"Күйеуім досының әйелімен салыстыра береді" - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+5 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Күйеуім досының әйелімен салыстыра береді"

"Күйеуім досының әйелімен салыстыра береді"

Неге еркектер әйелін басқаның келіншегімен, ал әйелдер күйеуін өзгенікімен салыстырады? Бұл дұрыс па, бұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз?

  • 15 Мамыр 2019
  • 181
Фото - Caravan.kz

Әйелдердің ең басты қателігі – күйеуін басқаныкімен салыстыру. Еркектер мен енелер де осы қателікке жол берсе, онда отбасына бақытсыздықты өзі шақырғаны. Сізде ше, оқырман, осындай қателік бар ма?

Осы орайда Нағима есімді әйелдің өмірінен үзінді келтірейін. Тыңдаңыз, ол не дейді?

НАҒИМАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

— 33 жасымда университеттегі жұмысымнан кеш қайтып, такси тоқтаттым. Таксист ажырасқан жігіт екен. Сөзіміз жарасты.

Несін айтайын, біз үйлендік. Ол анасымен бірге тұрады. Жалғызбасты анаға ұлын жалғыз өзі жетілдіріп, өсіріп, оқыту оңайға соқпағанын жақсы түсінем. Сондықтан да, енемнің тым үнемшілдігіне, ісімді ұнатпай отыратынына, қоқыс шелегіне тастаған азықтарды қайта бір тексеретініне, тамақ пісерерде картоп пен пиязды санап беретініне түсіністікпен қарап өмір сүріп келемін. Десек те, оңай емес. Бәріне шыдай аламын, тек енемнің мені күйеуімнің досының әйелімен салыстыратынына әрең көніп жүрмін. Күйеуімнің Асан есімді досы бар. Отбасымызбен жақсы араласамыз. Асанның келіншегі Аяла менен төрт жас кіші, ауылдан қалаға жұмыс іздеп келіп, қалалық жігітпен танысып, тұрмысқа шыққан. Жоғары білімі жоқ, әсемдік салондардың бірінде жұмыс істейді. Ал, Асан мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ береді.

Көзі сығырайған, өзі тыриған қара қыз – Аялаға қарап отырып «Жолы болған қыз» деймін, ал енем «Аяладай табыскер келіншегі бар Асанның жолы болған» дейді. Енем үшін кім табыс көп табады, сол жақсы, сол сұлу.

Ай сайын жалақымды әкеп енемнің қолына ұстатамын, бірақ сонда да оған жақпаймын. «Таңнан кешке дейін жүріп бір айда тапқаның осы ма?» дейді көңілі толмай. Жоғары оқу орнында сабақ беремін, тұрақты бір жалақы.

Соңғы кезде енемнің сөзін күйеуім де қоштайтын болған. «Сенің бір айда табатыныңды Асанның келіншегі бір аптада-ақ табады екен. Дипломсыз-ақ ақшаны күреп тауып жатыр. Ал, сенің қос дипломың бар, жалақың мардымсыз» дейді. Бұрынғы сөздеріне үндемейтінмін, ал Аяламен салыстырғанына шыдай алмадым.

«Мықты болсаң, сен неге қырып ақша таппайсың? Жұрттың күйеулері екіқабатты үй салып, джип машина мініп жүр» дедім мен де сөзден қалыспай.

Ұрысымызға енем де араласты. Осылай ұрыс-керіс тұтанды да кетті. Ай сайын мен жалақымды алғанда осындай керіс болады. Енем қазір Аяланың инстаграм парақшасын ақтарып отыратын болған. Оның күнде парақшасына салған тырнақ, шаш, қас суреттерін санап, табысын есептеп отырады. Бүгін «10 клиенттің тырнағына гель маникюрін жасапты. Егер күніне 20 клиентке жасаса…» деп есептейді ғой. Жақында күйеуімнің туған күні болды. Үйге Асан мен Аяла келді. Асан көлік сатып алыпты. Айтуынша, Аяла сатып әперіпті. Әйелін мақтап отыр. Бұрын әйелдер «Күйеуім көлік сыйлады» деп мақтанатын еді, қазір еркектерге әйеліне көлік алдырту ұят емес. Зығырданымның қайнағаны-ай! Асан мен Аяла кеткен соң енем мен күйеуім олардың жаңа көліктерін біраз уақыт әңгіме қылды. Аяланы әбден мақтады.

Жақында күйеуім «Аяла енді өзі әсемдік салонын жалға алып істеп жатыр екен. Нағима, мүмкін жұмысыңды ауыстырарсың. Аяланың әсемдік салонына жұмысқа тұрсай» деді. Төрт жыл, одан кейін екі-үш жыл магистратурада, бір жыл аспирантурада оқығандарым күйеуім үшін жай болып тұр ғой. Оған қаншама жыл еңбегімді сіңірген жұмыс орнымнан кетіп қала салу оңай секілді. Оның үстіне жаным қаламаса әсемдік салонында қалай жұмыс істеймін? Мен өз жұмысымды жақсы көрем. Жалақым аз ба, көп пе, бастысы, мен жұмысымнан ләззат аламын. Сондай-ақ, менің жалақым күйеуімнің табысынан да, енемнің зейнетақысынан да көп. Бұл сөздер ішімде қалды, сыртқа шығара алмадым. Өйткені, керісіп, босқа жүйкемді тоздырғым келмеді.

Қазір тұңғышыма жүктімін. Жүктілігім басталғалы араным да тым ашылып кетті. Азаннан кешке дейін аузым тынбаса да қарным тоймайды. Бір психолог құрбым «Егер әйел жүкті кезінде тоймайтын болса, одан табыскер бала туылады» дейді. Мені жұбатқаны болар, сонда да құрбымның осы сөзінен кейін толысып бара жатқанымды ұмытамын. Ал, енем мен күйеуім күнде менің артық салмақ қосып жатқанымды ескертуден шаршамайды. Тағы да Аяламен салыстырады. Аяла жүкті кезінде қатты толмаған екен, ол босанғаннан соң жылдам баяғы қалпына келіпті. Ал, мен дәл осылай семіре берсем, туғаннан соң арықтай алмай қалады екенмін.


Соңғы кезде қатты шаршап жүрмін. Неге адамдар өзіміздегі барды өзгенікімен салыстырғанды жақсы көреміз? Әркімнің бітім-болмысы, мінез-құлқы ешкімге ұқсамайды, неге осыны түсінбейміз?

Осы сұрақтар санамда тұрақтап алғанда, өзімнің қыз күнім есіме түседі. Танысқан, біраз уақыт қол ұстасып жүрген жігіттерім есіме түседі. Мен оларды басқа қыздардың жігітімен салыстырып, «Неге жұмысыңды ауыстырмайсың?», «Неге көлік сатып алмайсың?», «Неге өз кәсібіңді ашпайсың?» дейтінмін. Олар менің сол салыстыру сөздеріме шыдай алмай кетіп қалған екен ғой.

Бірнеше жыл бұрынғы айнаға қарап, өзіме қойған «Неге менен жігіттер қашып кете береді?» деген сұрақтың жауабын енді таптым. Егер, сол кезде осы жауапты басқа біреу маған айтқанда, «Жалған. Сен қателесіп отырсың» дер едім. Ал, өмір қателігімді қиюластырып әкеп, түсіндірді.

Әйелдер де, еркектер де, тіпті ата-енелер де осы қателіктен аулақ болса екен деймін. Адамды басқамен емес, бұрынғы өзімен салыстырыңыз. Мысалы, «Сенің бұрынғы мінезің жақсы еді» немесе «Бұрын жалақың бұдан көп еді» деген секілді, адамды бұрынғысымен, яғни тек өзімен салыстырыңыз. Өйткені, бұл қателік арадағы сезімді суытып қана қоймайды, некелі одақтың ажырауына да сеп болуы әбден мүмкін, — дейді Нағима.

Психолог мамандар «Тіпті, өзіңді де өзгемен салыстырма» дейді. Нағима айтпақшы, өзіңізді бұдан екі-үш жыл бұрынғы өзіңізбен, табысыңызды бір жыл бұрынғы табысыңызбен салыстырыңыз. Дәл, қазір салыстырып көріңізші, бір жыл бұрын қандай едіңіз, қазір қандайсыз? Табысыңызда ше, өзгеріс бар ма?

                                                                                                                                                                 Ақпарат көзі: ERNUR.KZ

 

Соңғы жаңалықтар