90-жылдардағы дағдарысты еске түсіреді: Бизнес тығырыққа тіреліп, халық несиеге тамақ алуға мәжбүр - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
6 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
90-жылдардағы дағдарысты еске түсіреді: Бизнес тығырыққа тіреліп, халық несиеге тамақ алуға мәжбүр

90-жылдардағы дағдарысты еске түсіреді: Бизнес тығырыққа тіреліп, халық несиеге тамақ алуға мәжбүр

Қымбатшылық пен жұмыссыздық қазіргі қоғамның шындығына айналды. Күн сайын ұлғайып бара жатқан дағдарыс халықтың лайықты өмір сүруіне мүмкіндік бермей отыр.

  • 24 Қараша
  • 1364
Фото - Caravan.kz

Бұл аздай заңды түрде жұмыс істеп жүрген азаматтар уақытында жалақысын ала алмай жүр. Еңбегі бағаланбаған жедел жәрдем қызметкерлері жаппай жұмыстан кетіп жатыр. Үкімет не шара қабылдамақ? Халықтың жанайқайы естіледі ме? Қымбатшылықтан құтылатын жол бар ма? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралап көрді. 

Несие мен бөліп төлеу халықтың жауына айналды

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, қымбатшылық халықты тығырыққа тіреді.

«Күн сайын қымбатшылық деңгейі өсіп жатыр, жұмыссыздық мәселесін де көріп отырмыз. Бұл жағдайда халықтың лайықты өмір сүруіне еш мүмкіндік жоқ. Салдарынан халық несиесін уақытылы төлей алмай, күнделікті тамағына дейін несиеге алып ішуге жетті», — деді ол.

Несие мен бөліп төлеу расымен де халықтың жауына айналды. Енді мемлекет жаңа жылдан кейін бөліп төлеумен күреспек. Үкіметтің ойынша, бөліп төлеудің қазақстандықтардың қарызға батуы мен инфляциядағы әсері зор. Сондықтан бұл нарықта өте қатаң тәртіп орнатылатын болады.

«Мемлекет бұл мәселе туралы негізі көптен бері ойланып жүрген. Өткен аптада Халықаралық валюта қоры еліміздегі арнайы миссиясын аяқтап, өзінің қорытынды ұсыныстарын берді. Халықаралық валюта қоры бізде біраз уақыт болып, еліміздің экономикалық жағдайын тексеріп, аудит жасаған болатын. Қорытынды есепте біздегі халыққа арналған кредиттік, қарыз нарығын қатаңдату туралы ұсыныстар бар. Халықаралық сарапшылар мен біздің қаржы билігінің ойлары бір жерден шыққандықтан, енді ештеңеге қарамай халыққа берілетін қарыз нарығын толық қысуға саяси шешім қабылданып отыр», — дейді DALA INSIDE дереккөзі.

Негізі, бөліп төлеу жүйесімен күрес биылдан басталып кеткен. Қазан айынан бастап Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген жаңа ережелер күшіне енді. Егер бөліп төлеу сатушының өз қаражаты есебінен ұсынылса, баға жапсырмаларында бірден төлеу бағасы және бөліп төлеу бағасы бөлек көрсетілуі тиіс. Бұл сатып алушыға тауардың нақты құнын және бөліп төлеу мүмкіндігі үшін қанша шығындалатынын анық түсінуге мүмкіндік береді.

Ал егер тауарлар банктермен біріктірілген маркетплейстер арқылы сатылса, онда бөліп төлеуді сатушы емес, банк өзінің қарыз қаражаты есебінен, банк пен сатып алушы арасындағы несие шарты негізінде береді. Осылайша, жаңа ережелер тек сатушының өзі ұсынатын бөліп төлеулерге қатысты және маркетплейстер арқылы рәсімделетін банктік рассрочкаға қолданылмайды.

Мемлекет мұнымен тоқтамады. Енді сатушылар тауарды немесе қызметті өз қаражаты есебінен бөліп төлеуге ұсынған жағдайда, бұл ақпаратты кредиттік бюроларға беруге міндетті болады. Рассрочка кредитпен теңестіріледі. Кредиттік бюрода халықтың тек кредиті емес, бөліп төлеу туралы да ақпарат болады. Демек, бөліп төлеуі бар азаматтардың жаңа несие алуы қиындай түспек.

«2026 жылы несие де, бөліп төлеу де азаюы тиіс. Үкімет қарызы бар адамдар саны қысқарып, импорттық тауардың сатылуы құлдырап, содан инфляцияның төмендеуін көздеп отыр. Бізде импорт қысқарса, ол теңге бағамына да жағымды болады», — дейді дереккөз.

Дәл қазір шамамен 5 миллион отандасымыздың басында несие мен бөліп төлеу бар. Кредит нарығы расымен қызып кеткен. 574 мың адамның басында 90 күннен астам төлемеген кем дегенде бір несиесі бар. Ал қанша бөліп төлеудің проблемалық екені олар бұған дейін несие ісіне ілінбегендіктен белгісіз болып келді. Енді осының барлығы тәртіпке келтірілмек. 

Азаматтардың заңды ақшасы неге төленбейді?

Одан бөлек ел азаматтары тағы бір мәселемен ұшырасып отыр. Заңды түрде жұмыс жасап жүрген азаматтарымыз уақытылы жалақысын ала алмай жүр.

«Жұмыс берушілер жалақыны неге уақытында төлемейді? Салдарынан азаматтар несиесін уақытында жаба алмайды, қарызға батып кеткен, тіпті азық-түлікті несиеге алуға мәжбүр. Осы мәселелерді шешу үшін жұмыс берушілерге қойылатын талаптар күшеюі керек», — деді халық қалаулысы.

Мәжіліс депутатының сөзінше, аталмыш бастама бұрын да көтерілген. Қазір жұмыс беруші қызметкеріне уақытылы жалақсын төлемесе, оған тек әкімшілік жаза қолданылады, және аз ғана өтемақы өтеуге талап қойылады. 

«Жұмысшыға уақытылы жалақы төлемеген жұмыс берушіге жазаны күшейту керек дедік. Өтемақы мөлшерін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25 есесінен 5 есесіне дейін арттыруды ұсындық. Бірақ депутаттардың бұл ұсынысын Үкімет қолдамады. Енді ҚР ЕЖХӘҚМ бұл мәселені қалай шешпек, жұмысшының жұмыс беруші алдындағы құқығын кім қорғайды?», — деді Нартай Сәрсенғалиев.

Еңбек министрлігі өкілінің жауабына сүйенсек, депутаттар ұсынып отырған бастама қолдау таппаған. Яғни, жұмыс берушілерге салынатын айыппұл көлемі артпайды. Себебі олардың да жағдайы мәз емес. Сондықтан құзіретті мекеме бұл сұрақ әлі де қарастырылады деп құтылды. 

Тығырыққа тірелген бизнес

Сaravan.kz медиа порталының тілшісі жариялаған видеодан кейін, бірнеше кәсіп иелері хабарласып, жанайқайын жеткізді. Айтуларынша, жағдай тым ауыр. Кәсіптен пайда емес, қиындық көріп келеді. Салдарынан бір бөлігі онлайнға ауысуға көшсе, басқалары жабылуға жақын. Жағдай тек ірі мегаполистерде ғана ауыр емес. Қазақстанның басқа өңірлерінде де ғимараттар жаппай жабыла бастаған. Салдарынан жұмыссыздық деңгейі арта түспек. Халықтың пікірінше, қазіргі жағдай 90-жылдардағы дағдарысты еске түсіреді.

Белгілі болғандай, 2017 жылы іске қосылған «Сарыарқа Нан» ірі нан комбинаттарының бірі жабылады. Бұл туралы ekaraganda.kz хабарлады. Зауыттың жабылу себептері хабарланған жоқ. Сонымен қатар, кәсіпорынның заң бөлімінде зауыттың қызметі толығымен тоқтатылатынын растады. Ресми бұйрық негізінде жеткізушілер мен қызметкерлерге хабарлама жіберу басталды. Компанияның мәліметінше, «Сарыарка Нан»-да 500-ден астам адам еңбек етуде — олардың барлығы жұмыстан босатылады. Сондай-ақ, өнімдерді сату үшін бұрын бүкіл қала бойынша ашылған «Сарыарқа Нан» павильондарының жұмысы тоқтатылады. Компания болашақта сауда нүктелері сатылымға шығарылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Жедел жәрдем қызметкерлері жалақыға наразы

Одан бөлек медицина қызметкерлерінің жаппай наразы болған видеосы әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Оған себеп — жалақының аздығы. Олардың айтуынша, жыл сайын көтеріліп жатыр деген үкіметтің уәдесі бос сөз. Тіпті кейбіреулері жұмыстан кетіп жатыр.

«250-270 мың теңгеге өмір сүру қиын. Бұдан бұрын басшылық түрлі мотивациялық сыйақылар тағайындайтын. Бұл кішкене болса да шығындарымызды жабуға көмектесетін. Қазір олардың барлығы жоқ, бюджетті үнемдеу мақсатында алып тастады. Осы себептерден тәжірибелі білікті мамандар жұмыстан кетуге дайын отыр. Осылай жалғаса берсе халқымыз үшін ауыр сынақ болады», — дейді бұрынғы фельдшер Жанна Омарханова. 

Жұмыстан кеткен фельдшердің сөзінше, алдағы уақытта не жалақы өсімі, не сыйақы болмайтынын естіген соң, көпшілік наразылық білдіре бастаған.

«Басшылық бізді күшті табыс тауып жатыр деп есептейді. Олардың ойынша, біздің жұмысымыздың тәуекелі аз. Мен өз тәжірибемде талай шақыртуларға бардым, ауыр жағдайлар да көп болды. Менің ойымша, біз әрқашан өз өмірімізді қатерге тігеміз», — дейді фельдшер. 

Айта кетейік, осы айда 23 жасар фельдшер жұмыс барысында үстіне кондиционер құлап ауыр жарақат алған еді. 8 қарашада ғимараттан құлаған кондиционер Ұлдана Мырзуанды ауыр жарақаттаған. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасаса да, ол 18 қараша күні көз жұмды. Ол төтенше жағдай қызметі келгенше қасбеті опырылып түсіп жатқан үйдің тұрғындарын құтқармақ болған еді. 

«Мемлекет басшысының Жарлығымен марқұмға “Ерлігі үшін” медальі берілді. Жедел жәрдем қызметкерлерін өндірістік жарақаттан қорғау үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қандай қадам жасамақ, бұл заңға қандай ұсыныс берді?», — деп шүйлікті депутат Нартай Сәрсенғалиев. 

Жанна Омарханованың сөзінше, күніне 15 шақырту, тәулігіне 30-дан астам қоңырау түседі. Халық жедел жәрдемнің уақытылы келмейтініне жиі шағымданады. Оның себебі айқын — кадр жетіспеушілігі.

«Қазір бригадалар жетіспейді. Ешкім кестесінен тыс жұмысқа шыққысы келмейді. Себебі демалыс күндері такси қызметінен көбірек ақша табады. Мен түсінемін, бізде бюджеттің ақшасы да шектеулі, десе де біздің жұмысымыз ауыр, біз өмірімізді қатергі тігеміз, 178 сағат еңбек етеміз, тым болмаса 400 мың төлеуге болады. Бұл ақша тым болмаса «базалық минимум» яғни тек қажеттіліктерімізді жапса дейміз. Біз астанада отырып осындай ақша аламыз, еліміздің басқа өңірлерінде жалақы бұдан да аз болуы мүмкін. Мен 250 мың жалақы аз болғандықтан жедел жәрдемнен кеттім. Алдағы уақытты бұл салада өзгерістер болатынына сенбеймін. Алайда медицина саласында қаламын», — дейді ол.

Сөзінің соңында жұмысынан өз еркімен кеткен фельдшер медицина саласын жүрегімен таңдағанын атап өтті. Ол өзінің өмірлік мақсатын халыққа көмектесу деп біледі. Өкінішке орай, ауадай қажет мамандардың еңбегі лайықты бағаланбай отыр.

Перейти к новостям спорта