"Қымбат диагноз, кеш көмек": Еліміз балалар онкологиясымен қалай күресіп жатыр? - kaz.caravan.kz
  • $ 511.92
  • 588.91
+27 °C
Алматы
2025 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қымбат диагноз, кеш көмек": Еліміз балалар онкологиясымен қалай күресіп жатыр?

"Қымбат диагноз, кеш көмек": Еліміз балалар онкологиясымен қалай күресіп жатыр?

Әлем бойынша жыл сайын 19 жасқа дейінгі 400 мыңға жуық бала мен жасөспірім қатерлі ісік диагнозына шалдығады.

  • 19 Мамыр
  • 22
Фото: stolicaonego.ru

Балалар онкологиясы жай ғана медицина саласы емес. Бұл баланың өмірі мен оның отбасының тағдырына тікелей әсер ететін, мемлекет пен қоғамның адамға деген шынайы қарым-қатынасын көрсететін айна іспетті сала. Бір баланың өмірі – тұтас бір ғалам, ал оның саулығы – елдің болашағы. Сол себепті де бұл мәселе тек дәрігерлер мен ата-аналарға емес, барша қоғамға ортақ. Caravan.kz медиа порталы тақырыпты жалғастырады.

Әлем бойынша жыл сайын 19 жасқа дейінгі шамамен 400 мың бала мен жасөспірім қатерлі ісік диагнозына шалдығады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы деректері. Уақытында қойылған диагноз бен дұрыс ем балалардың 80–85%-ын аман алып қалуға мүмкіндік беретінін ескерсек, бұл тек медициналық емес, ең алдымен адами капиталды сақтау мәселесі.

Халқы 80 миллионнан асатын Орталық Азия елдерінде, жаһандық статистиканы есепке алсақ, жыл сайын 2–3 мың балаға онкологиялық диагноз қойылады. Алайда бұл сандар шынайы өмірге жанаспайды. Көптеген елде балалар онкологиясы бойынша жүйелі есеп жүргізілмейді, ресми мәліметтер толық емес немесе мүлде жоқ. Мұның басты себебіне сарапшылар әлсіз денсаулық сақтау жүйесі, шектеулі ресурстар, мамандардың жетіспеушілігі мен төмен диагностикалық мүмкіндіктерді жатқызады.

Қазақстанның жағдайы

Орталық Азиядағы ең дамыған ел саналатын Қазақстанда балалар онкологиясы саласында белгілі жетістіктер бар. Алматы қаласында жылына 200-ге жуық жаңа науқасты қабылдайтын мамандандырылған балалар онкологиялық орталығы жұмыс істейді. Орталық Азия елдерін зерттеу ұйымының деректеріне сүйенсек, 20 миллионнан аса халқы бар ел үшін жалғыз ғана орталық тым аз көрсеткіш. Сондай-ақ ел көлеміндегі сұраныс мұнымен шектелмейді. Мәселен, 2023 жылғы мәліметтерге сәйкес, елімізде бар болғаны 50 МРТ аппараты болса, олардың небәрі 10 пайызы ғана балалар үшін қолжетімді. Ал ПЭТ секілді жоғары технологиялы диагностика әдістеріне аймақтарда қол жеткізу қиын.

Онкологиялық науқастарды емдеуде білікті мамандардың жетіспеушілігі де өзекті мәселе. Балалар онкологиясы бойынша жоғары білім алған дәрігерлер саны шектеулі, ал жас мамандарды оқыту мен халықаралық тәжірибеден өткізу бағдарламалары мардымсыз. Сонымен қатар, емдеуге кететін шығын да аз емес: бір курс химиотерапияның құны мыңдаған доллармен есептеледі. Қазақстанда онкологиялық аурумен ауыратын балалардың шамамен 60%-ы тегін емделсе де, қалғандары қажетті көмекті алу үшін қосымша қолдауға мұқтаж.

Дегенмен, үмітсіз де емеспіз. Қазақстан халықаралық ұйымдармен (ДДҰ, ЮНИСЕФ) бірлесіп, ерте диагностика бойынша оқыту бағдарламаларын енгізіп жатыр. Балалар онкологиясы бойынша аймақтық орталықтар ашу бастамалары көтерілуде. Егер мемлекет онкологиялық көмекті денсаулық сақтау саясатының басым бағытына айналдырса, келер онжылдықта балалар арасындағы сауығу деңгейін едәуір арттыруға болады.

Өңірдегі көршілердің жағдайы бұдан да қиын

Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінде балалар онкологиясының жай-күйі алаңдатарлық. Өзбекстанда балалар онкологиялық қызметі негізінен Ташкентте шоғырланған. Аймақтарда мамандар аз, инфрақұрылым жетіспейді. Зерттеулерге сәйкес, бұл елде диагнозды нақтылау үшін алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін 3–4 ай уақыт кетеді.

Қырғызстанда жағдай одан да күрделі. Елде бар болғаны бес балалар онкологы жұмыс істейді. Мамандандырылған орталықтар жоқ, ал онкология бөлімдері қарапайым ауруханалар құрамында ғана қызмет көрсетеді. Диагностикалық құрал-жабдықтар мен арнайы оқыған дәрігерлердің тапшылығы кесірінен науқас балаларға толыққанды көмек көрсету мүмкін болмай отыр.

Тәжікстанда 10 миллион халыққа бар-жоғы үш балалар онкологы тиесілі. Емдеу орталықтары заман талабына сай жабдықталмаған, ал биопсия мен гистологиялық зерттеулер тек санаулы зертханаларда жүргізіледі. Бұл диагноз қою уақытын кешіктіріп, емнің тиімділігін күрт төмендетеді.

Ал Түрікменстанда бұл тақырып тіпті жабық күйінде қалып отыр. Елде онкологиялық аурулар туралы ашық ақпарат жоқ, ал бейресми деректерге сүйенсек, балаларға арналған онкологиялық көмек мүлде мардымсыз. Табиғи газ экспорты есебінен жоғары табысқа ие бұл елде де, өкінішке қарай, балалар денсаулығына қажетті инфрақұрылымға қаржы жеткілікті бөлінбейді.

Жүйелі шешім неге қажет?

Орталық Азия елдері денсаулық сақтау саласына жалпы ішкі өнімнің 2,5%-дан 5,8%-ға дейін ғана жұмсайды, бұл – ЭЫДҰ елдеріндегі орташа 10–12% көрсеткішінен екі есеге төмен. Оның ішінде балалар онкологиясына бөлінетін қаржы тіптен мардымсыз – 1%-дан аспайды. Мұндай жағдайда заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, мамандарды оқытып, сапалы көмек көрсету мүмкін емес.

ЮНИСЕФ пен ДДҰ секілді халықаралық ұйымдар белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, 2020 жылы Қазақстан мен Өзбекстанда 200 медицина қызметкері балалар онкологиясы бойынша оқытылған. Бірақ бұл бір реттік шаралар жүйелі өзгеріс жасауға жеткіліксіз.

Мамандардың пікірінше, әр елде кем дегенде бір мамандандырылған балалар онкологиялық орталығы құрылуы тиіс. Мұндай орталықты жабдықтап, іске қосу үшін 10–15 миллион доллар қажет. Сонымен қатар, Алматы немесе Ташкентте аймақтық оқу орталығын құрып, жыл сайын 20–30 маман даярлау өңір үшін аса маңызды қадам болар еді. МРТ, ПЭТ секілді заманауи диагностикалық жабдықтарды сатып алу және оларды пайдалана алатын кадрларды даярлау үшін тағы 20–30 миллион доллар қажет.

Жалпы тәжірибелі дәрігерлерді балалар онкологиясы бойынша оқыту, халық арасында ақпараттық науқандар өткізу, әлеуметтік осал отбасыларға арналған көмек бағдарламаларын кеңейту осының бәрі балаларды аман алып қалуға мүмкіндік береді. Мысалы, ата-аналар онкологиялық аурудың белгілерін мысалы, үнемі шаршау немесе себепсіз арықтау – ерте таныса, диагноз қою мерзімі қысқарады, ал бұл баланың өміріне тікелей әсер ететін фактор.

Баланың өмірі – ең үлкен инвестиция

Балалар онкологиясына инвестиция салу адам өміріне ғана емес, ел болашағына салынған қаржы. ДДҰ мәліметінше, қатерлі ісікті емдеуге жұмсалған әрбір доллар ұзақ мерзімді перспективада 3–5 доллар экономикалық пайда әкеледі. Халқының орта жасы 27 жас шамасындағы Орталық Азия үшін бұл ерекше маңызды.

Жыл сайын мыңдаған балаға өмір сыйлау – тек медицинаның емес, мемлекеттік ерік пен халықаралық ынтымақтастықтың жемісі. Егер ұсынылған шаралар іске асырылса, 2035 жылға қарай балалар онкологиясынан аман қалу деңгейін 70%-ға дейін арттырып, мыңдаған жас өмірді сақтап қалуға болады.