"Күніне 460 теңге": Туу керек дейміз, ал туған баланы асырауға қабілет жетеді ме? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Күніне 460 теңге": Туу керек дейміз, ал туған баланы асырауға қабілет жетеді ме?

"Күніне 460 теңге": Туу керек дейміз, ал туған баланы асырауға қабілет жетеді ме?

Көпбалалы отбасылардың мәселесі қоғамда да, депутаттар тарапынан да көтеріліп келе жатыр, алайда ұсынылған ұсыныстар мен шешілмеген сұрақтар көп. Бұл туралы Нартай Аралбайұлы "Жетінші студия" бағдарламасында құзыретті орган қызметкерлерінің қатысуымен талқылады. Елімізде жетім балалар мен көпбалалы аналардың жағдайы қашан жақсарады?

  • 28 Қазан
  • 129
Фото: ЖИ ұсынған

Толығырақ Caravan.kz медиа порталының материалында.

Ресми дерекке сүйенсек, қазір елімізде 583 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелген. Оның 90 пайызы төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отыр. Олардың қазіргі жағдайы мен талап-тілегі қандай? Мемлекет тиісті көмек көрсетіп жатыр ма?

Біз көпбалалы отбасылардың мәселесіне тоқталғанда, ең алдымен оларға төленетін әлеуметтік көмек, киім-кешек, мектеп формасы болуы және жұмыспен қамту мәселелерін көтереміз. Осының барлығы ауыз толтырып айтуға тұрады ма? Мемлекет төлейтін арнайы төлемдер көп баланы асырап отырған ардақты аналар мен әкелердің қажеттілігін жабады ма?

«Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы төлемі өте аз. Осы мәселені көтеріп жүргеніме 10 жылдан асып кетті. Санап есептесек, күніне бір балаға 460 теңге бөлінеді. Бұл ақша сүт алуға да жетпейді. Сондықтан балаға берілетін жәрдемақыны көтеру керек. Елімізде көпбалалы отбасылар «кедейлік» шеңберінен шықпайды. Бұл ұғым экономикада бар. Яғни, Қазақстанда көп отбасы осы кедейліктен арыла алмайды. Себебі табыстары 85 мың теңгеге де жетпейді. Сондықтан мемлекеттен төленетін жәрдемақы мөлшері лайықты болуы керек. Менің ұсынысым, 70 мың теңге күнкөріс деңгейінің мөлшері болса, балаға бір күнге төленетін ақша да осындай болуы керек», — дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гаухар Танашева.

Кедейлік шеңберінен шықпайтын отбасыларының басында баспанасы жоқ, төлейтін несиелері көп, алатын жалақысы мардымсыз. Енді ресми статистикаға қарайық. Ай сайын мемлекеттен төленетін жәрдемақы көрсеткіші:

— 4 баласы бар отбасыларға — 59 183 теңге

— 5 баласы бар отбасыларға — 73 988 теңге

— 6 баласы бар отбасыларға — 88 793 теңге

— 7 баласы бар отбасыларға — 103 598 теңге

— 8 баласы және одан да көп баласы бар отбасыларының әр баласына — 14 768 теңгеден қосылып отырады.

Жануар мен баланы салыстыруға келмейді, дегенмен қаңғыбас иттерді асырауға мемлекет күніне 6000 теңге бөлінеді екен. Ал біздің болашағымыз — балаларымызға күніне 460 теңге бөлінеді екен.

Демографияны көтеруіміз керек, туу керек дейміз, ал оларға жағдай жасалған ба?

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек департаменті директорының айтуынша, елімізде мемлекеттік көмектің бес тетігі, қосымша екі түрі қарастырылған.

«Балалар туылғанда берілетін бір мезгілдік төлем, баланың 1,5 жасқа дейінгі күтіміне төленетін төлем, күміс және алтын алқа, яғни көп балалы аналарға арналған төлем өмір бойы төленеді. Осы аталған үш төлем ешқандай табыс көзіне қарамастан беріліп отырады. Аталған жәрдем түрлері жыл сайын индексацияға байланысты өзгеріп отырады. Төртінші төлем түрі мүгедектігі бар балаларды асырап отырған ата-анаға төленетін жәрдемақы. Бесіншісі — төрт баладан көп отбасыларына төленетін ақы. 2020 жылға дейін бұл төлемнің мөлшері төрт айлық көрсеткіш еді, сондай-ақ баланың санына байланысты бөлінбейтін. Қазіргі таңда төрт есе өсті», — дейді Асқар Аймағамбетов.

Есептің негізі қайда жатыр? Бұл төлемдер біздің экономикамыздың әлеуетінің көрсеткіші ме?

