігіп ән айтып сайысқа түсетін Мамма Мия жобасы. Қатысам деушілерден көз сүрінеді. Аспаздар қазақтың асы Бешбармақты дайындап сайысатын шоу да осы қатарда.

Арнамыздың аты ауызға алынғанда жалтақтамай айтылатын шындықтан бөлек қазақи иісі аңқыған бағдарламалар да бар. Соның бірі әрі бірегейі Қазақстан Барысы. 2 жыл бұрын телеарнамыз тұңғыш рет қазақ күресін осылайша әйгі етті. Қандастарды қызықтырды, шетелдіктерге таңдай қақтырды. Жауырыны қақпақтай жігіттердің шаршы алаңдағы шайқасын тағы көрсетейік деп демеуші болғандар көбейді бүгінде.


Айдар Махметов, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры:

Қазір бізге қазақ намысын, қазақ мәдениетін жоғарыға көтеретін жобалар өте керек. Осы бағатты КТК телеарнасы өте жақсы жұмыс жасап жатыр. Соның бірі «Қазақстан Барысы» деген турнир.

Сөзге шешен, жүректі жұртымызға телеарнамыздың тартуы мұнымен шектелмейді. Қалалық халық пен ауылдағы ақеділ ағайынға алдағы маусымда тағы бірнеше тілі қазақ жаңа жобалар ұсынылмақ. Барлығы тек уақыттың еншісінде.

Арман Шораев, “КТК” АҚ бас директоры:

Мемлекеттік тілдегі хабарлардың санын бірнеше мәртеге өсіріп жатырмыз. «Мама Мия» бар, «Бешбармақ» бар, тағы басқа айтуға тұратын бағдарламаларымыз бар. Сондықтан жеке меншік арналардың арасында біз көш басындамыз. Әрдайым солай болғай деп тілеймін өзіме де, өзіміздің арнамызға да.  Мен бірнеше мәрте айтқам да қазақ тілді бағдарламалар 2-3 жылдан кейін басым болады, солай болғай да.

Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, ендеше қарапайым қарашаға қажет болса қаламмен ғана қаруланған телеарнамыздың тілшілері күнімен-түнімен тынбай қызмет қылмақ. Айтқандары-ақиқат қана. Еліміздің үздік телеарнасы КТК көрерменге көрер тағы бірнеше жобаларды жасауда. Қызмет қауырт, қарбалас қазір.

Соңғы жаңалықтар