Бұл туралы ол Threads желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Қырғыздар “Рэкетирді” прокаттан алып жатқанда, біз ӨЛІКТЕРДІ ЗОРЛАҒАН қырғыз киносын көрсетіп мәзбіз. Менің сөзім кейбіреулерге арандатушылық ретінде көрініп қалған сияқты. Бірақ мен мұнда қырғыз халқына немесе қырғыз киноөндірісіне ешқандай жағымсыз көзқарас білдірген жоқпын.Керісінше, Қырғызстанда киноға деген талаптың жоғары екенін көрсеткім келді. Олар белгілі бір моральдық және этикалық нормаларға сай келмейтін фильмдерді экранға шығармауға тырысады. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай сүзгі әлсіз. Қоғамдық құндылықтар мен көрерменнің тәрбиесіне әсер ететін дүниелерді таңдау жағы ақсап тұр», — деп жазды журналист.
Фильм не туралы?
«46 түн» — 90-шы жылдары 28 жыл бойы өлген 46 әйелдің мәйітін зорлаған қылмыскердің оқиғасын арқау еткен қырғыстандық фильм. Михаил Лукьянов есімді маньяк әуелі өз әйелінің өлі денесін зорлаған. 30 жылға жуық бейіттерді аралап өмір сүрген маньякты Ресей, Қырғызстан, Қазақстанның милиция қызметкерлері ұзақ жылдар бойы ұстай алмаған. Өмірде болған шынайы оқиғаға негізделген кино прокатқа 13 ақпанда шыққан. Үлкен экранға шыққанына 10 күн өтсе де, әлі күнге дейін киноны тамашалауға асыққан қазақстандықтардың қатары азаяр емес. Ең қызығы немесе сорақысы, бұл фильмнің кинотеатрларда тек қазақ тілінде көрсетіліп жатқаны. Сондай-ақ, сеанстар да кешкі, көпшілікке ыңғайлы уақытқа қойылған. Мұндағы мақсат не? Аталмыш фильмді тек қазақ тілді аудиторияға ыңғайлағанын қалай түсінеміз?
Бұған дейін қазақша дубляждалған Walt Disney анимациялық студиясының мультфильмдерінің сеанстары өте аз болып, болса да түскі уақыттарға қойылып қазақ балалары әлемдік туындыларды ана тілінде көре алмай қор болған еді. Ал, жауыздық пен зорлық-зомбылықты ашық көрсеткен қырғыз киносы қазақ көрерменін сеанстан еш «қыспапты».
Қырғыздар «Рэкитер 3» фильмін неге көрмейді?
Осы ретте айта кететін тағы бір жәйт, 21 ақпан күні қазақстандық «Рэкитер 3» фильмі қырғызстандық кинотеатрлардың бәрінен алынып тасталғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Мұндай шешімге не себеп болғаны белгісіз.
Ulysmedia.kz-тің жазуынша, бұған дейін депутат Бақтыбек Марипов қырғыз жоғары кеңесінің құқықтық тәртіп комитетінің отырысында Қырғызстанда бандиттік идеологияны насихаттайтын фильмдерді көрсетуге тыйым салуды ұсынған болатын. Ол «Черный двор», «Слово пацана», «Бригада» сияқты фильмдер жасөспірімдердің психоэмоционалды жағдайына теріс әсер ететінін атап өткен.