Бұдан бір жыл бұрын өмірден озған күйші зиратына орнатылған кесененің ашылу салтанатына сонау Алматыдан Құрманғазы оркестрі шақырылып, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева, күйшінің жары Сәуле Рахметқызы келді.
Облыс басшысы кесене құрылысына көмектескен азаматтардың бәріне ризашылығын білдірді.
Аудан әкімі Лавр Хайретдинов күйші қазасының ел қабырғасына қатты батқандығын тағы бір атап өтті. «Жыл бұрын ортамызда төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей болып жүретін қайран Тұяқберді ағамызды елі болып еңірей, жұрты болып жылай жүріп бауыры суық қара жердің қойнына қимай берген едік. Оқыстан келген қаралы хабардан ашық күні найзағай түскендей есеңгірегеніміз естен шыға қойған жоқ. Қара күзде қайтқан тырналар Тұқаңдай тарлан талантты қанатына отырғызып мәңгілікке алып кетті.Оған да, міне, жыл толыпты. Тұрлауы жоқ дүниемен қоштасқанымен, артында тірісінде өзін төбесіне көтерген жұрты, өзі езіле сүйген елі қалды. Сол ел-жұрты, асылындай ардақтаған азаматтары күй өнерінің қайталанбас тұлғасының мәңгілік мекенін айбындата көтеріп, аруағын асқақтата биікке шығарып тұр», — деді ол.
Ақын Ақұштап Бақтыгереева мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов кесенені ашып, басына гүл шоғын қойды.
Алматыдан ат арытып келген оркестр мүшелері, мәртебелі қонақтар тек Мәмен мен Тұяқберді Қажыгерейұлына ғана тәу етіп кетпей, Жаңақала ауылының маңындағы қорымда жатқан дүлдүл домбырашы, Қазақстан халық әртісі Қали Жантілеуовтің басына барып, құран оқытты, аудан азаматтары жайған ас дастарханынан дәм етті.
Түс ауа қонақтар «Күйшілер аллеясына» барып, Құрманғазы оркестрінің көркемдік жетекшісі Еркебұлан Мүсіреп пен директоры Нұрғиса Дауешов Тұяқберді Шәмелов мүсінінің жабынын түсірді. Күйші рухын аспандатқан кеш академиялық оркестрдің концертіне ұласты.