Тыйым салынған тауық еті елімізде неге еркін сатылып жатыр? Халық алаңдаулы - kaz.caravan.kz
  • $ 508.91
  • 594.36
-6 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тыйым салынған тауық еті елімізде неге еркін сатылып жатыр? Халық алаңдаулы

Тыйым салынған тауық еті елімізде неге еркін сатылып жатыр? Халық алаңдаулы

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Caravan.kz редакциясына келіп түскен хабарламаға сүйенсек, халық Қытайдан әкелінетін тауық етіне қатысты алаңдаушылық білдіруде. Олардың айтуынша, көптеген құс өнімдері еш бақылаусыз елге кіріп, еркін сатылып жатыр.

  • 6 Қаңтар
  • 610
Фото - Caravan.kz

Сондай-ақ өнімнің дайындалу жолы, қауіпсіздігі және ел аумағында қандай талаптармен сатылып жатқаны жөнінде орынды сұрақтар туындап отыр.

Caravan.kz тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Азаматтардың айтуынша, сауда орындары мен базарларда сатылып жатқан өнімдердің қаптамасында Қазақстан нарығына міндетті саналатын толық әрі түсінікті таңбалау жоқ. Өнімнің өндірушісі, импорттаушысы, сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімі туралы ақпараттың болмауы тұтынушылардың сеніміне дақ түсіруде. Себебі қаптамада қытайша жазылған ақпараттан басқа ешнәрсе көрсетілмеген. Сонымен қатар мемлекеттік бақылау тетіктерінің жұмысына қатысты да күмән тудырады.

Суретте өнеркәсіптік қаптамадағы терең мұздатылған тауық еті. Тіпті қазақша не орыс тілінде ақпарат жазылмаған, тек қытайда өндірілгенін көруге болады. Жазуларға сәйкес:

Өндірілген жері: Қытай (Циндао қаласы, Шаньдун провинциясы)

Компания атауы: Birimdik Company LTD / Qingdao Nine-Alliance Group

Халал сертификаты бар

Өнім терең мұздатылған

Қандай сұрақтар көтерілуде?

Редакцияға келіп түскен өтініштерде негізінен төмендегі мәселелер көтеріліп отыр.

Біріншіден, Қытайдан әкелінетін тауық еті Қазақстан аумағына тиісті рұқсат құжаттарынсыз, контрабандалық немесе «сұр» жолмен кіріп жатқаны туралы күдік бар. Бұл жағдай кедендік, санитариялық және ветеринариялық талаптарды айналып өтуге әкелуі мүмкін.

Екіншіден, азаматтар мұндай өнімдер халықтың денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал деп алаңдайды. Себебі өнімнің нақты шығу тегі, сақтау шарттары, сондай-ақ өндіріс барысында антибиотиктер мен басқа да қоспалардың қолданылған-қолданылмағаны жөнінде толық әрі ашық ақпарат ұсынылмайды.

Үшіншіден, арзан импорт отандық нарыққа елеулі қысым жасап отыр деген пікір бар. Баға демпингі салдарынан жергілікті құс шаруашылығы өнімдері бәсекеге төтеп бере алмай, ауыл шаруашылығы саласының дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Төртіншіден, қоғамда аталған өнімдер Ауыл шаруашылығы министрлігі мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың жүйелі бақылауынан тыс қалып отырғандай әсер бар. Осыған байланысты өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі қалай және қандай деңгейде тексерілетіні жөнінде сұрақтар туындап отыр.

Маркетплейстердегі сұмдық

Ең күмән тудыратыны — аталмыш мұздатылған тауық еті базарларда ғана емес, маркетплейстерде және хабарландыру сайттарында да еркін сатылып жатыр. Мысалы olx.kz сайтында іздеп көрсеңіз, Бейжіңнен жеткізілген тауықтың еті көтерме түрде арзан сатылып жатыр. Бағасы — 1530 теңге. Өнім тек қаптамада, мұздатылған күйде сатылады. Сипаттамасында «халал» деген белгісі бар, ал құрамы, сақталу мерзімі туралы ақпарат жоқ.

