Алмалы аудандық сотының судьясы Болатбек Загиев липосакциядан көз жұмған Дана Агамұрадованың өлімі бойынша істі апелляциялық инстанцияға жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұның алдында сот адвокат Зинұр Бектеновтың істі доғару туралы өтінішін қанағаттандырмай қойған еді. Осыған байланысты адвокат жеке шағым түсірді. «Бас сот талқылауында бұлтартпау шарасы бойынша қаулы шығады. Біз біршама уақытқа үзіліс аламыз. Іс Алматы қалалық сотының апелляциялық коллегиясына бағытталады»,- деді судья. Естеріңізге сала кетейік, Украина азаматшасы Дана Агамұрадова Алматыда іш майын алғызу үшін липосакция жасатпақ болып, жекеменшік емханалардың бірінде ота жасатқан. Отадан соң 6 сағат өткенде Дана есін жимастан көз жұмған. Дәрігерлердің айтуынша, пациент май түйіршіктерінің өкпе тамырларын бітеп қалуынан көз жұмған. Отаны жасаған пластикалық хирург Дмитрий Писарев қазір сот алдында жауап беріп жатыр. Дәл осы хирургтың қолынан биыл қарашада тағы бір әйел көз жұмған. 30 жастағы Лаура Ізбасарова пластикалық ота жасатып, омырауын тарттырмақ болған. Бұл қылмыстық оқиғаны да полиция тексеруге алды. Осы аптада 44 жастағы әйелдің пластикалық отадан кейін қайтыс болғаны белгілі болды. Әйелге отаны «Moskva deLux» емханасының хирургы Роман Алферов жасаған.