Жарияланды: 370

Ливияның бұрынғы басшысы М.Кадаффи Н.Назарбаевқа неге хат жолдады?

Ливияның бұрынғы басшысы осыдан жиырма жыл бұрын Назарбаевқа неге хат жолдады? Ал Елбасы Муаммар Каддафидің ұсынысынан не үшін бас тартты? Қазақстан жетекшісі Джордж Вашингтон Махатма Ганди, Ататүрік секілді әлемдік көшбасшылардың есімімен неге байланыстырылады?Осындай сауалдарға бүгін алғаш рет «Назарбаев оқуларына» жиналған ғалымдар мен саясаткерлер жауап табуға тырысты. Бұл іс-шара биыл 1-ші желтоқсан тұңғыш президент күніне орай ұйымдастырылып отыр.

«Назарбаев оқуларында» Қасымжомарт Тоқаев бұған дейін еш жерде айтылмаған саяси құпияның бетін ашты. Сөйтсек, Ливияның тақтан қуылып кейін көтерілісшілер қолынан қаза тапқан бұрынғы басшысы Муаммар Каддафи осыдан 20 жыл бұрын  Нұрсұлтан Назарбаевтың атына үшбу хат жолдаған екен. Онда әріптесіне Қазақстандағы ядролық қаруды сақтап қалайық деп қолқа салыпты. Тіпті оны ұстап тұруға миллиардтаған қаржылық көмек беруге де уәде еткен көрінеді. Бірақ Елбасы мұндай көмектен үзілді кесілді бас тартқан.

Қасымжомарт Тоқаев, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:

- Менің ойымша кез келген жауапсыз саясаткер үшін осындай бай мемлекеттер тарапынан жасалған жомарт ұсыныстар әлдеқайда тартымды көрінуі мүмкін еді. Нағыз мемлекет қайраткері қарапайым саясаткерден әлдеқайда ерекшеленеді. Сондықтан  Нұрсұлтан Назарбаев дана басшы ретінде ядролық қарудан бас тартып, адамзатты жаппай қатерден құтқарды. Семей сынақ полигонын жауып өзгеге үлгі бола білді.

Осындай сенсациялық мәлімдеменің авторы қажет болса Каддафидің жолдаған хатын жариялауға болады дейді. Осыдан соң ол Назарбаевқа әлемде «балама» жоқ деп салды. Тоқаевтың бұл сөзі дем берген болар мінберге шығып сөз алғандар президентті Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Ататүрік секілді аты әйгілі көшбасшыларға теңеп жатты. Ал  тұңғыш рет ұйымдастырылған «Назарбаев оқулары» «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» деген тақырыпта өрбіді. Оған Хорватия мен Румияның экс-басшыларымен қатар дүниежүзінің 51 елінен келген ғалымдар қатысып жатыр. Соның бірі Оңтүстік Кореядан келген Сон Ен Хун. Орта Азияны зерттеумен айналысып жүрген ол Қазақстанның жетістігін бес саусағындай біледі.

Сон Ён Хун, Ханкук университетiнiң профессоры (Корея): 

- Тәуелсіздік алғаннан кейін қысқа мерзімнің ішінде Кеңестік жүйеден шығып Қазақстан атаулы мемлекет болғанын көріп отырмын. Көтерілгенін көріп отырып Қазақстан президенті Назарбаевтың бастамасымен және халықтың қолдауымен жеткен деп ойлаймын.

Әрине, бұл жыр сайысы емес, тәуелсіз мемлекет құрудағы Назарбаевтың ерен еңбегі мен сарабдал саясатын нақты деректерге сүйене отырып сөз ету. Орайы келгенде  шетелдік меймандар да тосылып қалмады.

Лорд Джон Уэверли, Қазақстанмен Парламентаралық байланыс жөніндегі топтың төрағасы (Ұлыбритания):

- Бар болғаны 20 жылдың ішінде Қазақстан халықаралық қауымдастықтан ойып тұрып өз орнын алды. Экономикалық даму қарқыны жағынан  Орталық Азияда көш бастап тұр. Сондықтан 2017 жылы  Экспо көрмесінің  өтетін жері болып Астананың таңдалуы да кездейсоқ емес.

Виктор Садовничий, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры:

-Мұндай дәрежеге жету әркімнің басына бұйыра бермейтін бақыт. Мен Назарбаев оқулары Мәскеудегі Ломоносов оқулары секілді дәстүрлі шараға айналады деп сенемін.

Жиналғандардың пікірінше  Назарбаев болмысын бір форум аясында толық ашу мүмкін емес. Ал бүгін ұлт лидерінің атына мақтау айтылған  «Назарбаев оқуларының» бірінші күні тура  8 сағатқа созылды. Ол ертең де жалғасын таппақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін