Әлеуметтік желі арқылы оқырмандарымен жақын байланыста. Бұл жолы айтыскер күйеуі екеуінің ара қатынасы мен мінезі жайлы айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Ақын қыз қазіргі кезде әртүрлі тақырыпта дәріс жүргізіп, көмек сұрағандарға кеңесін айтып жүр. Жеке өмірін мысал келтіре отыра, өзгенің проблемасын шешуге тырысады. Айтыскер ажырасу, әйелдің жаман мінезі, күйеумен арадағы жанжал мәселесін айтты.
"Мен ажырасқан соң Алладан дұға тіледім. Кешірім сұрадым. Мен өте көп күнә жасаған адаммын. Мен ашуланғанда тіліме ие бола алмайтын адаммын. Менің аузымнан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Өте сабырсыз адаммын. Ешкімнің сөзін көтере алмадым. Маған сын айтса, өзін жауап айтуға дайын тұратынмын. Күйеуімнен жеңілмеуге тырыстым. Сол мінезім үшін, сабырсыздығын үшін кешірім сұрадым", — деді Тұрсынбаева ханым.
Айтыскер ажырасқан әйел қайта тұрмысқа шығар алдында өзін өзгерту керек деген кеңесін айтты.
"Әйел не себепті ажырастым деп өзіне сұрақ қойсын. Сізге неге жаман күйеу жолықты? Неге күйеуіңіз ішімдік ішіп кетті? Сіз қай жерде қателестіңіз? Өзіңізді өзгертіңіз. Мінезіңізді жақсартыңыз. Сабырлы болыңыз. Бұрынғы қателіктер қайталанбасын. Мен Алладан кешірім сұрай отыра жақсы күйеу жолықтыршы деп дұға еттім. Сабырлы болуды үйрендім. Күйеуімдікі дұрыс емес болса да, үндемейтін болдым. Аузымды жауып алып отырамын. Басқа бөлмеге кіріп, есікті жауып аламын. Себебі жаман сөз айтып қоям ба деп қорқам. Егер ішіме сыймай бара жатса, смс-пен жазып жіберемін де, ашуым тарқағанда өшіріп тастаймын. Мен ашуды осылай жеңемін. Барлық күнә тілден. Тілді тыю керек", — дейді ол.
Айнұр ханым ұнайтын заттарыңызды күйеуіңізге айтып отыру артық етпейді дейді. Өзі біліп сыйлық сыйламаса, үйретіңіз деп кеңес берді.
"Мен жолдасыма гүлмен күтіп ал деп айтам. 8 наурыз келгенде маған сыйлық бер деп айтам. Бірнәрсе қалап тұрсам, соны алып бер деп айтам немесе ақшасын сұрап алып, өзім сатып аламын. Себебі сыйлық жасау керек екенін, гүл сыйлау керек екенін білмейді. Сіз де үйретіңіз", — деді Тұрсынбаева.
Желідегі оқырмандарының бірі бұл пікірмен келіссе, бірі келіспейді.
"Білмей жатса айтқан дұрыс, екінші рет өз біліп алып беретін болады", "Оны қолдан қуыршақ жасаудың не керегі бар?", "Өз ниетімен бермеген сый сыйлық бола ма?", "Ер адамдар ондай ұсақ-түйекке мән бермейді. Сондықтан білмеуі мүмкін", "Менің күйеуім бәрін айтпай-ақ өзі сыйлайды", — деп жазды олар.
Айтыскердің қазіргі жолдасы Нұржан Иманәлиев Жамбыл облысы Жаңатас қаласының тумасы. 1983 жылғы азамат айтыскерден 6 жас кіші. Бұған дейін Айнұр Тұрсынбаева Шамсат Исабековке тұрмысқа шыққан.