Эпилепсияны емдеу: Науқастар неге отандық ауруханаларға емес, Қытайға бет түзейді? - kaz.caravan.kz
  • $ 517.16
  • 588.48
+17 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Эпилепсияны емдеу: Науқастар неге отандық ауруханаларға емес, Қытайға бет түзейді?

Эпилепсияны емдеу: Науқастар неге отандық ауруханаларға емес, Қытайға бет түзейді?

Қытайдың экономикасы ғана емес, медицинасы да жылдам қарқынмен дамып келе жатыр. Емі жоқтай көрінетін эпилепсия, яғни талма ауруын да Қытайда емдеп жатыр екен.

  • 16 Сәуiр
  • 13
Фото: Caravan.kz

Ал Қазақстанда эпилепсиямен ауыратындардың статистикасы дұрыс қалыптаспай келеді. Медицинаның бұл саласы елімізде аса дами қоймаған және диагностика мен емдеу үшін білікті мамандар жетіспейді. Сaravan.kz медиа порталы тақырыпты тарқатады. 

Қытай тек экономика жағынан ғана емес, медицина саласында да қарқынды дамып келеді. Соның жарқын мысалы Үрімжі қаласындағы медициналық орталықтар. Соңғы жылдары бұл қала күрделі ауруларды, соның ішінде эпилепсияны (талма) емдеуде Орталық Азия елдерінің тұрғындары үшін қолжетімді және сенімді мекенге айналды. Қазір Қытайда, нақты айтқанда Үрімжіде ем алып жүрген қазақстандықтар саны артып келеді.

Неліктен Қытай?

Қытай медицинасында заманауи технологиялар мен дәстүрлі әдістер (мысалы, акупунктура, шөппен емдеу) үйлесімді түрде қолданылады. Эпилепсияны емдеуде олар: терең ЭЭГ-мониторинг, МРТ және КТ диагностикасы, нейрохирургиялық операциялар, медикаментозды терапия, генетикалық зерттеулер сияқты тәсілдерді пайдаланады.

Кейбір дәрі-дәрмекке көнбейтін эпилепсия түрлерін олар сәтті емдеп, науқастардың өмір сүру сапасын жақсартып отыр. Қазақстанда диагнозы анықталмаған немесе үміт үзген науқастар Қытайдан үміт іздеп баруда.

Қазақстанда жағдай қалай?

Эпилептолог Жасұлан Өтебековтың айтуынша, елімізде эпилепсия туралы ақпарат аз. Сондай-ақ елімізде эпилепсияға қатысты стигмы және дискриминацияның көптігінен адамдар емханаға тіркелмей, ем алмай жүре береді. Сосын науқастар денсаулық парағында эпилепсия барын көрсетсе, жұмысқа орналаса алмай жүреді немесе жұмыстан шығып қалады.

«Ең өзекті пробелма – мамандардың жетіспеушілігі, бұл жерде отандық дәрігерлердің өзі осы салада жұмыс істегісі келмейді, эпилептологияны ауыр сала деп есептейді, науқастармен жұмыс істеуге қызығушылығы өте төмен. Университет қабырғасында эпилепсия бойынша оқытатын мамандар да аз», — деді ол берген сұқбатында. 

Екінші бір қиындық – адамдарда эпилепсияға ұқсас басқа ұстамалардың болуы. Эпилепсияның имитаторлары – әлемде бар проблема, дүниежүзіндегі үлкен эпилепсиялық орталықтардың өзі 40-70 пайызға дейін қате диагноз қоюы мүмкін ауру түрлері бар. Көп жағдайда емге тоқтамады, жазылмады деген науқастарда эпилепсия болмай шығады. Ондағы негізгі пробелма жүрек ақауы болуы мүмкін, жүрек ырғағы, ағза тамырларының бұзылуы, гормоналды бұзылыстар, бүйрек үсті бездері, жыныс бездері, гипофиз, ұйқы бұзылыстары, қалқанша безі аурулары себеп болуы мүмкін. Әсіресе қазіргі жастар энергетикалық тәтті сусындарды шамадан тыс пайдаланса да ұстама болуы мүмкін.

Үшінші проблема – дәрі-дәрмектің жеткілікті көлемде болмауы. Әлемде эпилепсияны емдейтін 35 түрлі дәрі болса, елімізде соның 11-і ғана тіркелген. Оның өзі дұрыс емдеуге базалық кезеңде жеткілікті, бірақ эпилепсияның кейбір ерекше формалары тиісті дәрінің болмауынан асқынып кетуі мүмкін. Бұл ретте елімізде ұстамаға қарсы барлық дәрілер науқастарға тегін таратылатынын еске салған жөн.

Елімізде 2014 жылдан бері эпилепсия науқастардың қоғамдастықтары белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, көбінесе науқас балалар мен жасөспірімдердің ата-аналары құрған ұйымдар жұмыс істейді. Ал ересек науқастардың бірігуге ниеті өте төмен, сырқатты талқылағысы келетіндер аз, керісінше оларда ауруын елден жасыру, қорқыныш, үрей, ұялу басым болады. Бұл бағытта да науқастар қоғамын құрып, ұйымдастыруда көмектессек, әрі қарай өздері шараларды жүргізіп кетеді деген жоспарымыз бар.

