Қызылорда облысында жас жігіт 15 жасар әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды - kaz.caravan.kz
  • $ 529.99
  • 546.63
+1 °C
Алматы
2025 Жыл
21 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қызылорда облысында жас жігіт 15 жасар әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды

Қызылорда облысында жас жігіт 15 жасар әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды

Қызылордада облысында жас жігіт өз әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды.

  • 21 Қаңтар
  • 187
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Информбюроға сілтеме жасап хабарлайды.

Өйткені ата-аналарының рұқсатымен молдаға некесін қидырып алған жары 15 жаста болған. Сол себепті 21 жастағы тұрғын жасөспірімді жыныстық қатынасқа итермеледі деп айыпталған. Қазір қос ғашықтың өмірі астаң-кестең болды деген ата-аналар әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. Олардың айтуынша, ғашықтардың қосылуына туыстары қарсы болмаған.

Үлкендердің ақ батасын алып, имамға некесін қидырған соң ата-аналары қос ғашықтың үйлену тойын дүркіретіп жасаған. Кейін 15 жастағы Аяла жүкті болып, дәрігерге көрінген екен. Емханадағылар бұл ақпаратты полицейлерге жеткізіп, бақытты боламыз деген ерлі-зайыптылардың өмірі күрт өзгеріпті.

ГҮЛБАНУ ӘШІРБАЕВА, сотталушының анасы:

— Угроза, бала түсіп қалатын қаупі бар деген соң УЗИ-ге түсірдік барып. Бір аптадан кейін РОВД-ға шақырды. Содан тергеу басталды. Үш ай баламды тергеуді сандалтып. Мынау әншілердің қызы кетіп жатыр ғой. Қанша әншілердің қыздар кетіп жатыр ғой. Оларға заң жоқ та бізге келгенде заң бар ма? Педофил қылып көрсеткен баламды, содан 12 жылға соттап жіберді.

Яғни Нұртілеу Ибрагимов кәмелетке толмаған қызды төсек қатынасына тартты деп айыпталған. Сотқа жұбайы жәбірленуші ретінде қатысқан екен. Бірақ Аяла Жүрсін әлі күнге дейін күйеуінің үйінде тұрып, келіндік міндетін атқарып жүр. Ол өз еркіммен тұрмысқа шықтым деген сөзімді судья да, құзырлы орган өкілдері де елемеді деп күйінеді.

АЯЛА ЖҮРСІН, сотталушының жары:

— Мен бұл үкімге келіспеймін, күйеуімді босатып беріңдер дедім. Мысалы былай қарап отырсақ, 15 жастан үйленіп жатқандар көп қой. Бірақ солар бақытты болуға лайық та, именно біз неге бақытты болуға лайық емеспіз деген мен де сұрақ қой. Не үшін менің күйеуім жазықсыздан жазықсыз түрмеде отыр.

Ал үкім былтыр қараша айында шыққан. Бұл іс жабық түрде қаралған екен.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты:

— Нұртілеу Ибрагимов ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған педогогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойы айыра отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Аппеляциялық сотта да 21 жастағы жігіттің жақындарының шағымы қанағаттандырусыз қалған. Екі жастың өміріне алаңдаған ата-аналар әділдікке қол жеткізу үшін енді жоғары сотқа жүгінбек.