Министрлік өкілінің атйуынша, әлеуметтік төлемдер республикалық бюджеттен бөлінеді. Осы бес төлем түріне биыл бюджеттен 750 млрд теңге қарастырылған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да қосымша қаражат бөлінеді. Ол жұмыс істейтін әйелдер мен аналарға төленеді. Оған биыл 807 млрд теңге бөлінген. Көрші елдермен салыстырсақ, Ресей, Беларусь сынды мемлекеттерде аталмыш көмек тетіктері жоқ. Яғни, «Ана капиталы» арқылы бір реттік төлем ғана қарастырылған. Ал Қазақстанда бала туылмай тұрып, жүктілігі үшін төленеді, туылған соң 18 ай ақша беріледі. Асқар Аймағамбетовтың мәліметінен түйгеніміз, көрші елдерге қарағанда жағдайымыз тәуір сияқты.

Алайда ата-аналардың талап-тілегі басқаша. Осы 7 төлем түрін билік жалпылама есептеп отыр. Мысалы алтын алқа игегері, яғни 7 баланы дүниеге әкелген анаға айына мемлекет 27 321 теңге береді.

«Бұл анаға көрсетілген құрмет пе? Жеті баланы туып, асырағаны үшін мемлекеттің көрсеткен кұрметі атағына мүлде лайық емес»,- дейді Гаухар Танашева.

32 жылда қазақстандықтардың саны небәрі 4 миллионға артқан. Көрші Өзбекстан елінде 15 миллионға көбейген. Осы ретте еліміз көпбалалы отбасылар арқылы еліміздің демографиясы артып жатқанын түсінбей отырған сияқты. Мысалы жас отбасы 1-2 баламен шектеліп қалады. Неге? Баспанасы жоқ, тәуір жұмысы жоқ, қаптаған басқа да әлеуметтік мәселелер салдарынан бала туып, оны асырауға жағдайы жетпейді.

«Жас отбасылары болашақта көпбалалы ата-анаға айналуы үшін мемлекет жағдай жасауы керек. Осы жас отбасылары біздің еліміздің болашағына, демографиясына үлес қосатын азаматтар. Бізде тіпті демографиялық сұрақтармен айналысатын құзыретті орган да, комитет те жоқ. Көпбалалы отбасына деген көзқарасты өзгертетін уақыт келді. 2019 жылдары АӘК төлемін алуға қымбат көлікпен келген ата-аналар әшкереленіп, тұтастай барлығына күйе жағылған еді. Сол сәттен бастап көпбалалы отбасылар құрметтен айырылды. Енді сол құрмет пен көпбалалы ананың дәрежесін қайта арттыру үшін әрекеттер жасауымыз керек», — дейді мәжіліс депутаты.

Баспана мәселесі де өзекті болып отыр. Көпбалалы отбасы тұрмақ, қара басын ойлап жүрген азаматтарымыз да баспанаға қол жеткізе алмай келеді. «Бақытты отбасы» бағдарламасы расымен бақыт сыйлай алды ма?

«Бұл бағдарлама қолжетімсіз. Көптеген еліміздегі отбасылар баспана алуды армандап өтеді. Қазір кезекте 400 мыңнан аса адам тұр. Жылына берілетін пәтерлер саны 6000-7000, яғни қамтуы 2 пайызға да жетпейді. Қойылатын талаптар қиын. Бастапқы жарнасы бар. 85 мың айлық алып отырған отағасында алғашқы жарна қайдан болады? Тұрақты жұмыс орны, 3 жыл бір жерде тіркелген болуы шарт. Баспанасы жоқ отбасы қайда тіркеледі? Бұл бағдарлама жағдайы төмен отбасыларына арналған деп айтылғанымен, қойылатын талаптары мазмұнына сәйкес емес. Тағы бір қойылатын шарт — несиенің болмауы. Басында несиесі жоқ көпбалалы отбасы аз. Қара тізімге кіріп кеткендері де жетерлік», — дейді Гаухар Танашева.

Бұл ретте мәжіліс депутаты 20 жылға несиеге берілетін үйді алу үшін қойылатын шарттарды төмендетіп, қолжетімді етуін талап етіп отыр. Тіпті жеті немесе одан да көп баласы бар отбасына мемлекет тегін үй берсе де жарасады дейді халық қалаулысы.

Қазақстан — тәуелсіз мемлекет. Барлық шешімдерімізді көршіге қарап көшіріп басу еліміз үшін үлкен сын. Алайда біздің қоғамда бекітілген құжаттардың көпшілігі кеңестік дәуір кезінде қабылданғаны, әлі де қазіргі жағдайға қарай өзгертілмегені дұрыс емес дейді мәжіліс депутаты.