Эпилепсия бойынша әлемде екі дата аталып өтеді. Біреуі – ақпанның екінші аптасы, халықаралық эпилепсия күні. Екінші күн – 26 наурыз, эпилепсия туралы хабар таралатын күлгін күн деп аталады. Бұл күндері халыққа эпилепсия туралы толыққанды мәліметтер беріледі.

Сонымен бірге, International Bureau for Epilepsy (ibe-epilepsy.org) сайтын ерекше атап өткім келеді, олар әлем бойынша эпилепсиямен ауыратын адамдардың құқықтарын қорғаумен айналысады. Біздің де науқастар қажет болса, шетелге шыққанда сол ұйымға жүгіне алады.

Көптеген науқастар неге отандық емханалар мен ауруханаларға емес, Қытайға бет түзейді? Бұған бірнеше себеп бар:

Диагностика мен технологияның жетіспеушілігі

Қазақстанда эпилепсияны толық әрі дәл диагностикалау үшін қажетті құрал-жабдықтар мен маманданған орталықтар тек ірі қалаларда ғана бар. Ал облыстық немесе аудандық деңгейде мұндай мүмкіндіктер шектеулі.

Мамандар тапшылығы

Нейрохирургия мен эпилептология – өте тар мамандықтар. Бұл салада тәжірибелі дәрігерлер саны Қазақстанда әлі де аз, әсіресе эпилепсияның күрделі, сирек кездесетін түрлерін емдеуге келгенде.

Жаңашыл емдеу әдістері баяу енгізіледі

Қытайда жаңа технологиялар мен әдістер клиникалық тәжірибеге тез енгізілсе, Қазақстанда бұл үдеріс баяу жүреді. Науқастар халықаралық деңгейде қолданылып жатқан ем түрлерін іздейді, ал олар кейде Қазақстанда қолжетімсіз.

Ем нәтижесіне сенімсіздік

Кейбір қазақстандықтар отандық медицинаға сенімсіздікпен қарайды. “Ауру анықталмай қалды”, “ем көмектеспеді” деген пікірлер науқастарды шетелге баруға итермелейді.

Бюрократия мен кезек көп

Тегін емделу үшін тіркеу, жолдама, кезек күту секілді процестер науқасқа уақыт жоғалтуға себеп болады. Ал Қытайда емханаға тікелей барып, жедел түрде тексерілуге мүмкіндік бар.

Статистика не дейді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер шарындағы халықтың шамамен 1 пайызы, яғни 50 миллионға жуық адам эпилепсиямен ауырады.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдегендей, қазіргі заманғы дәрі-дәрмектердің көмегімен науқастардың 70 пайызы талмадан толық арылуға мүмкіндік алады. Бұл дәрілер тиімді әрі уыттылығы төмен, адамның психикасы мен көңіл-күйіне кері әсер етпейді.

«Қазақстанда эпилепсия диагнозы қойылған 45 мыңнан астам адам бар. Олардың шамамен 40 пайызын – балалар құрайды. Бұл – аса алаңдатарлық көрсеткіш. Себебі жаһандық статистикаға сәйкес, эпилепсияға шалдыққандардың үштен екі бөлігі – 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Ал маман Жасұлан Өтебеков басқа статистиканы айтты. Ол 2023 жылғы берген сұқбатында 81 мың адам тіркелгенін айтқан. Айтуынша, Қазақстанда нақты статистикалық мәлімет жоқ немесе ондағы деректер шындыққа жанаспауы мүмкін.

«Денсаулық сақтау министрлігінде қазіргі таңда 81 мың адам эпилепсиямен ауырады деп тіркелген. Мұның ішінде балалар да қоса есептелген. Бірақ шын мәнінде көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін. Себебі әлемдік көрсеткіштерге сүйенетін болсақ, жалпы халықтың 1-2 пайызы эпилепсиямен ауыруы мүмкін. Яғни елімізде 18 млн халық болса, шамамен 180 мың адам эпилепсиядан зардап шегуі мүмкін. Қазір тіркелген 81 мың адам – бұл көрсеткіштің жартысы ғана», — деді ол сұқбатында.

Сонымен қайда емделген дұрыс?

Эпилепсияны емдеудегі жауапкершілік үш тарапқа жүктеледі дейді мамандар. Бірінші тарапта – дәрігерлер тұр, олар диагноз қойып, ем тағайындаумен шектеледі. Екінші тарапта – науқастың отбасы, жақын туыстары барынша қолдау көрсетіп, жәрдемдесуі керек. Үшінші тарапта жауапкершіліктің басым бөлігі адамның өзіне жүктеледі. Эпилепсияны жеңіл қабылдаса, күресу де жеңіл өтеді. Темекі тарту, қорқор шегу эпилепсияға тікелей әсер етеді, бақылаусыз терең тыныстар мидың қозуын күшейтеді. Әсіресе электронды темекінің, қорқордың дозасы жоқ, үздіксіз түтін тарту зиянды. Төрт пайыздан жоғары алкогольді ішімдіктер де эпилепсия ұстамасын күшейтіп жіберуі мүмкін. Сондықтан зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстап, барынша күтінгені жөн.

Қытай медицинасын таңдағандар нақты нәтижеге қол жеткізгенін айтса, Қазақстанда да даму бар. Ең бастысы өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, барлық мүмкіндікті зерттеп, дұрыс шешім қабылдау.