Лицензияланатын қызмет түрлерінің санын қысқару жұмысына кәсіпкерлер араласпай отыр деген ҚР экономика министрінің тұжырымына негіз жоқ - Алматы кәсіпкерлерінің қауымдастығы - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+30 °C
Алматы
2024 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Лицензияланатын қызмет түрлерінің санын қысқару жұмысына кәсіпкерлер араласпай отыр деген ҚР экономика министрінің тұжырымына негіз жоқ - Алматы кәсіпкерлерінің қауымдастығы

Лицензияланатын қызмет түрлерінің санын қысқару жұмысына кәсіпкерлер араласпай отыр деген ҚР экономика министрінің тұжырымына негіз жоқ - Алматы кәсіпкерлерінің қауымдастығы

ҚР экономика министрі Қайрат Келімбетов жуырда сөйлеген бір сөзінде еліміздің кәсіпкерлері лицензияланатын қызмет түрлерінің санын қысқару жұмысына араласпай отыр деген пікір айтты. Министрдің олай деп айтуына ешбір негіз жоқ,- деп мәлімдеді бүгін, 30-қаңтарда Қазақстанның әкімшілік заңнамасын талқылауға арналған конференцияда Алматы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Виктор Ямбаев.

  • 30 Қаңтар 2004
  • 584
Фото - Caravan.kz

В.Ямбаевтың айтуынша, «кәсіпкерлер қоғамдастығы барлық мемлекеттік мекемелермен тұрақты ақыл-кеңестер өткізіп тұрады». Мемлекет басшысы лицензияланатын қызмет түрлерінің санын қысқару туралы тапсырма берген кәсіпкерлер форумының алдында бизнесті көлеңкеден шығаруға қатысты хаттар барлық жауапты мекемелерге жіберілген. «Біз бұл хаттардың жүзеге асқаны түгілі тіпті әдеттегідей бірауыз жалтарма жауап та алмадық»,- деді В.Ямбаев. Оның айтуынша, форумда «мемлекет басшысы мен кәсіпкерлерден басқа мәселеге жаны ауыратын жақ байқалған жоқ». Алматы кәсіпкерлер қауымдастығы президентінің пікірінше, бұл ахуалдың өзгере қоятын түрі көрінбейді : мемлекеттік мекемелер кәсіпкерлерге қолұшын берудің орнына, түрлі тосқауыл шараларын ойлап табуға бағытталған үйреншікті әдетінен айни алмай отыр.

Қазақстан кәсіпкерлері форумының атқарушы директоры Тимур Назхановтың өз сөзінде атап көрсеткеніндей, кәсіпкерлердің басым көпшілігі еліміздің әкімшілік заңнамасының жобасын жасаушылар «кәсіпкерлерден мейлінше көбірек ақша саууды» басты мақсат тұтқан сыңайлы деген пікірде. Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі Кодексте «экономикалық санкцияларды қоса есептегенде түрлі санкциялардың саны айрықша көп. Бұл еліміздің қазіргі ахуалында сыбайлас жемқорлық үшін алғышартқа айналып отыр»,- деді Т.Назханов. Оның айтуынша, «құқық қорғау мекемелері мен соттар Әкімшілік заңның баптарына өз білгенімен түсінік беруде». «Кейбір мекемелер кәсіпкерлікті тексерудің өзін бизнеске айналдырып отыр»,- деді Қазақстан кәсіпкерлері форумының атқарушы директоры.
Т.Назхановтың пайымдауынша, еліміздің заңдарына көп кешіктірмей өзгерістер енгізіп, бақылаушы мекемелердің жұмысын реттеу қажет. Бұл кәсіпкерлер жұмысын мейлінше жеңілдететіні сөзсіз. Т.Назханов кейбір орталық бақылаушы мекемелердің функциясын жергілікті жерлерге беру, түрлі тексерулерден түсетін кірістің бөліну принципін қайтадан қарау, тексеруші мекемелердің бағалау критерийлерін өзгерту арқылы жалпы бақылаушы мекемелердің құқықтық мәдениетін арттыру туралы ұсыныс жасады. Оның пікірінше, тексеруші мекемелердің құқығы мен міндеттерін нақтылай түсетін біртұтас заң қабылдау қажет. «Бақылаушы мекемелердің санын әсіре көбейту қоғамдық бастамаға тежеу болып, сыбайлас жемқорлық пен бюрократияның гүлденуіне апарып соғады»,- дейді Қазақстан кәсіпкерлері форумының атқарушы директоры.
Бүгінгі бас қосу соңында кәсіпкерлер Елбасының атына мәлімдеме қабылдап, онда еліміздің әкімшілік заңнамасын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салмақшы.