«Мысалы 5 баласы бар ана біздегі заңнама бойынша 53 жаста зейнетке шыға алады. Оның да бірнеше талабы бар. Кішкентай баласы 8 жасқа толған кезде ғана зейнетке шығу мүмкіндігі туады. Бұл қалай есептеледі деген депутаттық сауалыма үкіметтен келген жауапта «Кеңестік дәуір кезінде осылай есептелген, құжат қабылданған» делінген. Біз тәуелсіз мемлекет бола тұрып, қазір не үшін өткеннің жолымен жүруіміз керек? Екінші мәселе, алтын алқа, күміс алқа атағына қол жеткізу үшін де барлық балалары тірі болуы және кіші баласы кемінде 1 жасқа келуі керек деген талап бар. Ол неге негізделген?», — дейді мәжіліс депутаты.

Министрліктен келген жауаптар неге негізделген деген сұрақтарға әлеуметтік төлем департаментінің директоры жауап бере алмады. Бюджеттік есептен асып кете алмайтыны да түсінікті.

Жетім балалар қоғамға өзінен-өзі тасталып жатыр ма?

Елімізде 21 мыңнан аса жетім бала бар. Балалар үйінен шыққан балаларды әлеуметтендіру үшін не жасалып жатыр?

Жетім балалардың мәселелері шешіліп жатқан жоқ. Кезінде жетім балаларға тегін баспана берілетін. Қазір берілмейді. Жалдамалы немесе ипотекаға үй алу үшін жетім бала бірінші тізімде болуы керек, екіншіден кезекке тұруы шарт. Балалар үйінен шығарып салған соң, оларды оқу орнына орналастырады да, кейін олардың жағдайы не болып жатқаны қадағаланбайды дейді мәжіліс депутаты.

«Колледжге түсіп, жатақханаға орналасқан баланың ертеңгі күні не болып жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Оқуын бітірген соң ол бала қайда барады? Үйі жоқ, күйі жоқ бала пәтер алу үшін 3 жыл бір жерде тіркеуде болуы керек. Оны кім тіркейді? Сондықтан жетім балалардың пәтерге қол жеткізуі өте қиын. Қазір кезекте 62 мың бала тұр. Осылайша тұрақты табысы жоқ, үйі жоқтық мәселелерінің салдары өте ауыр. Несиеге кіріп кеткен, қарызға белшесінен батып кеткен. Салдарынан алаяқтар мен қылмыскерлердің жаман жолына түсіп кетуі мүмкін. Оқуға түскен, бірақ жағдайы жетпегендіктен, оқуын тастап, ақша табу үшін жұмыс іздеп кеткен балаларды да білемін. Балалардың болашағын ойласақ, олардың оқуын оқып жатқанын қадағалап, бітіргенше көмектесіп, жанында ақыл беруші бір ұстазды бекіту жолдарын қарастыруымыз керек», — дейді Гаухар Танашева.

Қазір балалар үйіндегі жетім бүлдіршіндердің саны — 4000. Асырап алған балалардың саны — 175. Алған балалардың 70 пайызы қайтарылып жатыр. Ондай балалардың саны жыл арта өсуде дейді мәжіліс депутаты. Себебі балалармен жұмыс жасалмайды, оларды шынайы өмірге дайындамайды. Тек асырап алуға ниет еткен азаматтар белгілі сабақтардан, курстардан өтеді. Оның өзінде асырап алуышлар да асырап аламын деушілер де аз. Оларға қолдаудың болмай тұрғаны оның басты себептерінің бірі.

«Мен өзіп асырап алу кезінде төрт ай жүгірдім. Сотқа да, құжаттармен де әурешілік жетеді. Асырап алуға ниет білдіргендердің жұмысын жеңілдету керек. Қолдау шараларын көбейту керек. Бұл жауапкершілікті азайту керек деген сөз емес», — деді Гаухар Танашева.

Жетім балалардың мәселесіне келсек, бала әлеуметтену тұрғысында қамқорсыз қалады. Сәйкесінше қиындықтарға тап болады, амалы жоқтан қылмыскерлер мен алаяқтар өздеріне тартуы мүмкін. Салдарынан қылмыскерлердің алдыңғы қатарында жетім балалар тұрады. Қоғамның пікірі көпбалалы аналардың құрметі төмендегені сынды өзгереді.

Қазақстан халқы 20 миллионға жеткен кезде, әлеуметтік сала қызметкерлері бір секундта туылған төрт баланы бірден тауып алып, сүйінші хабарды жеткізгені халықтың есінде. Яғни, қай отбасында қанша бала бар екенін білу қиындық туыдырмайды. Тек мерекелік күндері ғана телекамера қосылған уақытта жүгіріп аналарға гүл сыйлып, құрмет танытпай, 4 баласын дүниеге әкелген анаға гүлін беріп, көпбалалы ана танып, перзентханадан шыққан сәттен бастап алқасын да, дәрежесін де беретін болса еліміздің мәртебесі артатыны сөзсіз.