Мемлекеттік бақылау қалай жүзеге асуы тиіс?

Қазақстан Республикасында құс етін импорттау және сату санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық және техникалық регламенттер арқылы реттеледі. Импортталатын өнімдер белгіленген талаптарға сай келіп, міндетті тексерулерден өтуі тиіс.

Айта кетейік, елімізде 2012 жылдан бастап Қытай Халық Республикасынан құс еті және барлық түрдегі құс өнімдерін әкелуге тыйым салынған. Прокурорлар мәліметі бойынша, бұл өнімдер ірі көлемде елге әкелініп жатыр. Мысалы 2024 жылы 37 тонна тыйым салынған құс еті жойылған. 2025 жылдың соңында @Koza4kov_bot каналында жарияланған видео қазақстандықтарды әбігерге салды. Шекарада тексерілген фуралар құжаттарында көкөністер мен жемістер бар деп көрсетілген, ал шын мәнінде Қытайдан тауық етін әкелуге әрекет жасалған. Тауық еті өте мұқият оралған, тіпті «халал» деген жазуы бар.

2023 жылы жалпы елге шамамен 9 мың тонна тыйым салынған өнім жеткізілген, оның бір бөлігі Шымкентке түскен. Әсіресе тауарлар Жамбыл облысындағы «Қарасу» және «Сыпатай Батыр» шекаралық өткізу пункттері арқылы әкелінеді. Бұл мәселені Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде прокурор көтеріп, шекаралық бақылау проблемасы әлі деөзекті екенін ресми түрде растады. Бас прокуратура 200-ден астам ұсыныс жасап, 500-ден астам ветеринар жауапқа тартылған, кейбір істер бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұл мәселе тек экономикалық зиянмен шектелмейді. Белгісіз тауық еті базарлар мен дүкен сөрелеріне түседі, мейрамханалар мен кафелерде тағамдарға пайдаланылады. Бұл адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді, себебі ешкім еттің қауіпсіз екенін растай алмайды. Сонымен қатар, контрабандалық өнімдер бағасы заңды өндірушілерге қарағанда арзанырақ, бұл шағын және орта бизнеске зиян келтіреді, ал пайда тек контрабандистерге тиеді.

Алайда бұл анықталған деректер ғана. Прокурорлар заңсыз өнімдерді анықтау жұмысы жалғасып жатқанын және құқық бұзушылықтардың саны тек өсіп келе жатқанын атап өтті. Тиісті органдар сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларын Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ветеринарлық-санитарлық талаптар мен шектеулерді қатаң сақтауға шақырады.

«2012 жылы Қытайдан тауық етін әкелуге тыйым салынғаны бекер емес, бұл халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін қабылданған шешім», — деп жазды @Koza4kov_bot каналы.

Шатастырып алмаңыз! 

Қызық жайт, Қытай 2024 жылдың ақпан айында Қазақстаннан құс өнімдерін импорттауға қойылған шектеулерді алып тастады. Айта кетейік, шектеу 2005 жылдан бер қолданыста болған. Бұл қазақстандық құс өнімдерінің Қытай нарығына шығуына мүмкіндік берді. Бұл өзгерістің Қытайдан Қазақстанға құс әкелу ережелеріне ешқандай қатысы жоқ.

Редакцияның ұстанымы

Жоғарыда аталған сұрақтарға нақты жауап алу мақсатында редакция Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне ресми журналистік сауал жолдады. Сауалда Қытайдан импортталатын құс етіне қойылатын талаптар, зертханалық тексеру тәртібі, таңбалау нормалары және жауапты мемлекеттік органдардың құзыреті жөнінде түсіндірме беру сұралды.

Материал қоғамды ақпараттандыру және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында әзірленді. Комитеттен ресми жауап алынғаннан кейін редакция оны қосымша жариялайтын болады.