«Балалар — біздің болашағымыз» деген ұранды жиі айтамыз. Алайда өскелең ұрпақтың денсаулығы мен өмір салтына мән бермейміз, балалардың не жейтінін бақыламаймыз, тамақтың қауіпсіздігін тексермейміз. Қазіргі балалар дүкен сөрелерінде толып тұрған «қолжетімді» тамаққа әуес. Алайда ол тағамның құрамы, шығу тегі, сақтау мерзімі көптеген сұрақтар туындатады. Caravan.kz медиа порталына түскен ондаған шағымдардан соң тілшіміз тақырыпты тереңірек зерттеп шықты.
Бүгін ел нарығына шетелдік компаниялар белсенді түрде кіріп жатыр. Көбінесе қытай және корей тағамдары. Дәл осы дүкен сөрелерінде шығу тегі белгісіз, құрамы түсініксіз, қазақ және орыс тілінде ақпарат жоқ өнімдер ашық сатылуда.
Осыдан бұрын Caravan.kz медиа порталы нарықта кеңінен таралған жылдам дайындалатын корей кеспесі туралы материал жазған. Бұл өнімді балалар мен жасөспірімдер жиі тұтынады. АҚШ-та мұндай өнімдердің қаптамасында «денсаулыққа зиян, қатерлі ісік пен бедеулікке әкелуі мүмкін» деген ескерту бар. Ал Қазақстандағы қаптамада мұндай ақпарат жоқ. Сол себепті балалар бұл өнімдерді қауіпсіз деп санап, күнделікті қолдана береді.
Оқи отырыңыз: Жасөспірімдер арасында танымал: Онкология және бедеулікке әкелетін қауіпті өнім Қазақстанда еркін сатылып жатыр
Бұл жолы Caravan.kz тілшісі Қытайда өндірілетін түрлі жеңіл тағам өнімдері сатылып жатқан дүкенге барды. Жүргізілген зерттеу тек бір ғана орынды қамтиды, өкінішке орай мұндай сауда алаңдары жылдан жылға артып келеді. Ең сорақысы, қытай және корейлік тіскебасарлар қарапайым үй жанындағы дүкендерде де ашық сатылымда. Анықтама үшін: тіскебасарға картоп чипсылары, жүгері таяқшалары, дәмдеуіш қосылған қытырлақтар, күріш крекерлері, түрлі тәттілер жатады. Одан бөлек негізгі аудиториясы жасөспірімдер мен балалар болғандықтан, мұндай өнідерді сататын дүкендер мектеп жанында шоғырланғанын да атап өту керек.









Зерттеу барысында Алматыдағы сауда үйге бардық. Оның төменгі қабатында толықтай қытай тауарлары орналасқан. Аумағы үлкен дүкенде тұрмыстық заттан бастап, тағам өнімдеріне дейін барлығы сатылады. Оны жоғарыдағы суреттерден байқауға болады. Тіскебасарлардың қаптамаларында қазақ немесе орыс тілінде ақпарат жоқ. Тек бір өнімнің қаптамасына қазақша не орысша мәтіні бар бір жапырақ қағаз жапсырылған. Барлық ақпарат қытайша жазылған, яғни құрамын балалар оқи алмайды, қанша уақыт сақталатынын, қауіпсіздігін анықтай алмайды. Санында шектеу жоқ өнімдердің сыртынан қарасаң тәбетіңді ашпайды, керісінше майлы, ащы, түрлі дәм қосқыштар қосылған белгісіз таяқшалар сынды көрінеді.
Дүкенге кіреберісте арнайы бұрыш жасап қойған. Әр келуші осы белгісіз өнімдердің дәмін татып көре алады. Біздің көз алдымызда дәмін татқан екі оқушы ұнатса керек, барып жеңілдікте тұрған түсініксіз тіске басарды сатып алды. 90 теңгеге сатылуы бір жағынан маркетингтің әдісі, осылайша арзан тауарды балалар оңай сатып ала алады. Ал шын мәнінде олар өздері не алып жеп жүргенін байқамайды.


Еске сала кетейік, дәл осындай қытайдың снэктерін жеп уланып қалған жағдайлар бұрын тіркелген.
2025 жылдың ақпан айында Актөбе облысындағы жағдайды мысалыға алайық. Ол кезде бір сыныптың оқушылары түгелдей уланып ауруханаға жеткізілген. Оқушы дүкеннен қытайдың снэгін сатып алып, сыныбындағы балаларға берген. Салдарынан балаларда аллергия пайда болып, кейбірінде бөртпе шыққан. Тіпті иісіне уланып қалғандар да болған. Мұғалім дереу әрекет етіп, балаларды ауруханаға жеткізген. Қыздың анасының айтуынша, ол баласына күнделікті ақша береді екен. Ол тәтті алып, арасында жүрек жалғайтын болған. Сол күні қытай снэгін сатып алған.
Сол оқиғадан кейін мектепте «Ас мәзіріне назар аударыңыз, қауіпті өнімдерді алмаңыз» деген ақпараттық стенд орнатылды. Содан кейін ауылдағы дүкендер мен сауда орындары тексерілді. Аталған дүкенде тиісті рұқсат құжаттары болмағаны анықталды.
Дегенмен елімізде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заң солқылдақ секілді. Себебі дүкендерде кез келген тағам заңсыз әкелініп, сатылса, олардың иесіне алдымен бүкіл тауарды жою туралы ұйғарым беріледі. Тауар 3 күнде сатылымнан алынса, сауда нүктесіне ешқандай шара қолданылмайды. Сондықтан болар Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы үш дүкен «снэктерді енді сатпаймыз» деп, жазадан оңай құтылып отыр.
«Ал ертең ол снэктер қайтадан сатылып жатпай ма? деген сұрақ осы жерде орынды. Себебі халықтың шағымдары мен біз көзімізбен көрген жағдайға қарағанда, мұндай тауарлар әлі де бақылауда емес екенін көрсетеді.
Тағам қауіпсіздігі мен халықтың денсаулығы маңызды тақырыптардың бірі. Бұдан бұрын Caravan.kz тілшісі қытайдың тыйым салынған тауық еті ашық сатылып жатқаны туралы да алаңдатарлық жағдайды жазған.
Оқи отырыңыз: Тыйым салынған тауық еті елімізде неге еркін сатылып жатыр? Халық алаңдаулы
Нарықта құрамы белгісіз, сақтау мерзімі көрсетілмеген, қазақша-орысша ақпараты жоқ қытай тағамдарының көбейіп жатқаны расымен де күмәнді. Ата-аналар балаларының денсаулығын ойлайды. Ал тиісті мекемелер тарапынан бақылау жоқтың қасы. Қазақстандықтардың пікірінше, балалардың денсаулығына қауіп төндіретін аталмыш өнімдерді тексеретін уақыт жетті. Бұл жағдайды назардан тыс қалдыруға болмайды.
Caravan.kz медиа порталы бұл тақырыпты әрі қарай зерттеп, бақылауда ұстайтын болады.