Жарияланды: 320

Күдіктілерге күш көрсетті деп сотталған полицейлерді ауылдастары жақтап шу шығарды

Шығыс Қазақстанда сотталған полицейлерді ауылдастары жақтап, шу шығарды. Үкіммен келіспеген Қайнар ауылының тұрғындары 5 полицейдің барлығын бостандыққа жіберілуін талап етуде. Естеріңізге салcақ, тәртіп сақшылары өткен жұмада күдіктілерге қол жұмсаған деген айыппен 3 жылға сотталған еді. Енді ішкі істер бөлімшесі қаңырап қалған ауылдықтар шешім өзгермейінше наразылық білдіруге бекініп отыр.

- «Бес азамат босатылсын! Ұрылар ұсталсын!»

Таңертеңнен орталық алаңда жиылған ауыл жұрты түрмеге қамалған полицейлерді ақтап, жұмысына қайтаруды талап етуде.

Үміткен Ахметова, Қайнар ауылының тұрғыны:

- Өтірік жала жаппаңдар! Шындық іздеп келіп тұрмын! Шырылдап келіп тұрмын! Босат, баланы босат! Әділет қайда?!

Мүбәрәк Ағыбаев, Қайнар ауылының тұрғыны:

-Малын ұрласа, ол ұрыларды ұстаса, біздің ІІБ жазалайды да, ұрыларды қорғайды! Бұл қайда жазылған заң?!

Жұрттың бұлайша ашуға булығуына өткен жұмадағы сот процесі себеп. Күдіктілерге күш қолданды деген айыппен бес қызметкер 3 жылға абақтыға тоғытылды. Сот отырысы кезінде «баукеспелерді полицейлер емес, мен жамбастан ұрдым»,- деген тұрғын да табылған. Асқар Садықов кезінде малын ұрлағандарға кешірім бергенімен, өзі барымташыларды бір сабап алыпты.

- Мен оларға кешірім бердім! Оларға сабақ болмағанына, тәубелеріне түспегеніне өкінем мен!

- Бізге берсін! Өзіміз жазалаймыз! Құйрықтан ұрған оларға аз!

Қайнар ауылы Семейден алыс болғандықтан, мұнда инспектор болып жұмыс істеуге ешкімнің құлқы жоқ. Ал қоғамдық тәртіпке жауапты бес бірдей қызметкерінен айырылған жұрттың көңілі күпті. Айтуларынша, бұдан кейін мал ұрлығы көбеймесе, азаймайды.

Істі болған бөлім бастығының кабинеті де сол күйі құлыптаулы. Халық ендігі үмітін облыстық сотқа артып отыр. Егер шешім өзгеріссіз қалатын болса, жұрт аштық жариялауға дейін барамыз деп бекінген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін