Қымбатшылықпен күрес: Азық-түліктің бағасын кім өсіріп жатыр? - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қымбатшылықпен күрес: Азық-түліктің бағасын кім өсіріп жатыр?

Қымбатшылықпен күрес: Азық-түліктің бағасын кім өсіріп жатыр?

Азық-түлік бағасының өсуі, тарифтердің көтерілуі және энергетика саласындағы өзгерістер бірнеше ай бойы қоғам талқысындағы маңызды сұрақтар. Үкімет жаңа шаралар қабылдап, бағаларды заңсыз көтерген кәсіпкерлерді жаппай жауапкершілікке тартып жатыр.

  • 4 Желтоқсан
  • 48
Фото: cbn.com

Енді не болады? Бағалар арзандайды ма? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады. 

Тағы бір талқыланып жатқан жаңашылдық бар. Билік баға тұрақтандыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке сүйенбек. Қабылданып жатқан шаралар қаншалықты тиімді болмақ? 

Электр энергиясының тарифтері 2032 жылға дейін уақытша тоқтатылатыны белгілі болды. Бұл жаңалықпен қатар үкімет азық-түлік бағасын реттеу бойынша бақылауды күшейтіп, заңсыз қымбаттатқандарды әкімшілік жауапкершілікке тартуда. Осыған байланысты көпшілік «бағалар өсуі бәсеңдей ме, нарықта тәртіп орнай ма?» деген сұрақ қоя бастады.

Бағалардың шарықтап өсіп жатқаны туралы мәселені барлық БАҚ көтерген. Депутаттар мен қоғам белсенділері де бұл туралы жиі айта бастады. Одан бөлек жейтін тамағына дейін несиеге алуға мәжбүр болған халықтың жанайқайын күн сайын әлеуметтік желідерде оқитын болдық. 

Халықтың наразылығы үкіметке жетті. Министрлік бағаны негізсіз көтергендердің жауапкершілікке тартылғаны туралы хабарлады. Нақтырақ, Алматыда биылдың басынан бастап бағаны заңсыз көтерген 420-дан астам бизнес жауапкершілікке тартылған. Олардың барлығы 15% мөлшерінен жоғары сауда үстемесін қолданған. Заңды бұзғандардың қатарында Metro, Small, Galmart, Toymart, AORE, Myart Becker, Carrefour және басқа да ірі желілер бар.

Metro компаниясы бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, шешімді сотқа дейін жеткізген, алайда тіпті Жоғарғы сотта да шағымы қанағаттандырылмаған. Жалпы салынған айыппұл көлемі 32 млн теңгеге жеткен. Small желісіне баға бұзушылығынан бөлек, тексеру органдарының жұмысына кедергі келтіргені үшін де айыппұл салынған. Қазір үй маңындағы дүкендерге де тексерістер жүріп жатыр.

Осындай шаралар қаншалықты тиімді және ұзақ мерзімді нәтиже бере ала ма? 

Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, бағаның негізсіз көтерілгенін дәлелдеу өте қиын. 

«Бағаға сұраныс, маусымдық өзгеріс, логистика, инфляция, әлемдік нарықтағы қозғалыстар сынды ондаған фактор әсер етеді. Ережелердің нақты болмауы мұндай бақылауды қысым құралына айналдырып жіберуі мүмкін. Қысқа мерзімде кәсіпкерлерді «қорқытып» бағаны түсіруі мүмкін, бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді», — дейді маман. 

Ал үкімет баға бақылауында жаңа технологияларды кеңінен қолдануды көздеп отыр. Кеше өткен брифингте Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жасанды интеллект пен цифрлық жүйелер өндірістің өзіндік құнын төмендетіп, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын айтты. 

«Бәсекелестік күшейген сайын баға да тұтынушы үшін қолайлы бола түседі. Бағаның төмендеуі барлық өнімге қатысты болуы мүмкін, себебі нарық заңы солай, көп өндіруші болса, баға бәсекесі де артады», — дейді ол. 

Қазақтың дастарқанындағы мағызды өнімнің бірі  — ет. Оның бағасын қадағалау үшін жасанды интеллект қолданылатыны айтылған жоқ, бірақ үкімет тапшылық болмайтынына сендірді. Соған қарамастан, сала өте баяу дамып жатыр. 

Биыл фермерлерге арналған жаңа жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылмақ. Асыл тұқымды және тауарлық мал сатып алуға субсидиялар көбейіп логистика мәселелері де шешілмек. Бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі тиіс.

Бұдан бұрын Caravan.kz медиа порталының тілшісі ет бағасының жайы туралы материал жазған. Оқи отырыңыз. 

Экономист Руслан Сұлтанов еттің «жаппай арзандауы» дұрыс саясат емес екенін ескертеді. 

«Баға тым төмен болса, фермер пайда көрмейді, салдарынан құлдырауға алып келеді. Бағаны жасанды жолмен төмендету шешім емес, өнімнің қолжетімді болуы және саланың әділ, тұрақты дамуын қолға алу керек», — дейді сарапшы. 

Энергетика саласына келсек, маңызды ұсыныстардың бірі — 2032 жылға дейін электр энергиясына шекті тарифтер енгізу. Жобаны Энергетика министрлігі жариялады. Бұл макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін жасалған қадам, және біріңғай сатып алушының бағасына әсер етпейді деп сендірілуде.

Алты жыл бойы тариф өзгермейді деген жаңалық жағымды естіледі. Десе де, инфрақұрылым тозып, энергетика жүйесінде жаңа дағдарыс туындауы мүмкін. Бұған дейін ЖЭО-ларда болған апаттар осының мысалы.

Экономист Сұлтановтың пікірінше, бұл мәселеде ең бастысы тариф емес. 

«Инвестицияның қалай жұмсалатынын, инфрақұрылымды жаңартуға бөлінген қаржының кім және қалай бақылайтынын қолға алу керек», — дейді маман. 

Оның пікірінше, бұрынғы қателіктерді талдап, ашық аудит жасау керек. 

«Бақылау тетігін дұрыс құрмай, халықтың сеніміне ие болу мүмкін емес. Ал сенім болмаған жағдайда кез келген реформа бағаны біреудің пайдасы үшін көтеру ретінде қабылданады», — дейді маман. 

Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы” бұйрық жобасы “Ашық НҚА” сайтында 17 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға қойылған.

Перейти к новостям спорта